Қоғам

Екі елдің экономикасына серпін берді

Екі елдің экономикасына серпін берді


Ресейдің Челябі қаласында өткен Қазақстан менРесейдіңXIVӨңіраралық ынтымақтастық форумында облыс әкімі Даниал Ахметов баяндама жасады. Жиында қос тарап екі ел арасындағы шекаралық ынтымақтастық мәселелерін талқыға салды.

Әр форумға басты тақырып таңдалып алынады. Айталық, былтыр Астанада Еуразия кеңістігінің көлік әлеуетін дамыту мәселесі пысықталған болатын. Сол жиында Челябі облысының губернаторы Борис Дубровский келесі форумды Оңтүстік Оралдың басқаласында өткізуді ұсынған-ды. Челябі 2005 жылы да осындай форумды өткізген.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы Форумда бірыңғай еуразиялық еңбек биржасын құру бастамасын көтерді. Өйткені, қарым-қатынастардың артуына байланысты екі мемлекеттің азаматтары көрші елге еңбек етуге жиі баратын болып жүр. Ел Президентінің пікірінше, осы маңызды мәселеде барлық заң талаптары, еңбеккерлердің құқықтары мен кепілдіктері сақталуы тиіс. Елбасымыз, сондай-ақ дәрі-дәрмектердің ортақ нарығын құруды ұсынды. Екі ел де медициналық препараттарды көп мөлшерде шеттен сатып алады. Осы тұрғыда бірыңғай позиция ұстанып, дәрі-дәрмектердің одақ ішінде еркін тасымалдануын қамтамасыз ету қажет.

Екі ел Президенттеріі қатысқан келелі басқосуда Ресей мен Қазақстан білім министрлері және өңір басшыларыбаяндама жасады. Ресей білім және ғылым министрі Ольга Васильева сөз алып, Ресейде шамамен 70 мыңдай қазақстандық студент білім алып жатқанын жеткізді. Ендігі міндет – олардың санын арттыру, студенттермен, оқытушылармен алмасуды жолға қою. Еліміздің білім министрі Ерлан Сағадиев Қазақстанда тағы 5,5 мың студент Ресей ЖОО филиалдарында оқып жатқанын атап көрсетті. Өз баяндамасында ол, сондай-ақ елімізде орыс тілін үйретуге үлкен мән беріліп отырғанын айтты, келер жылдан бастап орыс тілі мектептерде 1 сыныптан бастап оқытыла бастамақ. Челябі облысының губернаторы Борис Дубровский өңірінің өркендеп келе жатқанына тоқталып, жұмыс барысында Қазақстан тәжірибесін басшылыққа алатындарын жеткізді. Форумның пленарлық отырысында облысының әкімі Даниал Ахметов сөз сөйледі.

Екі елдің экономикасына серпін берді

– Шығыс Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы жыл басынан бері 108 пайызға артып, 656 миллион АҚШ долларын құрады. Өңірімізде Ресей капиталы қатысқан 586 кәсіпорын табысты жұмыс істеуде.

«Алтай – біздің ортақ үйіміз» халықаралық үйлестіру кеңесі өңіраралық ынтымақтастықты дамытудың тиімді тегершігіне айналды. Осы кеңес өзара пікір алмасуға, өзекті мәселелерді шешуге, адам капиталының ажырамас бөлігі болып табылатын жас ұрпаққа тәрбие беруге арналған алаң іспетті.
Елімізде құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы – ұлтаралық қатынастарды үйлестірудің бірегей институты. Облыста барлық ұлттар мен ұлыстардың тілін, мәдениетін, дәстүрін дамытуға жағдай жасалған.

