Екі қаланың әкімдері ауысты
Ермак Сәлімов – Семей қаласының әкімі
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ өкімімен Ермак Бидахметұлы Сәлімов Семей қаласының әкімі болып тағайындалды.
Қала активіне шаһардың жаңа әкімін аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ таныстырды.
– Менің Семейге деген көзқарасым ерекше. Біз қаланың дамуына өзгеше динамика, айрықша серпін беруіміз керек. Бұл бағытта үлкен жоспарларымыз бар. Ермак Бидахметұлы – үлкен тәжірибесі бар, білікті басшы. Қала басшылығы жаңа әкіммен бірге тұрғындарға қолайлы жағдай жасайтынына сенім білдіремін, – деді облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ.
Ермак Сәлімов 1957 жылы Күршім ауданында дүниеге келген.
1981 жылы Қазақ политехникалық институтын тау инженер-маркшейдері мамандығы бойынша, 2001 жылы Қазақ мемлекеттік заң академиясын құқықтану мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын Глубокое ауданындағы Ертіс полиметалл комбинатының Березовка кенішінде жерасты кенішінің шебері болып бастаған. 1994 жылға дейін Ертіс полиметалл комбинатының Ертіс кеніші бас инженерінің орынбасары, учаске бастығы, партия бюросының хатшысы болып жұмыс істеді.
1994-2008 жылдар аралығында аздаған үзіліспен Глубокое ауданы әкімінің орынбасары болды. Кейін облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы, Риддер қаласының әкімі, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды. 2010 жылдың шілде айынан осы уақытқа дейін Зырян ауданының әкімі болып жұмыс істеді.
Айбек Кәрімов – Зырян ауданының әкімі
Шығыс Қазақстан облысы әкімінің өкімімен Айбек Мүталапханұлы Кәрімов Зырян ауданының әкімі болып тағайындалды.
Айбек Кәрімов Семей қаласын 2011 жылдың қаңтарынан бастап басқарды. Семей қаласының әкімі болып тағайындалғанға дейін Аягөз, Тарбағатай, Шемонайха аудандарына басшылық етті.
– Зырян ауданының аграрлық сектор мен өнеркәсіп саласындағы әлеуеті жоғары. Айбек Кәрімовтің жұмыс тәжірибесі мол. Ауданды дамыту жөніндегі міндеттер жүзеге асады деп сенім білдіремін,– деді аймақ басшысы ауданның жаңа әкімін таныстыру кезінде.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі