Қоғам

Екі есе көп қаржы бөліп отыр

Екі есе көп қаржы бөліп отыр


Жол қатынасы, оның жөнделуі, салынған жолдың сапасы – бүгінгі басты мәселелердің бірі.Облысымызда жолдарды жөндеуге биыл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп қаржы бөлінбек. Жолдарды жөндеуге және оларды қайта салуға қарастырылған қаражаттың осылайша екі есеге дейін өсуі өңірішілік көлік қатынасын жандандыруы тиіс деп санайды облыс басшылығы.

Осы жылы облыстық дәрежедегі 120 шақырым жолды жөндеу жоспарланып отыр. Жөндеу жұмыстары Семей – Қарауыл, Бородулиха – Шемонайха және Мақаншы – Жалаңашкөл тас жолдарында жалғаспақ.

Сонымен қатар жалпы қашықтығы 88 шақырымды құрайтын аудандық маңыздағы жолдар және елдімекендер көшелері жөнделетін болады. Айталық, Өскеменде 25 км, Семейде 35 км, Риддер, Аягөз қалалары мен Жарма, Шемонайха аудандарында 28 км автожол қалпына келтірілуі тиіс биыл.
Мұнымен қоса, шекаралық аумақтарды өркендету және Марқакөлдегі туризмді дамыту мақсатында 4 шақырымдай Теректі – Ұранқай – Төсқайың жолы жөнделеді.

Облыс басшылығының айтуынша, биыл жолдарға барлық көздерден 82,3 миллиард теңге қаржы қарастырылып отыр. Басты міндет – аймақтағы қанағаттанарлық жолдардың үлесін 78,5 пайызға жеткізу.

Естеріңізге сала кетсек, былтыр облыстық маңыздағы 86 шақырым жол жөнделген болатын. Атап айтсақ, Алакөлге, Алтай Альпісіне, Жидебайға, Күршім өткеліне, Бородулиха мен Шемонайхаға апаратын жолдарға мән берілген-ді.

Бес автожол жобасы жүзеге асады

Инфрақұрылымдық дамытуға бағытталған «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша облыста Орталық – Шығыс дәлізін қайта құру жоспарланған. Оның аясында бес автожол жобасы жүзеге асады.

Елбасы Жолдауында жарияланған жобалар Ресейдің Сібір аймағынан Қазақстан арқылы Қытайдың Шыңжаң провинциясына қысқа жол ашуға мүмкіндік береді.

Орталық – Шығыс дәлізін қайта құру жалпы ұзындығы 161 шақырым құрайтын Омбы – Майқапшағай, Таскескен – Бақты, Өскемен – Зырян – Үлкен Нарын – Катонқарағай – Рахман қайнары бағытындағы автожолдарын жөндеуге мүмкіндік беріп отыр.

Сондай-ақ ағымдағы жылы шетелдік инвестиция есебінен республикалық маңыздағы Өскемен – Алматы және Қалбатау – Майқапшағай автокөлік жолдарын қайта жаңартуды бастау жоспарлануда. Оның нәтижесінде, жолдар деңгейі екінші техникалық санатқа ауыстырылады.

Ағымдағы жылы республикалық маңызы бар жолдардың 138 шақырым аумағын орташа жөндеу жоспарланған. Бұдан бөлек, Қазақстан-Ресей шекарасындағы Ауыл және Үбі бақылау-өткізу пунктерінде қосымша жолақтардың құрылысы жоспарланған. Бұл осы нүктелердің транзиттік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

Екі есе көп қаржы бөліп отыр

Орташа жөндеуге басымдық берілуде

Соңғы екі жылда аймақта жолдарды жөндеуге қатысты көзқарас түбегейлі өзгерді. Қазір күрделі қалпына келтіру жұмыстарынан гөрі, орташа жөндеуге басымдық берілуде. Бірінші кезекте демалыс орындарына апаратын, халық көп қатынайтын жолдар жөнделмек. Жалпы алғанда, былтыр жолдарды қалпына келтіру мақсатына 46 миллиард теңге бөлінген. Осындай жұмыстардың арқасында облыс аумағындағы 357 шақырым жол жөнге келтірілді. Ал биыл тындырылатын шаруа бұдан да көп. Сондықтан бүгінде қолда бар техниканың түгелін құрылыс жұмыстарына жұмылдыру керек.

