Қоғам

Екі көрме қатар ашылды

Екі көрме қатар ашылды


Облыстық қорық-мұражайда өңірімізге әйгілі сәндік-қолданбалы өнер шеберлері Игорь Мартынин мен Наталья Баженованың мерейтойлық көрмесі және Өскемен, Семей өңіріндегі қолөнершілердің ғажайып туындылары топтастырылған «Күзгі калейдоскоп» көрмесі ашылды.

Қолөнерші, Қазақстан халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің медалімен марапатталған Игорь Мартыниннің айтуынша, оның қолынан шыққан бұйымдар өзінің жоғары сапасымен, қолайлылығымен ерекше құнды. Өз жұмысында ол тек қайыңның қабығы сияқты табиғи, экологиялық таза материалдарды ғана пайдаланады. Шебер қолынан шыққан қайталанбас бұйымдарды АҚШ, Канада, Германия, Франция, Израильден келген туристер мен меймандар қуана сатып алады. Ал он саусағынан өнер тамған шебер, бірнеше халықаралық фестивальдардың лауреаты Наталья Баженованың сүйікті ісі шиден өріп тоқу және құрақ тігу.

– Ондаған жылдар бойы сүйікті ісімен айналысып келе жатқан әйгілі қолөнершілердің бұл мерейтойлық көрмесіндегі бұйымдар жұртшылыққа қуаныш сыйлайды. Қолынан шыққан бұйымдары сол жағалаудағы «Шеберлер қаласына» көрік беріп тұрған Наталья Баженова арнайы шеберлік сыныптарын өткізіп, жастарға қолөнердің қыр-сырын үйретіп жүр, -дейді мұражай-қорық директорының көрме жұмысы жөніндегі орынбасары Тамара Быкова.

Көрмеде табиғи материалдардан жасалған мүсіншелер, әр түрлі көлемде тоқылған себеттер, құрақ көрпелер, үй театрына арналып тігілген киімдер, шығыс күнтізбесі бойынша алдағы жылдың иесі атанатын, шиден өріп тоқылған Тауық та көрме төрінен лайықты орын алыпты. «Өрілген тарих» және «Күзгі калейдоскоп» атты бұл екі көрмеде де өңіріміздегі сәндік-қолданбалы өнердің ең үздік шеберлерінің таңдаулы экспонаттары қойылған. Мұнда Өскемен ғана емес, Семей, Катонқарағай ауданы жұртшылығын қолөнерімен тәнті етіп жүрген хас шеберлердің 200-ден астам бұйымдарын тамашалауға болады.

Экспонаттардың жасалу әдістері де әрқилы. Ризығы мол алтын күздің кереметтері бейнеленген суреттер, бисерден тізілген әшекейлер, мата мен теріден жасалған бұйымдар, қуыршақтар мен ағаштан жасалған ыдыстар келушілерге жылулық сыйлап, көз қуантады.

Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button