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыста ғылыми негізде28 миллиард теңгенің 61 тарихи-мәдени жобасы іске асырылуда. Өңірдегі қасиетті орындар тізімі жасалды, оған ислам, христиан, будда сынды үш әлемдік діннің ұштасқан жерін білдіретін Аблайкит ғибадатханасы, Еуразия кіндігі – Мұзтау шыңы еніп отыр.Өңірде тұратын ұлттардың ауыз әдебиеті, дәстүрі терең зерттелуде. Отансүйгіштік, рухани даму осы дүниелерден бастау алады. Әдеби белдеу жобасы мәдени мұрамыздың әр алуандығын көрсетеді. Шығыс Қазақстан – Абай, Шәкәрім, Достоевский, Бажов, Әуезов, Волков, Гребенщиков, Иванов сынды әдебиет алыптары өмірге келген, еңбек еткен өңір. Осы жерлер арқылы туристік маршруттар ұйымдастыру ресейлік туристерге де қызықты болуы тиіс.

Адам капиталын дамытуға бизнестің үлесі орасан. «Туған жер»жобасы аясында «Менің мектебім» акциясын өткіздік, облыс кәсіпкерлері мектептерді Назарбаев зияткерлік мектептері үлгісінде жарақтандыру мақсатында 2,3 миллиард теңге инвестиция құйды.

Білім сапасын дамыту – ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың басым бағыты. Осы негізде білім беру стандарттары жаңартылуда, ондағы мақсат – әлемдік ғылым-білім кеңістігіне табысты кірігу. Былтырдан бері облыста үштілді білім беру бағдарламасы енгізілуде. Облыс жоғары оқу орындары мен Ресей университеттері арасында 100-ден астам меморандумға қол қойылған.

Алдағы мақсат – Еуразиялық экономикалық одақ аясында бірыңғай сандық кеңістік құру. Бір мысал, алдағы уақытта өңіріміздегі әр азаматтың бірыңғай электронды денсаулық құжаты болады, осы құжаттың арқасында Одақтың кез келген елінде дәрігерлерлер науқастыңжеке мәліметтеріне қол жеткізе алады.

Қазақстан мен Ресейдің экономикалық, гуманитарлық байланыстары жылдан-жылға нығайып келеді. Шығыс Қазақстан кез келген саладағы өзара тиімді ынтымақтастыққа әзір, – деді аймақ басшысы Даниал Ахметов.

Жиында мұнымен қоса, Омбы облысы губернаторының міндетін атқарушы Александр Бурков пен Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов сөз сөйледі.

– Екі күн бойы барлық сала басшылары, бизнес өкілдері бірлесе жұмыс істеп, бірқатар уағдаластыққа қол жеткізді. Бізге енді Қытай – Қазақстан – Ресей – Еуропа жүрдек теміржол магистралін жасаған жөн. Сондай-ақ ресейліктерді Қазақстанға демалуға шақырамын. Бізде Бурабай, Балқаш, ғарышкерлер сауыққан шипалы Алакөл көлдері бар, – деді жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

Ресейлік әріптесі Елбасының магистраль салу жөніндегі ұсынысын қолдап, форум жұмысына жоғары баға берді.
Кездесу қорытындысында он үкіметаралық, үш өңіраралық келісімге қол қойылды.

Екі елдің экономикасына серпін берді

Форумның алғашқы күнінде Оңтүстік Орал мемлекеттік университеті базасында Қазақстан мен Ресей жоғары оқу орындары ректорларының форумы болып өткен-ді. Оған Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ мен С.Аманжолов атындағы ШҚМУ басшылары қатысып, тәжірибе бөлісті, ресейлік ЖОО-лармен келісімдер жасасты. Сондай-ақ өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында «Адам капиталын дамыту»ауқымды көрмесіде ұйымдастырылды. Көрмеге Челябі қаласынан шығарылған әйгілі «Т-34» танкілері мен «ЧТЗ» шынжыр табанды тракторлары басты экспонат ретінде қойылған. Осы көрме барысында екі елдің іскер адамдары бейресми жағдайда әріптестік орнатып, тиімді келісімдерге жол аша алды.

Әлемде болып жатқан түрлі қақтығыстар достықтың қаншалық құнды екенін айқын көрсетіп отыр, мемлекеттер бір-бірімен ынтымақтастық орната алса, экономика да өседі, тұрғындардың әл-ауқаты да артады.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button