2018 жылы республикалық маңызға ие Қалбатау – Майқапшағай, Алматы – Өскемен бағыттарындағы трассалардың кейбір учаскелерін қалпына келтіру жұмыстары да жалғасын таппақ.

Тағы бір айтулы жаңалық, биыл Өскемен мен Семей қалаларынан Жалаңашкөл станциясына пойыз жүретін болады. Сонымен бірге, облыстық бюджет есебінен жоғарыда көрсетілген теміржол бекетінен Қабанбай ауылына дейінгі автокөлік жолының жөндеуі аяқталады. Бұл өз кезегінде жаз кезінде Алакөлге демалуға келетін туристердің сапарын жеңілдетпек.

Алматы – Өскемен тас жолы 2022 жылы аяқталуы тиіс

Былтыр «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жолдарды жөндеу мақсатында 15 миллиард теңге қаражат бөлінген болатын. Аталмыш қаржы есебінен алты жоба қолға алынып, олар бойынша жұмыстар басталып та кетті. Олар Омбы – Майқапшағай жолының үш телімін, Таскескен – Бақты жолының бір телімін және Өскемен – Рахман қайнарлары жолының екі телімін жөндеуді қарастырады. Бұл жолдардың жалпы қашықтығы 177 шақырымды құрайды. Былтыр басталған жұмыстар осы жылы жалғасын таппақ.

Бұл істе ең басты назар жұмыстардың сапасына бөлінбек. «ҚазАвтоЖол» акционерлік қоғамы облыстық филиалы басшысының орынбасары Мүсілім Малғаждаровтың айтуынша, жолдардың сапасын аумақтық кураторлар бақылайды.

Республикалық маңыздағы Өскемен – Алматы тасжолының қайта құру жұмыстары да осы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында іске асырылмақ. Ең негізгі жолдардың бірі болғандықтан, көпшілік осы жолдың сапасына ерекше көңіл бөліп отыр.

Алматы – Өскемен жолының жалпы қашықтығы Алматы облысымен шекарадан бастап Аягөз, Қалбатау арқылы Өскеменнің өзіне дейін 458 шақырымды құрайды. Қазір жоба аясындағы жұмыстар басталған. Құрылыс 2022 жылы аяқталуы тиіс. Ауқымды жұмысқа 140-150 миллиард теңге қаражат қарастырылған.

Аталмыш жол облыстың Ұлан, Жарма, Аягөз және Үржар аудандарының аумағымен өтеді. Бұл телімде геодезиялық зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Топографиялық түсірілім жүргізілген телімдер бойынша жол жоспарын жобалау ісі басталған.

– Қазіргі кезде айналма жолдар үшін жерді уақытша бөлу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Өндірістік базаны Ұлан ауданындағы Ұлан ауылы маңына орнатуды жоспарлап отырмыз. Мердігерлер мен инженерлер кеңсесі Қасым Қайсенов кентінде орналаспақ, – дейді Мүсілім Малғаждаров.

Вставка:

Былтыр Дүниежүзілік экономикалық форум жолдары ең сапалы және сапасыз елдердің тізімінжария етті.137 елдің арасында Араб Әмірліктерінің жолы ең сапалы деп танылып, бірінші орынға қойылған. Екінші сатыда – Сингапур, үшіншіде – Швейцария.Ал Қазақстан 115-ші орында. Ресейдің жолдары бізден бір саты жақсы болса, бізден жолы жаман Қырғызстан, Украина және Молдова елдері екені анықталды.

Вставка:

Шығыс Қазақстан – еліміздегі жолдары ең ұзын өңір. Аймақтағы автокөлік жолдарының жалпы қашықтығы – 11 494,5 шақырым.
Оның ішінде:

республикалық дәрежедегі жолдар – 3 414 шақырым;
облыстық дәрежедегі жолдар – 3 186 шақырым;
аудандық дәрежедегі жолдар – 5 349,5 шақырым.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button