Екі дәуірде де қалтқысыз қызмет етті

Кешегі кеңестік дәуірде өмір сүріп, еңбек еткен азаматтар өз өңірлеріндегі жасампаздық еңбектің ортасында болып, халық тұрмысының жақсаруына, білім мен тәрбие беру ісіне лайықты үлес қосты. Сондай асыл азаматтарымыздың бірі – Сайлаухан Аухадиев бүгінде сексен жастың сеңгіріне шығып отыр.
Жас та болса, бас болды
Екі дәуірдің де сұранысы мен талабынан шыға білген Сайлаухан Әбілханұлы жарты ғасырдан астам еңбек жолында халықтың шынайы құрметіне бөленіп, Тарбағатай, Катонқарағай, Күршім аудандарының Құрметті азаматы атағына ие болды. Бұл күндері облыстық ардагерлер кеңесінің, Қазақстан Халқы Ассамблеясы облыстық қоғамдық кеңесінің мүшесі, Өскемен қалалық ақсақалдар алқасының төрағасы ретінде өңірдегі еңбек, оқу орындары мен жастар ұйымдары арасындағы насихаттық, тәрбиелік жұмыстарға белсене араласуда.
Сайлаухан Әбілханұлының өмір жолы қазіргі жастарға, әрбір азаматқа үлгі боларлық. Ол халық сталиндік қуғын-сүргіннен, аштық пен жоқшылықтан енді ес жия бастаған 1939 жылы Күршім ауданындағы қарапайым, көпбалалы отбасында өмірге келді. Ес білген уақыты одан ары Ұлы Отан соғысының қиын күндерімен жалғасты. Әкесі ерте қайтыс болған ол бала кезінен үйдегі бес балаға қамқор, анасына қолғанат бола білді.
Орта мектепті үздік бітіре сала, Алматыдағы Қазақ ауыл шаруашылығы институтына оқуға түсті. Онда да алға қойған мақсаты мен мамандық алуға деген құштарлығының арқасында институтты агрономия мамандығы бойынша үздік дипломмен бітірді. Ғылымға деген қаншама құштарлығы болғанымен, еріксізден анасына, іні-қарындастарына тірек болу ойымен қайтадан туған ауылына оралып, оның ауыл шаруашылығындағы жауапты да, нәтижелі еңбегі басталып кетті.
Институтты аяқтаған 1963 жылы ол өзінің туып-өскен Күршім ауданындағы Қалғұтты кеңшарына бас агрономдық қызметке орналасты. Қуаңшылықты өңірдегі суармалы егістіктің өнімін молайту жолдарын іздестіріп, шөлейт жерлерге арналған жаңа астық тұқымын қалыптастыру, суарудың озық технологиясын енгізу шараларымен белсене айналысып, бірнеше жылдың ішінде жақсы нәтижелерге қол жеткізді.
1970 жылы Үлкен Нарын ауданындағы астық өндірумен айналысатын Ленин атындағы ірі ұжымшарға бас агрономдық қызметке шақырылып, мұнда жас маман өзінің ұйымдастырушылық қабілетін барынша көрсете алды. Аталған ұжымшардың төрағасы, Социалистік Еңбек Ері Бошай Кітапбаевтың ақыл-кеңесін тыңдап, басқару тәжірибесін зерделей отыра, ұжымшардағы егін шаруашылығын жер жағдайының ерекшелігіне сай ұйымдастырып, оның өнімділігін арттыруда елеулі табыстарға қол жеткізді. Осы кезде Ленин атындағы кеңшар аудан, облыс деңгейінен асып, аймақтық, тіпті республикалық түрлі ауылдық өндірістің әр салаларының, соның ішінде егін шаруашылығының ұйымдастырушылары мен мамандарының тәжірибе алмасу орнына айналды. Кеңшар мемлекетке астық тапсырудың жылдық жоспарын әрдайым орындап отырды.
Жемісті жұмысының бағасындай, 1973 жылдан бастап бес жыл бойы Сайлаухан Әбілханұлы бұған дейін қызмет етіп келген Ленин атындағы ұжымшарға төрағалық етті. Оның егін шаруашылығымен қатар, ауыл шаруашылығының барлық салаларын басқарудағы жаңашылдығы мен атқарған істері аудан шеңберінен шығып, облыста өзіндік бағасын алды.
