Қоғам

Екі аптада үш рет жеңді

Екі аптада үш рет жеңді


Өскемендік «Алтай» Қазақстан суперкубогын ең көп жеңген команда атанды. Бұл атаққа Юрий Панченконың ұжымы облыс орталығындағы Жекпе-жек сарайында өткен, биылғы ел суперкубогы сарапқа салынған кездесуден кейін ие болды.

Айта кетейік, аталған матчта жерлестерімізге павлодарлық «Ертіс-Қазхромның» волейболшы қыздары қарсы тұрды. Осыдан бір апта бұрын бұл екі команда ел кубогы үшін жарыстың ақтық сынында да кездескен болатын. Сол тартысқа толы ойында жерлестеріміз 3:2 есебімен жеңіске жеткен еді.

Ал бұл жолы Сана Анарқұлова бастаған қыздарымыз қарсыласына тіптен мүмкіндік бермеді. Үш партияға созылған кездесуде алтайлықтар қонақ командадан 3:0 (25:22, 25:22, 25:17) есебімен басым түсіп, осымен екінші мәрте ел суперкубогының иегері атанды. Бұл ретте, Қазақстан суперкубогы үшін ойын биыл үшінші рет өткізілгенін айта кеткен орынды.

Өскемендік команда сапында ең үздік ойыншы атағына Сана Анарқұлова ие болды. Сана командасына 18 ұпай әперіп, «Алтайдың» жеңіске жетуіне елеулі үлес қосты.

Ең қызығы, осыдан кейін Өскеменде ұлттық лига командалары арасындағы ел чемпионаты да жалауын көтерген болатын. Сол ойындардың бірінде ескі қарсыластар «Алтай» мен «Ертіс-Қазхромның» жолы тағы түйісті. Айналдырған екі аптаның ішінде үш рет кездескен командалардың бұл жолғы айқасында да Юрий Панченко шәкірттерінің жолы болды. Есеп 3:2 (24:26, 23:25, 25:21, 25:20, 17:15).

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button