Екі бірдей генерал шыққан Аққайнар
Табиғаты тамылжыған Катонқарағай ауданына биыл мамық қазанда түсті. Аспанмен таласқан қарағай, шырша, балқарағайдың қысы-жазы жап-жасыл өңін бермейтіні белгілі, ал ақ қайың, терек сияқты ағаштардың жапырақтары сарғаймаған күйі өңін бермеген. Ауданды аралаған кезде көп игі істердің атқарылып жатқанына көз жеткіздік.
Аққайнар ауылдық округінің бас маманы Серікхан Құрманов пысық, ақжарқын азамат екен, кіндік қаны тамған мекеннің абзал жандары жайында ағыла сыр шертті.
–Черновадан (қазір Аққайнар ауылы деп аталады) екі бірдей генерал шықты. Өкінішке орай, Ораз Рақышев қазір арамызда жоқ, алайда абзал ағамыз ауылдың өсіп-өркендеуіне көп үлес қосты. Ал екінші генералымыз Болат Сембинов те осында туды, білім алды, 8-ші сыныпты бітірген соң әкесінің қызметіне байланысты Талдықорғанға қоныс аударды. Болат та кіндік қаны тамған ауылын ұмытқан жоқ, келген кезде мектептегі шәкірттермен жүздесіп, жастарды патриоттық сезімге, Отанды сүюге баулиды. Ең бастысы, ауыл жастары Чернова орта мектебіндегі спортзалында аптасына төрт рет бас қосып, түрлі жарыстарды ұйымдастырады, небір игі бастамалардың қанат жаюына ықпал жасайды,–деді Серікхан Әлпешұлы.
Аудандағы шағын ауылдардағы мектептердің жай-күйі белгілі. Балалар саны азайып кетуіне байланысты бірнеше мектеп жабылып қалыпты. Ал Чернова орта мектебінде 126 шәкірт білім алып жатыр. Мектеп директоры Мәрия Қасымханқызы Ажықанованың айтуынша, қазір мұнда 29 ұстаз бар екен. Шәкірттер игілігіне интерактивті тақта, 18 компьютер, 16 ноутбук, биология, физика, география, орыс тілі, қазақ тілі, ұл-қыздардың екі технология кабинеттері берілген. Аумағы атшаптырым спортзалы, асхана бар.
–Бірінші қыркүйектен бастап бірінші сыныптан жоғары сынып оқушыларына ағылшын тілінен бір сағат қосымша уақыт берілді. Бұл заман талабы. Ағылшын тілінің мұғалімі, менің орынбасарым Айгүл Бұқарбаева Өскемендегі Назарбаев зияткерлік мектебінде білімін жетілдіріп қайтты. Оқу ісінің меңгерушісі Мәдина Нұрсұлтанова, ұстаздар Сымбат Бадылбекова, Дархан Имашбай, дене тәрбиесі пәнінің ұстаздары Нұрлан Күзебаев, Равхат Сәрсенбаев, тағы басқалар небәрі үш жыл бұрын ғана пайдалануға берілген жаңа мектепте жаңаша ізденіс танытып, шығармашылықпен қызмет етуде,–дейді білім ордасының басшысы Мәрия Ажықанова. Реті келгенде айта кету керек, татулығы мен ынтымағы жарасқан ауылдардағы барлық мәдени шаралар ауылдық округ қызметкерлерінің тындырымды істерінің нәтижесінде жүзеге асып жатыр.
–Бұдан екі жыл бұрын ауылдағы спорт жарыстарын өткізуге ұйтқы бола білген, аудандық жарыстарға команда жасақтап, үнемі топ бастайтын жерлесіміз Талап Оқанов деген жігітіміз оқыста қайтыс болды. Ауыл жастары талапты азаматты еске алуға арналған волейбол турнирін жыл сайын өткізіп тұруды ұйғарды. Былтыр 22-ші наурызда бұл турнирге 18 команда қатысты. Оның бесеуі осы ауыл жастары. Мектептің 2004 жылғы түлектері, облыс орталығы мен Астанада, Алматыда қызмет ететін жерлестеріміз қанат қақтырған алтын ұясына жыл сайын келіп, қайырымдылық шараларына белсене араласады, тұрмысы нашар жандарға көмектеседі. Біздің округке төрт ауыл қарайды, олар Аққайнар, Қызыл Жұлдыз, Қайыңды, Ақмарал елді мекендері.
Қызыл Жұлдыз ауылындағы орта мектепке білікті маман, тәжірибелі ұстаз Болат Мағзұмов жетекшілік етеді, ол жақын маңдағы ауыл балаларын осында шақырып, мектепті сақтап қалды. Мектепте 66 бала білім алуда. Өкінішке орай, Қайыңдыдағы мектепте небәрі -26, ал Ақмаралдағы білім ордасында -23 бала қалыпты. Себебі белгілі, сонау нарықтың аумалы-төкпелі 1990-1995 жылдары ауылдық округте 5 мың адам болса, олар күнкөріс қамымен басқа жаққа қоныс аударған, қазір қалғаны 1500 адам. Қызыл Жұлдыз ауылының мақтан тұтатын азаматтары кәсіпкер Бердіхан Демеуов деген азамат мұрындық болып, оған қаржылай жағынан демеушілік жасаған өскемендік Тоқтарбек Мағзұмов, Құмарбек Төпелеков, Махамбет Имашев, бүкіл ауыл тұрғындары көмектесіп, кіндік қаны тамған ауылға имандылық үйін салып берді. Қайыңды ауылының жастары жүннен байпақ, киіз, малақай, қолғап тігуді қолға алған. Мектеп түлектері түрлі спорт жарыстарына қатысып, жүлде теріп жүр,–дейді Серікхан Құрманов.
Ауыл әкімі Рауан Нұрмолдин іссапарда екен. Сондықтан онымен жолыға алмадық. Бас маманның айтуынша, округте 153 шаруа қожалығы бар. Н.Тохтаров жетекшілік ететін «Бұғы паркі» және Иван Петухов басқаратын «Чернова» қожалығы таңдаулы шарушылықтар қатарында. Екі генерал тәрбиелеген Аққайнар ауылының бүгінгі тыныс-тіршілігі осындай жарасымды-ақ!
Оңдасын Елубай
Катонқарағай ауданы.