COVID-19 

Екінші толқынның елге әсері қандай болмақ?

Облыс бойынша қоғамдық орындарда санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың жаппай қатаң сақталуына бақылау күшейді. Барлық елді мекенде, қалалар, кенттер мен ауылдық округтерде сақтық шараларын назардан тыс қалдырған  азаматтарға шара қолданыла бастады. Өйткені әлемді әбігерге салып отырған жұқпалы ауру СOVID-19 босаңсығандарды аямайтынын биылғы жаз айы анық байқатты.

Биылғы жыл басынан бері күллі дүниені күйретердей екпінмен келген коронавирус шын мәнінде еліміз үшін ауыр болғаны рас. Аты жаман індеттің бірінші толқынынан өткенімізбен, алда әлі қауіп сейіле қойған жоқ. Енді екінші толқыннан қалай өтеміз? Бастысы, бірінші толқыннан ауданның денсаулық сақтау саласы сабақ алды ма? Жалпы, екінші толқынға дайындығымыз қалай!?

–Бірінші толқында КВИ ауруымен тіркелгендер саны 573, оның ішінде симптомдары бар КВИ  175, симптомсыз КВИ  398 болды. Ауданға басқа жерден келіп тіркелгендер саны  53, оның ішінде 42 адам «KazMinerals» компаниясынан, бір студент Ресейден, бір студент Нұр-Сұлтан қаласынан, бір адам Көкшетау қаласынан келген, сегіз  «IGG» компаниясының қызметкерлері. 88 адам ауылдық жерден тіркелген.  Ал сауығып шыққандар  552 адам болса, өкінішке қарай алты адам көз жұмды. Бұл бірінші толқында болған жағдай, –дейді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Руслан Абай.

Дегенмен, өткеннен қорытынды шығара білген ауданның осы салаға жауапты адамдары екінші толқынға тыңғылықты дайындықпен келгенге ұқсайды. Қазіргі уақытта ауданаралық ауруханада 45 төсек қойылған. 175 провизорлық төсек, «Қазығұл» емдеу мекемесінде 65 төсек, әскери госпитальда 150 төсек, барлығы 435 төсек-орын қою жоспарланған. Ауруханада вирусқа қарсы қолданылатын дәрілер, антибиотиктер, гормональды дәрілер, антикоагулянттар жеткілікті, бір айға жететін қор бар.  Сондай-ақ COVID-19 ауруымен ауырғандарды амбулатория жағдайында тегін емдеуге «Прадакса», «Риварокс», «Эликвис» атты дәрілер  (антикоагулянттар) мен пневмонияны  емдейтін антибиотиктер бар. Коронавирус ауруының бірінші толқынында алты ӨЖЖ аппараты жұмыс істеді. Таяуда ғана облыстық денсаулық басқармасы арқылы тағы да қосымша үш ӨЖЖ аппараты алынды, 74 концентратордың 48-і орталық ауруханада. Жуырда ғана оттегі станциясы  жеткізілді. Бұл станциядан 50 нүктеге оттегі беріледі. Барлық медициналық құралдар жұмыс істеп тұр. Медицина қызметкерлері қажетті қорғаныс құралдарымен қамтылған.  Қазір мұнда бетперделер саны 7500, 3000 респиратор, бір рет қолданылатын ПЧК  600, көп рет қолданылатын  ПЧК 250, қолғаптар  9000, комбинезондардың саны–  400.

Жалпы, орталық ауруханада КТ (компьютерлік томография) кабинеті жұмыс істейді. Өткен уақыт ішінде 2559 компьютерлік томографиялық тексеру жасалды, оның ішінде тыныс алу мүшелеріне – 422. КТ бойынша анықталған КВИ  107 болды. Сол сияқты ауданымызда төрт  рентген аппараты жұмыс істеп тұр. Бұдан өзге  жұқпалы аурулар бөлімінде жылжымалы стационарлық рентген аппараты жұмыс істейді.  Аудандық бұрынғы тубдиспансердің ғимаратында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жерде буферлі аймақ жасалмақ. Жөндеу жұмыстары қарашада аяқталады деп жоспарланған.

Қазіргі күні Аягөз ауданының әкімдігі, аудандық полиция бөлімі және аудандық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы қызметкерлерінен құрылған мониторинг топтар қаладағы сауда дүкендерін аралап, олардың иелері мен сатушыларға санитарлық нормаларды сақтау мен маскалық режимді қатаң ұстану қажеттігін, олай болмаған жағдайда жауапкершілікке тартылатындығы туралы  айтып, түсіндіруде.  Мониториг топтар қаладағы адам көп жиналатын басқосулар мен той-жиындар, іс-шаралар өткізілетін дәмхана, мейрамхана иелеріне қауіпсіздік шараларын қадағалап, адамның көп шоғырлануына жол бермеу туралы үнемі ескертіп келеді. Қауіпті індеттің алдын алу мақсатында атқарылып жатқан мұндай шаралардың, әлбетте, берері көп. Сондықтан да жаппай сақтық шараларын ұстанудың маңызы зор.

Қорыта келе айтарымыз, санитарлық-эпидемиологияқ сақтық шаралары басты орында болуы тиіс. Өйткені бұл өте-мөте сақтық пен ұқыптылықты, тазалық пен ыждаһаттылықты талап ететін кезең. Еліміз індеттен  аман болсын десек, ұрпағымыз аман-есен өсіп-өнсін десек, сақтанайық, ағайын. 

Берікхан Тайжігіт

Аягөз ауданы.

Осы айдарда

Back to top button