Екі мыңнан астам жас жарыс жолына шығады
Армысың, Универсиада! Ассалаумағалайкүм, Универсиада! Ару қала Алматының төріндегі қадамың сәтті болғай!
Иә, миллиондаған жанкүйерлердің жүрегін лүпілдеткен, атақ-даңқы, дәрежесі жөнінен тек Олимпиада ойындарына ғана жол беретін ХХVІІІ-ші Универсиада ойындары ару қала Алматының есігін қағып тұр. Енді үш күннен кейін 12 мың орындық «Алматы Арена» жабық стадионында Универсиада ойындарының салтанатты ашылуы өтеді. Оған әлемнің 59 мемлекетінен екі мыңнан астам студенттер қатысып, бақтарын сынамақ.
Қызығы мен шыжығы көп қысқы спортта шырайлы Шығыстың алар орны ерекше екені жанкүйерлерге белгілі. Шайбалы хоккейдің Отаны – Өскемен. Оны екінің бірі біледі. 1998 жылы Жапонияның Саппоро қаласында өткен Ақ Олимпиада ойындарында негізін Өскеменнің «Торпедо» командасы құраған хоккейшілеріміз айды аспанға шығарып, бесінші орынға тұрақтаған кезде әлем жұртшылығы таңдайын қақты. Тек шайбалы хоккей емес, фристайл, тау шаңғысы, шаңғы, биатлон, қысқы спорттың басқа түрлері де Кенді Алтайда қанат жайып келеді. Шығыстың шымыр ұл-қызы бұған дейін алты рет студент-жастардың Универсиада ойындарына қатысып, 33 медальды қоржынға салды. Оның 13-і алтын, оны-күміс, оны-қола медаль. Алматы төріндегі жылдың басты додасына Шығыстан 50 спортшы қатыспақ. Жанкүйерлер олардың есімімен таныс бола берсін деген ниетпен саңлақтар жайлы айта кетсек.
Фристайл: Юлия Галышева, Павел Колмаков, Дмитрий Рейхерд, Константин Горлачев, Александр Геберт, Никита Чарушин (резерв);
фристайл акробатика: Ақжол Заманбеков;
тау шаңғысы: Александр Костров, Захар Кучин, Екатерина Карпова, Алексей Сысоев;
шаңғы жарысы: Иван Люфт, Әсет Дүйсенов, Анжелика Тарасова, Марина Матросова, Екатерина Фисун;
биатлон: Галина Вишневская, Василий Подкорытов, Владислав Витенко, Елизавета Бельченко, Владислав Миропольский (қосалқы топта);
сноуборд: Ксения Тупик, Дарья Слободкина, Роллан Садықов, Дмитрий Егоренко;
коньки спорты: Эльвира Халикова;
шаңғымен тұғырдан секіру: Роман Ногин, Сергей Ткаченко, Станислав Анчугин (резерв);
шаңғы қоссайысы: Эльдар Орусаев, Вячеслав Бочкарев;
шайбалы хоккей: (ерлер) Сергей Кудрявцев, Александр Нурек, Виктор Ивашин, Станислав Зинченко, Михаил Рахманов, Никита Михаилис, Дмитрий Гренц, Кирилл Савицкий, Константин Савенков, Алексей Казначеев, Антон Петров;
шайбалы хоккей: (әйелдер) Дарья Дмитриева, Александра Полиенко, Александра Феклистова, Ксения Бушуева, Карина Фельзи, Александра Фук, Анастасия Орлова, Меруерт Рысбек.
50 спортшы, 50 үміт. Жерлестеріміз намыс туын жанып, Универсиада ойындарында барынша көп медаль алады деген үміттеміз. Облыстың басты газеті «Дидардың» үш бірдей тілшісі Оңдасын Елубай, Серік Әбілхан, Есімхан Орынбаев (фототілші) Универсиадаға қатысу үшін аккредитациядан (тіркеу) өтіп, Алматыға аттанып кетті. Құлағыңыз түрік жүрсін, жанкүйер. Ендігі жаңалықтарды солардан білеміз.
Оңдасын Елубай