1978 жылы Сайлаухан Әбілханұлы Марқакөл ауданындағы үлкен шаруашылық – Боран кеңшарына директор болып тағайындалды. Мұнда қызмет атқарған екі жылда ол кеңшар жұмысын талап деңгейінде ұйымдастырумен қатар, ауыл тұрғындарына әлеуметтік жағдай жасаудан бастап, мәдениет, білім беру, денсаулық сақтау салаларының дамуына жүйелі түрде жетекшілік жасап, қамқорлық көрсетті. Тұрғындар арасында сыйластық, құрмет пен шынайы беделге ие болды.
Ауыл шаруашылығының білгір ұйымдастырушысы, еңбек адамдарының жанашыры, жас мамандардың нағыз тәрбиешісі ретінде ол 1980 жылдың қазан айында Тарбағатай аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметіне тағайындалды.
Тарбағатайды түлетті
Ауданның жері жартылай қуаңшылықты, табиғаты қатал болғандықтан, негізінен төрт түлік мал шаруашылығымен айналысатын. Сол жылдары көктем мерзіміндегі төлімен есептегенде қойдың саны бір миллионға жуықтайтын, республикамыздағы ірі мал өсіретін аймақ еді. Аудан шаруашылығы он кеңшар мен одақтық деңгейдегі Зайсан балық өндіру комбинатынан тұрды. Бұлармен қатар Зайсан көлінің жағалауына орналасқан Тұғыл кентінде ет комбинаты және көптеген өндіріс орындары жұмыс істеді. Сол кезде аудан халқының саны 50 мыңнан асатын. Аудандағы Шілікті жазығындағы әлемге әйгілі болған сақ дәуірінің тарихи обалары сол уақыттағы халықаралық, одақтық деңгейлердегі ғылыми экспедициялардың зерттеу нысанына айналып, ауданды бар тарапқа айшықтай түсті.
Осында қызметке келген алғашқы күннен Сайлаухан Әбілханұлы ауданның экономикасының тұрақты деңгейде дамуына, өнім түрлерінің молаюы мен сапасының артуына, солардың ішіндегі маңыздысы – мал шаруашылығындағы әр түліктің тұқымын асылдандыру, өнім алу ісін барынша механикаландыру, қысқы мал азығының берік қорын жасау, мамандардың біліктілігі мен іске деген жауаптылықтарын арттыру, кәсіби шеберліктерін жоғарылату, жастарды ауыл шаруашылығына тарту ісіне белсенділікпен кірісті.
Нәтижесінде 1980 жылдардың ортасынан-ақ аудан кеңшарларында мал шаруашылығынан алынатын өнімнің біртіндеп өсуін қамтамасыз ету, малдың санын өз төлі есебінен арттыру, оның жоғары сұрыптық құрамын қамтамасыз ету, малды тұрақты негізде бордақылау арқылы сапалы ет дайындау, мал тұқымын асылдандыру бағыттарында жоспарлы да жүйелі істер атқарыла бастады. Мал азығын дайындаудың сандық көрсеткіштерін молайтумен қатар оның сапалылығына жетісу басты назарға алынып, нәтижелілігімен айқындала түсті. Жиі қайталанатын қуаңшылық жылдарына қарамастан, мемлекетке астық тапсыру жоспарының үнемі орындалуы іске асты. Ауданның денсаулық, білім беру орындарын өз күшімен көкөніспен қамту іске асырылды. Атқарылған жұмыстар Тарбағатай ауданын облыстағы алдыңғы деңгейдегі аудандар қатарына қосты.
Сайлаухан Әбілханұлы өңірдің қабілетті жастарын жоғары оқу орындарында арнайы жолдамалар арқылы дайындап, туған жерінде еңбек етулерін де назарында ұстады. Көптеген жас мамандар аудандық деңгейдегі партия, кеңес, шаруашылық, білім беру салаларындағы қызметтерге тартылды. Сайлаухан Әбілханұлы осындай жұмыстарға тартып, үлкен жолға салған азаматтардың көпшілігі аудандық, облыстық, кейбіреулері республикалық деңгейдегі мемлекеттік және шаруашылық салаларындағы басшылық қызметтерді ойдағыдай атқаруда. Олар әрдайым Сайлаухан Әбілханұлының есімін құрметпен жадында сақтап келеді.
