Қоғам

Екі дүркін ел чемпионы атанды

Екі дүркін ел чемпионы атанды


Бокс – ел назарын өзіне аудара білген Қазақстандағы бірегей спорт түрі. Бұл сөзімізді дәлелдеу үшін, оның түп тарихына үңіліп жатпай-ақ, тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде қазақстандық былғары қолғап шеберлерінің олимпиадалық, халықаралық байрақты бәсекелердегі жеткен жетістіктерін атап өтсек те жеткілікті. Бокстан ерлер арасында жыл сайын өткізілетін ел чемпионаты биыл қарашаның 20-27 аралығында Павлодар қаласында жалауын көтерген. Осы күндері еліміздің түкпір-түкпірінен келген былғары қолғап шеберлері өз салмағының серкесі атану үшін жан алысып, жан берісті деуге болады. Кез келген сайысқа, оның ішінде ел чемпионатына ешкімнің әзірліксіз келмейтіні белгілі. Небір дүбірлі додаларда ел намысын абыроймен қорғап, ринг төрінде атой салған Әбдісалан Нұрмаханов, Серік Қонақбаев, Серік Сәпиев, Қанат Ислам сынды ағалары салған сара жолды жалғаған жас қырандар Кереку төрінде он салмақ дәрежесі бойынша өзара мықтыларды анықтады.

Бұл жолы Шығыс өңірінен тартысқа түскен екі спортшымыз жеңіс тұғырына көтеріліп, ел мерейін асырды. Қазақстанның Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жарқын Құрмановтың шәкірті, 75 келі салмақ дәрежесінде шаршы алаңға шыққан семейлік спорт шебері Манат Өмірзақов жартылай финалда қарсыласына жол беріп, жүлделі ІІІ орынды қанағат тұтса, 60 келі салмақта бақ сынаған С.Аманжолов университетінің студенті, дарынды спортшы Әділет Құрметов ақтық айқаста халықаралық дәрежедегі спорт шебері, оңтүстікқазақстандық аса тәжірибелі былғары қолғап шебері Закир Сафиулинді ұтып, осымен екінші мәрте Қазақстан чемпионы атағын иеленді.

– Әділет Құрметов 2012 жылдан бері елімізде, сондай-ақ, алыс-жақын шетелдерде өткізіліп келе жатқан жоғары дәрежелі турнирлерде бірнеше мәрте жеңіс тұғырынан көріне білген талантты шәкірттерімнің бірі. Әділеттің бұл жолғы қарсыластары да өте тегеурінді спортшылар болды, – дейді ел спортына елеулі үлес қосып жүрген жоғары санатты жаттықтырушы, 2016 жылғы ел чемпионының жеке бапкері Ғани Жақыпов. – Алғашқы айналымдағы қарсыласымыз спорт шебері, астаналық Дархан Жұмсақбаев болса, жарыстың үшінші күні ринг төрінде Қостанайдың тумасы, былғары қолғап шебері Аслан Мұқановпен қолғап түйістірдік. Осылайша, екі спорт шеберінен шеберлігін асырып, ширек финалға жолдама алған Әділетті алматылық Саят Мұратбеков күтіп тұрған. Ол да оңай шағыла салар жаңғақ емес. Бір елдің үкілеген үміті. Жартылай финалдың жеңісі де оңай келе салған жоқ. Осы чемпионатта болашағынан зор үміт күттіретіндігін байқата білген павлодарлық жас өрен Серік Теміржанов жерлестерінің қызу қолдауына арқа сүйей жүріп, біраз қарсыласып бақты. Серіктің жасы небәрі 19 жаста болғанымен, бойы да, қол-аяғы да ұзын, дайындығы да тыңғылықты спортшы боп шықты. Дегенмен, Әділет жекпе-жек барысында өз әріптесінен анағұрлым тәжірибелі екендігін көрсетіп қана қоймай, дүйім елге дәлелдей де білді.

Шығысқазақстандық былғары қолғап шеберлерін дүбірлі додаларға әзірлеуде ерекше еңбек сіңіріп жүрген тәжірибелі бапкерлердің бірегейі ретінде Шығыс Қазақстан облыстық бокс федерациясының аға жаттықтырушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Қайрат Сәтжанов мырзаның есімін атай кеткеніміз абзал.

Түрлі сайыстарда өңір намысын абыроймен қорғап, жеңіс жалауын желбіретіп жүрген жерлестерімізге алдағы аламан додалардан да олжалы оралуларына тілектестік білдіреміз.

Серік Құсанбаев

Осы айдарда

Back to top button