Екі ғасырлық тарихы бар сағат әлі жүріп тұр
Тық-тық, тық-тық, тық-тық… Бөлме ішінде мүлгіген өлі тыныштықты қабырғадағы сағаттардың жарыса тықылдаған үні ғана бұзып тұр. Көкжиекті түре жамыраған таң шапағын күткендей ішіндегі біреуі боздай жөнелді. Онсыз да ерте оянып алатын Василий қарт тағы бір жарық күнді көруге нәсіп еткен құдайына шүкіршілік айтып, ескі әдетімен әуелі отбасының, сосын елінің амандығын тіледі күбірлеп. Жылы төсегінен тұрып барып мазасы кеткен сағатты тыныштандырды.
Бүгін бұл үйге облыс орталығынан қонақтар келеді. Қонақ болғанда да жай жүрген жолаушылар емес, зейнеткердің сағат жинайтын ерекше әуестігін естіп, арнайы ат басын бұрған тілшілер. Кеше кешкісін аудандық әкімдіктен телефон соғып, ескерткен. Кемпірі екеуі екі жақтап жүріп үй ішін ретке келтірді. Шоғы сөне бастаған пештің отын көсеп, қайта қоздатты. Қант-кәмпитін, тоқаш-тосабын шығарып дастархан жайылғанда сыртта ит үрді. Іле ішке үш-төрт адам кірді. Есендік-саулық сұрасып, танысқаннан кейін әңгіме ауаны сағат тақырыбына көшті.
– Сағатқа әуестігім күтпеген жерден оянды, – деп бастады сөзін Василий Каель, – әйеліммен бірге көршіміз, соғыс ардагері Михаил Юрин ақсақалдың үйіне тойға бардық. Нина әжей екеуінің отасқандарына 50 жыл толған. Міне, сол кезде үйдің кіреберісіндегі бөлменің қабырғасында ілулі тұрған ескі француз сағатына көзім түсті. Бірден қызықтым. Иесінен сұрап едім, «Бұл менің әкемнен қалған мирас» деп бермей қойды. Нина әжейге қолқа салып едім, ол кісі «9-мамырда келсеңші, сол күні атаңның көңіл күйі жақсы болып жүреді. Не сұрасаң да береді» деп шығарып салды. Айтқандай, Жеңіс мерекесінде мен де үйге «жеңіспен» оралдым. Содан бері, міне жиырма жылдай уақыт өтіпті ғой.
Зейнеткердің айтуынша, өзінің коллекциясындағы ең алғашқы сағатын (көршісінен алған) Ресейде тұратын досына сыйлапты. Одан бөлек тағы бірнешеуі бағалы сыйлық түрінде жора-жолдастарға, туыс-туғандарға таратылған. Қазір қалғаны – 64 сағат. Барлығы дерлік жұмыс істеп тұр. Тетігін бұрап қалсаңыз болды, «жүректері» дүрсілдеп қоя береді. Тек ішінде бір-екеуі ғана бұрынғы иелерінің ұқыпсыздығынан мүлдем істен шығып қалғанға ұқсайды.
– Міне қараңыз, бертінгі сағаттардың мына тетігін металдан жасайды. Ал ескілерінде ол ағаштан салынған. Соған қарағанда бұл сағатқа шамамен екі жүз жылдай уақыт болды. Кереметін көрмейсіз бе, әлі тоқтамай жүріп тұр, – деп сыртқы қорабы қызыл ағаштан әдемілеп жасаған көне сағатты қолына аялап ұстап, бағалы жәдігер туралы барлық мәліметтерді ықтиятпен түсіндіруде зейнеткер.
Бөлменің бір бұрышын тұтас алып тұрған сан сағаттың тағдырлары да сан қилы. Атқаратын қызметі бір демесеңіз, пішіні мен түрі, шыққан маркасы, атауы бір-біріне ұқсамайды мүлдем. Бір парасы сонау Франция, Германия секілді кәріқұрлық елдерінде дүниеге келсе, тағы бірсыпырасы – ТМД елдерінің өнімі. Бір қызығы, олардың барлығы мехникалық ретро дүниелер. Электронды немесе кварц сағаттары жоқ. Топтамадағы жәдігерлер қабырғаға ілетін және үстелге қоятын, сыртқы қорабына қарай ағаштан, пластиктен, шыныдан, мәрмәрдан жасалған деп бірнешеге бөлінеді.
– Жүрген жерімде көне сағат көрсем оны қолға түсіруге тырысамын. Істен шыққанына, бұзылып қалғанына қарамаймын. Керек болса сатып аламын. Ақауы барларын өзім жөндеймін. Бірақ олардың көбісі ертеректе шыққандықтан ауыстыратын тетіктерін табу қиын. Қазір бәрі басқаша ғой, – дейді Василий Каель.
Василий сағатшының 20 жылдан бері бұлжытпай орындап келе жатқан ерекше дәстүрі бар. Ол – сағаттарды бір мезетте жаппай іске қосу. Дәстүр бойынша әрбір Жаңа жылда бүкіл сағаттар Президент еліміздің халқын теледидар арқылы құттықтаған кезде жүргізіледі екен. Сол сәттегі шуылдаған үнді естісеңіз ғой. Біреуі көкектің дауысын салып шақырса, екінші бірі қоңыраулы үнін соза түседі. Тағы біреуінің безілдеген ащы дыбысы құлақ тұндырады. Қысқасы, алақандай бөлменің азан-қазаны шығады сол сәтте. Алайда, уақыт өлшейтін осынау аспаптардың дені өткен ғасыр туындылары болғандықтан, жыл бойы тоқтаусыз жұмыс істеп тұруы қиын. Мұны жақсы түсінетін зейнеткер де сағаттарына аса ұқыптылықпен қарап, аялап ұстайды. Осындай ықтияттылықтың нәтижесінде екі жүз жылдық тарихы бар аспаптардың әлі күнге ғұмыры үзілмей келеді. Бөлме ішіндегі тық-тық еткен сағаттар үні бұл сөзімізді растап тұр. Әне, көкек шақырды. Іле қоңыраулы үн естілді…
Өмірдерек
Василий Петрович Каель Бесқарағай ауданының Канонерка ауылында дүниеге келген. Мектепті бітіргеннен кейін Өзбекстанда әскери борышын өтеген. Әскерден келген соң ішкі істер органында, білім беру саласында ұзақ жылдар еңбек етті. Қазір зейнеткер. Бесқарағай ауылындағы неміс этномәдени бірлестігінің белсенді мүшесі.
Твақырыпқа тұздық
Бірде Василий ағамыз жора-жолдастарының басын қосып, отырыс жасайды. Отырыс үстінде мектепте бірге істеген қызметтесі Қайса өзінің үйінде тұрған ескі ағаш сағатты сыйға тартатынын айтып, артынан әкеліп беріпті. Осы оқиғадан кейін біраз уақыт өткенде семейлік журналистер топтамадағы сағаттар туралы арнайы репортаж дайындайды. Көп ұзамай әлгі репортажды теледидардан көрсетіп жатқанда мән-жайдан хабарсыз жолдасының әйелі: «Қайса, мынаған қара, дәл біздікінен аумайтын сағат Василий Петровичте де бар екен» деп мәз болыпты. Ал бәрін жақсы білетін Қайсекең үндемей отыра берсе керек.
Серік Әбілхан
Бесқарағай ауданы