Екі ауданның өнімі ел көңілінен шықты
Атамыз «жұмыла көтерген жүк жеңіл» деуші еді. Облыс орталығына жәрмеңкелете келген қос аудан осы сөзді айғақтай білді.
Жәрмеңке базарының екі теңін теңдеушілер – Шемонайха мен Ұлан ауданының өкілдері.
Шемонаиха ауданы бойынша 14 сиыр, 10 қой, екі жылқы еті әкелінсе, сүт өнімдерінен: сүт – 100 литр, қаймақ – 80 литр, сүзбе – 55 келі, ірімшік – 60 келі, май – 72 келі жеткізілді. Сондай-ақ сауалдарға қойылған өнімдерден қарақұмық – 800 келі, ас бұршақ – 600 келі, арпа – 250 келі, күнбағыс – 290 келі; ұн – 400 келі, картоп – 1 тонна, балық түрлері – 185 келі, жұмыртқа – 500 дана және күнбағыс майы болды.
Ұлан ауданы әкелген жылқы, сиыр, қой еттерінің жалпы салмағы – 10,8 тоннаны құрады. Картоп – 1 тонна. Аудандық «Багратион Ұлан» ЖШС-нен сүт өнімдерінің 50-ден астам түрі, «Болашақ» қайта өңдеу шаруа қожалығынан шұжық өнімдерінің тоғыз түрі, консерві өнімдерінің төрт түрі жеткізілген.
Екі ауданда да өнім бағалары тұрақты, қалыпты болды. Айталық, сиыр еті 1300-1400, қой еті 1200-1300, жылқы еті 1300-1600 теңгеден сатылды. Сүттің литрі 150, балдың келісі 900, сары май келісі 1800, картоп келісі 100 теңгеден саудаланды.
– Жәрмеңкенің сапалы болуы үшін барымызды салдық. Өнім бағалары толайым бағаның ар жақ-бер жағында. Бұны шаруаларда құп көріп отыр. Халық та риза болар, – дейді Ұлан аудандық ауылшаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Әділбек Рамазанов. Аталмыш аудан ауылшаруашылық өнімдерімен «ЭКСПО-2017» көрмесіне де жәрмеңкелете бармақ ниетте екенін білдірді.
Ветзертхана мамандары алты мал өкпе-бауырынан эхинококк табылғанын жеткізді. Тәркілеуге алынған өкпе-бауырлар арнайы зертхана пешінде өртелетін болады.
– Ауру табылған өкпе-бауырлардан басқа мал еттерінің жалпы сапасы өте жақсы – дейді аға ветдәрігер Айнұр Есжанова.
Ал тұтынушылар қос ауданның біріккен жәрмеңкесіне дән риза.
– Бәлкім, іштей бәсекелестіктен болар, екі аудан да бірінен бірі өтетін өнімдер ұсынды. Саудаларын құлшыныспен жүргізуде. Әсіресе, ет сапасы көңілімізден шықты, – дейді қала тұрғыны Мөлдір Шоқманова.
Оразай Жеңісұлы