Қоғам

Екі мыңнан астам өтініш түсті

Екі мыңнан астам өтініш түсті

Қазақстанда мүлікті заңдастырудың соңғы, төртінші толқыны жүріп жатыр. Ағымдағы жылдың 1 ақпанындағы деректер бойынша, облыста жылжымайтын мүлікті заңдастыру жөнінде 2198 өтініш тіркелген. Алайда, олардың ішінде қаржы капиталын заңдастыруға ниет білдіргендер жоқ. Облыстық ақпарат орталығында өткен баспасөз мәслихатында облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Игорь Шацкий мүлікті заңдастыру талаптарындағы өзгерістер мен оның артықшылықтары жайында мәлімдеді.
– Мүлікті заңдастыру кампаниясының жаңа талаптары біршама жеңілдетілген. Атап айтсақ, мүлік пен ақшаны заңдастыру мерзімі ұзартылды, бұрын мүліктің 10 пайызы көлемінде ұсталынатын заңдастыру жиыны да алынып тасталды. Сондай-ақ , өткен жылдың 15 қарашасына дейін мүлік жиынын төлегендер мемлекеттік кіріс департаментіне өтініш жазып, қаржысын қайтарып ала алады, – деді Игорь Шацкий.
Мүлікті дәл қазір жариялап алу өте тиімді, өйткені келесі жылдан бастап барлық қазақстандықтар кірістерімен қоса шығындарын да жаппай декларациялауға көшеді. Баяндамашының айтуынша, еліміздің экономикасының 40 пайызы көлеңкелі. Оны негізінен осы жарияланбаған мүліктер құрайды екен. Заңдастырылмаған дүниелердің қожайындарына ешқандай пайдасы жоқ, оны банктер де кепілдікке алмайды, несие берілмейді. Сондай-ақ, кәсіпкерлер палатасының директоры заңдастырылмаған меншікті кейін сатуға не басқа біреуге сыйлауға да болмайтынын ескертті.
Мүліктерін заңдастырғысы келетіндердің «ертең заңмен қудаланбаймыз ба» деп қауіптенетіндері жасырын емес. «Мүлікті жариялау туралы» жаңа Заңда ондай азаматтардың қылмыстық жауапкершілікке тартылмайтындары анық көрсетіліпті.
Игорь Шацкий өңірде мүлікті заңдастыруда кездескен кедергілер жайында айтқанда, басты назарды тұрғындардың дұрыс құлақтанбауына аударды. Сонымен қатар, осы уақытқа дейін келіп түскен өтініштердің 400-і қанағаттандырылмаған.
-Оның себептері әртүрлі. Мысалы, кейбіреулердің жылжымайтын мүліктері тұрғын үй салуға болмайтын жер теліміне салынған. Немесе заңдастырғысы келетін жер учаскесі тек жайылымға арналған болып шығады. Біз әр жағдайды жеке-жеке талқылып, мүмкіндігінше кеңес береміз, – деді кәсіпкерлер палатасының директоры.
Он тоғыз шығысқазақстандық екінші дәрежелі банктерден қаражаттарын, оның ішінде шетелдік есепшотта жатқандары да бар, қалай заңдастыру жөнінде кеңес сұрапты.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button