Сайлаухан Әбілханұлы Тарбағатай ауданының мәдениет, білім беру, денсаулық сақтау, спорт салаларының дамуына жүйелі түрде көңіл бөлді. Оның бастамасымен барлық кеңшар орталықтарында сол заманның талабына сай мәдени-демалыс-спорт кешендері салынды. Жыл сайын ауыл жастарының спорттың әр түрлері бойынша аудандық біріншілігін кезегімен кеңшар орталықтарында өткізу қолға алынды. Аудан орталығында қысқы уақытта бұқаралық “Шаңғы” жарысын өткізу қалыптасқан дәстүр болып енді. Осындай игі істердің нәтижесінде 1989 жылы облыстық жазғы халықтық ойындар аудан орталығы Ақжар ауылында өткізіліп, оны өткізуге аудан тұрғындары бір кісідей белсенділік танытты.
Аудан орталығы Ақжар ауылындағы орталық демалыс паркі Ұлы Жеңістің 40 жылдығы қарсаңында толығымен жаңартылды. Кейін бұл демалыс орны Ұлы Жеңістің 40 жылдығы атауын алды. Сайлаухан Әбілханұлының Тарбағатай өңірінде өспейді деп саналатын шыршаны арнайы алдырып, алғаш рет аудандық партия комитеті үйінің алдына ектіріп, шыршалар ойдағыдай жерсініп, ғимараттың алдын көркейтіп жібергені әркімнің есінде.
Осы жылдары аудан орталығы Ақжар ауылының көшелері жөнделді, жарықтандырылып, әсемделе түсті. Кеңшарлардағы мәдениет орталықтарының аудандық конкурстарын өткізу тұрақты жолға қойылды. Аталған жылдары ауданнан сыртқа, соның ішінде қалаларға қоныс аудару көлемі барынша азайды. Аудан халқының саны артты. Әртүрлі жоғары, арнаулы орта оқу орындарын аяқтаған жас мамандардың туған жерге қайту көрсеткіші артты.
Сайлаухан Әбілханұлы осындай ұйымдастырушылық қабілетімен қатар, өзіне туа біткен қарапайымдылық, мәдениеттілік, қызметтестеріне деген түсіністік секілді қасиеттерімен ерекшеленді. Оның қандай жағдайда болмасын ешкімге қатты дауыс көтеріп сөйлемейтіндігін, әр мәселені сабырмен, ақылдаса отыра шешетіндігін онымен бірге қызмет атқарғандардың барлығы ризашылықпен еске алады.
Қайраткер болып қалыптасты
Тарбағатай ауданында қызмет атқарған жылдары ол бір аймақтың жетекшілігінен асып, облыстық, республикалық дәрежедегі басшы, қоғам қайраткері деңгейіне дейін көтерілді. Атап айтқанда, алты рет аудандық, төрт рет облыстық кеңестің, 1987 жылы 11-ші шақырылған ҚКСР Жоғары Кеңесінің депутаты болып сайланды. КОКП Бүкілодақтық ХІХ конференциясының, Қазақстан Коммунистік партиясы ХҮ, ХҮІ, ХҮІІ сьездерінің делегаты болды. Көптеген ордендер мен медальдардың иегері атанды.
Қызметі жоғарылап, облыстық партия комитетінің ауыл шаруашылығына басшылық жасайтын хатшылығына сайланғанда, тарбағатайлықтар оны қимастықпен шығарып салды.
Еліміз егемендігін алған алғашқы жылдардан бастап Шығыс Қазақстан өңірі экономикасын жаңа талап негізінде өркендетуге де айтарлықтай үлес қосты. Атап айтқанда, 1992-1994 жылдары облыстық монополияға қарсы комитетінің, 1995-2007 жылдары аралығында облыстық астық инспекция басқармасының басшысы, одан соң Ауылшаруашылығы министрлігінің облыстық, аумақтық басқармасының астық және тұқым инспекциясы бөлімінің басшысы болды.
Зейнеткерлікке шыққаннан кейін 2007-2010 жылдары республикалық “Альянс-Полис”сақтандыру серіктестігінің өсімдік шаруашылығы бойынша Шығыс Қазақстан аумағындағы менеджері қызметін атқарды. Бұл қызметтерде де ол жауапкершілігін, ұйымдастырушылық, жаңашылдық қабілеттерін көрсетіп, нәтижелі істерге қол жеткізді.
Барлық саналы ғұмырын туған халқының игілігіне, Қазақстанның өркендеуіне арнаған Сайлаухан Әбілханұлының өмірі мен қызметі қазіргі ұрпаққа үлгі-өнеге екені даусыз.
Ғани Қарасаев,
тарих ғылымдарының докторы, профессор.