Руханият

Екі ұлттың арасындағы елшілер

Екі ұлттың арасындағы елшілер

Ол екеуінің танысуы да қызық. Көпшілік ғашықтар сияқты мерекелік кештер мен жиын-тойларда емес, Жезкент кентіндегі Орлов шахтасының еңбек майданында басталған-ды. Содан бері Дәурен мен Валентинаның жұптары жазылмай, тату-тәтті өмір сүріп келеді. Шаңырақ көтерді, маңдайы торсықтай бес баланы дүниеге әкелді. Бүгінде Ибраевтар отбасын Жезкент кентінде бәрі біледі, әрі құрметтейді. Жастар өнеге тұтады.
Бұдан бірнеше жыл бұрын жас жұбайлар өмірінде күтпеген жағдай болды. Балгер-көріпкел олардың отбасында үшем дүниеге келетінін, мемлекеттен үш бөлмелі пәтер берілетінін айтып сүйіншілепті. «Жақсы сөз жарым ырыс» екенін білсе де дәл сол кезде мұндай бақытқа қол жеткізу Дәурен мен Валентинаға қиял-ғажайып ертегідей көрінген. Бірақ артынан балгердің болжамы айна-қатесіз орындалды. 2014 жылдың тамыз айында тұңғышы Дарья он төрт жасқа, ал екінші қызы Ангелина он бір жасқа жеткенде аналары Темірлан, Равиль және Альбина атты үшемді өмірге әкелді. Бұл аталған кенттің тарихындағы тұңғыш үшем еді. Сөйтіп, Жезкенттегі көпке үлгі болған интернационал отбасы бір сәтте көпбалалы шаңыраққа айналды.
– Басында әрине, ауыр болды. Үш баланы бірдей бағып-қағу оңай шаруа емес қой. Дегенмен, ата-аналарымыз, туыстарымыз бен достарымыз көмектесіп, ақыл-кеңестерін беріп тұрды. Әлі де керек кезде көмек қолын созады. Оларға алғысым шексіз, – деп ағынан жарылған Валентина пәтер сыйлап, қолдау білдірген мемлекетке де ризашылығын айтты.
Көпбалалы жанұяның қуанышын бөліскен Бородулиха ауданының әкімдігі Жезкенттен үш бөлмелі пәтердің кілтін табыс етсе, қоғамдық ұйымдар тарапынан бағалы сыйлықтар берілді. Бүгінде Дәурен мен Валентина балаларымен мемлекет берген баспаналарында тұрып жатыр. Ең бастысы, бұл шаңыраққа ырыс қонып, құт дарыған. Дастарқандары мол, үйлерінен қонақ үзілмейді. Ерлі-зайыптылар екі ұлттың өкілі болса да, бір-бірінің ұлттық құндылықтарын, тілін, дінін құрметтеп, шынайы махаббатпен өмір сүруде. Бойжетіп қалған екі қызы қазақ пен орыстың салт-дәстүрін жақсы біледі. Екі жақтың ата-аналары мен туысқандары да тонның ішкі бауындай араласып, құраласып кеткен. Мінеки, бірнеше жылдың жүзі болды құдалардың арасындағы сыйластық қарым-қатынас өзінің жалғасын тауып, нығая түскен. Ал «Отанның отбасынан басталатынын» ескерсек, Ибраевтар әулетіндегі бұл сыйластық еліміздегі тұрақтылық пен татулықтың іргетасын мықтай түсуге өз үлесін қосатыны айтпасақ та түсінікті.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button