Қоғам

Екі дүркін Универсиада чемпионын Өскемен әуежайында құрметпен қарсы алды

Екі дүркін Универсиада чемпионын Өскемен әуежайында құрметпен қарсы алды

Екі алтын, екі күміс. Шаңғышы қыз Анастасия Слонованың биылғы Универсиадада жеңіп алған медальдары бұл. Словакия жерінде өткен XXVII қысқы Универсияданың екі дүркін чемпионы атанған жерлесімізді кеше Өскемен әуежайында бір топ жанкүйерлері гүл шоқтарымен қарсы алды.
Алтайдың шытынап тұрған шыңылтыр аязына қарамай таңертең адамдар қарасы әуежайға ағыла бастады. Қай кезде қарамаңыз түнеріп, көк түтінге көмкеріліп жататын қала аспаны бұл күні шайдай ашық. Көп ұзамай зор үні көк жүзін күңіренткен әуе кемесі алқына келіп аэродромға қонды. Чемпионды көруге асыққан жұртта тағат жоқ. Ұшақтан түскен жолаушылар арасынан сыртқа беттеген шынашақтай қызды жиналғандардың көбісі алғашқа сәтте дүниежүзін мойындатқан спортшы деп тіпті де ойламаған. Өйткені олардың түсінігінде шаңғышының бәрі сұңғақ бойлы, әндемді болуы керек. Дегенмен сырт көзге нәзік көрінген Настя қыздың рухы биік, намысы қайраулы екен. Қаумалаған журналистердің сұрақтарына қымсынбай жауап беріп, байрақты бәсекеде көрген-түйгенімен, алған әсерлерімен бөлісті.
– Универсиадаға алғаш рет қатысып, екі алтын, екі күміс медальді иелену мен үшін үлкен жетістік. Әрине, қатты қуандым. Жеңіс тұғырының биігіне көтерілген кездегі сезімімді сөзбен жеткізу қиын. Бірақ алғашқы алтынды алғанда өз-өзімді ұстап, сезімге тым берілмеуге тырыстым. Өйткені, маған одан кейін бірнеше жарысқа қатысуым керек. Соған күшімді сақтадым. Нәтижесін өздеріңіз білесіздер, – деп ағынан жарылған Анастасия Слонова дүниежүзінің мықтылары жиналған дүбірлі додада жүзден жүйрік шығу оңайға түспегенін жасырмады.
Оның айтуынша, Универсиаданың Словакия елінде аяқталған алғашқы бөлігінің (екіншісі Испанияда өтеді) қорытындысында жалпыкомандалық бірінші орынды иеленген Ресей құрамасының өкілдері біздің шаңғышылардың басты бәсекелестері болған.
Мұнымен Анастасияның биылғы жарыс жолы аяқталған жоқ. Екі аптадан кейін риддерлік шаңғышы ересектер арасындағы Әлем чемпионатында бақ сынауға Швецияға аттанып кетеді.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button