Денсаулық сақтау

Екі бүйрегі де жоқ балақайға көмек керек

Екі бүйрегі де жоқ балақайға көмек керек


Күршімдік төрт жастағы Дарын Дәулетбековтің екі бүйрегі де жоқ. Балғын жеті айдан бері бүйректің қызметін алмастыру терапиясы – диализдің көмегімен өмір сүріп келеді. Анасы Маржан Әбжанова үш сағат сайын диализді өзі ауыстырып үйреніп алыпты. Инені де өзі сала береді. Мамандардың айтуынша Дарыннан бөлек екі бүйрегі де жоқ науқас елімізде тіркелмеген.

Сырт көзге Дарынның басқа құрбыларынан айырмашылығы еш байқалмайды. Бала емес пе, жүгіріп ойнайды, кейде тіпті белсенді. Біз анасы Маржанмен әңгімелескенше, түрлі-түсті қаламмен сурет салып, ертегілердің кейіпкерлері болып, өзімен-өзі ойнап отырды. Қанынан алынған соңғы сараптамалар көңіл көншітпейтініне қарамастан, балғынның өмірге деген құштарлығы керемет.

-Туғанда ісініп туды. Мен секемденіп, бірден дәрігерлерге айттым. Олар басында «бәрі жақсы, ондай бола береді» деп көңілімді жайландырғандай болды. Алайда тоғыз айында қан талдауынан дерттің алғашқы белгілері шықты. Күршімде босанғанмын. Сосын мені Өскеменге жіберді, – деп бастады әңгімесін Маржан.

Дарынның диагнозы өте күрделі, медициналық терминдермен емес, қарапайым тілмен айтсақ, тоғыз айында бүйрегінде жаман аурудың нышаны байқалады. Бір жарым жасына дейін емдепті. Денсаулығы түзеле қоймағасын, бір бүйрегін алып тастайды. Онкологияны емдеу үшін химиятерапия алғаны бар, бүлдіршіннің екінші бүйрегі де қызметін толық атқара алмай, күннен-күнге сола бастаған. Ақыры оны да көктемде алып тастауға тура келеді. Міне, жеті айдан бері балақайдың ағзасы бүйректің қызметін орындайтын диализге қосылған. Баланың құлантаза жазылып, толыққанды өмір сүруі үшін басқа бүйрек салу керек. Анасының айтуынша, әкесі Оралбек ұлына бір бүйрегін беруге дайын.

Ойнап жүріп, от басқан әке

Алайда, бір айналдырса шыр айналдыратын әдеті емес пе. Отбасының тірегі болған отағасы ойнап жүріп от басады. Ішімдікке көп әуестігі болмаса да, бір рет ішкеннен жынды судың буынан шыға алмай қалған азамат аяқастынан істі болып, көктемде жеті жылға бас бостандығынан айырылып, кете барады…

-Жол бойы мазасызданып келді, – деп анасы әңгіме ауанын баласына бұрды. – Біз Күршім ауылынан ары қарай үш сағаттық Шеңгелдіде тұрамыз. Үш сағат сайын диализін ауыстыру керек, денесінде катетер тұр, сол түтікшеге сұйықтық құйылған целлофан қапшықты жалғастырам. Оны құймас бұрын жылытып алу керек. Әрине, жолда оны жасай алмадым. Содан Өскеменге жеткенше ауырсынып келді ғой.

Облыстық ана мен бала орталығының медициналық қызметкерлері Дарынды құшақ жая қарсы алады. Қан тапсырып шыққанда медбикелер шайын әзірлеп, жүрек жалғап алуға жағдай жасап қояды екен.

Темір тордың ар жағындағы донор

Маржан Әбжанова ұлы Дарынмен үстіміздегі жылдың маусым айында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының қоғамдық қабылдауында болып, күйеуінің баласына донор болуына қолдау көрсетуін сұраған-ды. Сол жолы облыс басшысы отбасына 100 мың теңге материалдық көмек көрсетіп, темір тордың ар жағында отырған Оралбектің донор ретінде барлық процедуралардан өтуіне қол ұшын беруге уәде еткен болатын.

-Облыс басшылығына рақмет, қазір әкесінің денсаулығын да тексеріп жатыр. Қуаныштысы, қан тобы сәйкес келіпті. Енді бүйрек жасушаларының сәйкестігін тексереді. Күні-түні «бәрі дұрыс болса екен» деп жалбарынамын. Әкесіне ұлым екеуіміз бір рет барып, жолықтық. Өкінеді, «аһ» ұрады. Амал қанша?! Алланың сынағы шығар бұл да, көнеміз де, – Маржанның көңілі босап, дауысы дірілдеп кетті…

-Маржан, сіздерге қазір нақты қандай көмек қажет?

-Қаражат жағынан қатты қысыламын. Күйеуім жалпы жаман жігіт емес, бәрі сол ішімдіктің кесірі ғой. Өзі барда балық аулап, отбасымызды асырап отырды. Ауылда басқа жұмыс та жоқ. Ол барда алақан жайып, ешкімнен көмек сұраған емеспіз. Дарын ауырып қалғанда, «сен екеуің қалада тұрыңдар, пәтер жалдап беремін. Дәрігерге жақынырақ боласыңдар. Қалған үшеуіне өзім бас-көз боламын, уайымдама» деп еді, – дейді жас келіншек.
Маржан он сегіз жасында тұрмысқа шығыпты. Оралбек жиырмада ғана еді. Төрт бала сүйіп, ел қатарлы тұрмыс құрып отырған. Әйтеуір баспаналары бар. Үлкендері Диас он үште, екінші ұлдары Ильяс – онда. Жалғыз қыз Айым сегізде. Кенжесі Дарын төртте. Қазір бес жаннан тұратын отбасы науқас бала Дарынның алатын жәрдемақысына ғана қарап отыр.

-Әкімдіктен де көмек сұрай беруге қысыламын. Маусым айында аудан әкімдігі де бір реттік 100 мың теңге көмек көрсеткен. Әжеміз, күйеуімнің анасы бөлек тұрады, ең үлкен көмегі – мен бір жаққа шыққанда балаларға бас-көз болады. Ол кісінің өзі де бала кезден мүгедек, құлағы нашар естиді. Өзінің жәрдемақысынан шамасы келгенше немерелеріне азын-аулақ береді. Күйеуім төрт ағайынды. Ет пен азық-түлік жағынан мүмкіндігінше сол туыстарым қарасады, – деп жалғастырды Маржан.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасындағы шенеуніктер кішкентай Дарынның жағдайынан хабардар екен.

-Маржан Әбжанованың ұлы Дарынның жағдайы біздің бақылауымызда. Қарашаның онында олар тағы Астанаға республикалық ана мен бала орталығына барып жатады. Осы жолы бүйрек алмастыру отасын жасап, қайтулары мүмкін. Соңғы рет 15 қазанда Дарын Дәулетбековтен қан талдауы алынған. Ол сараптама облыстық ЖИТС-ке қарсы күрес орталығына әкесінің талдауымен салыстыру үшін жіберілген. 25 қазанда дайын болған қорытындысы бірден республикалық ана мен бала орталығына жолданғандықтан, нәтижесін солар ғана біледі. Емдеуші дәрігері, облыстың штаттан тыс бас балалар нефрологы Любовь Горкунова астаналық әріптестерімен үнемі байланыста. Бәрі жақсы болса, біз квота береміз, бірақ оған анасының тамақтануы кірмейді, – деп түсіндірді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының ана мен баланы қорғау жөніндегі орынбасары Райфа Сафиоллинова.

Жәрдемақымен күн көріп отыр

Біз Маржанның жанұясына әлеуметтік жағынан нашар қорғалған отбасы ретінде мемлекеттен неге ешқандай көмек көрсетілмей отырғанын анықтау мақсатында облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасына хабарласқан едік. Басқарманың әлеуметтік төлемдер бөлімінің басшысы Райхан Барлықованың берген мәліметтеріне сүйенсек, отбасының бір айлық кірісі – 79,302 теңгені құрайды, бұл тек жәрдемақылар, бес адамға шаққанда 15 860 теңге. Бұл ең төменгі күнкөріс шегінің 50 пайызынан артып кеткендіктен, (14 747), Әбжановтардың отбасына ешқандай әлеуметтік көмек тиесілі емес екен. Қарап отырсақ, Әбжановтардың жанұясы тек науқас баласының жәрдемақысымен күн көріп отыр. Көлденең кіретін бір тиын табыс жоқ. Кеше ғана Астанада депутаттар атаулы әлеуметтік көмекке бөлінген миллиондаған теңге қаржының игерілмей жатқанын айтқан еді. Жалпы, меніңше, жәрдемақы кіріс болып саналмау керек. Ол отбасындағы мүмкіндігі шектеулі жанның өз қажеттілігінен артылмайды.

-Отбасына не «Мектепке жол» акциясы аясында ешқандай көмек көрсетілмеген. Не отын-көмір берілмеген. Біз қазір отбасын қыстық отынмен қамтамасыз етуді назарда ұстайтын боламыз. Отбасына материалдық көмек көрсетудің басқа да жолдарын қарастыру керек. Мысалы, неге осы отбасыны бір жеке кәсіпкерге бекітіп бермеске? Біз өз тарапымыздан Әбжановтар отбасының жағдайын қатаң бақылауға алдық, – деді Райхан Барлықова.

Өмірде мейірімді жандар да аз емес

Маржан алғаш рет инстаграмға Дарын Дәулетбековтың парақшасын ашып қойғанда, қайырымды жандардан біраз қаражат жиналыпты. Есімін атағысы келмеген күршімдік бір кәсіпкер бірден елу мың теңге аударыпты. Біз, «Дидар» газетінің ұжымы да Маржан Әбжанованың отбасына көмек қолын созып, сексен мың теңге жинап, есепшотына аудардық. Отбасына көмектесемін деген қайырымды, жомарт жандар үшін Дарынның есепшотын жариялап отырмыз. Көмектесем дегендер болса, отбасына бұл да үлкен сеп болар еді.

Дарынның бойы 93 см, аяқ киімі – 25-26 мөлшер, қызы Айымның бойы 121 см, аяқ киімі – 33-34 мөлшер. Ильястың бойы 126 см, Диастың бойы 150 см.

Газет беттеліп жатқанда Маржан Әбжанова хабарласып, дүйсенбіде күйеуі Оралбек Әбжановқа Астанада қалған тексерулерін өтуге квота бөлінгенін айтты. Егер бәрі жақсы болса, Дарынға әкесінің бүйрегі салынатын күн де алыс емес.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button