Қоғам

ЕХРО-ның жобалары жүзеге аса бастады

ЕХРО-ның жобалары жүзеге аса бастады


Төрткүл дүниеге елімізді танытқан «ЕХРО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне Шығыс Қазақстаннан үш жоба: «Тұрғысын-СЭС-1» мен «Тұрғысын-СЭС-2» су электр стансалары құрылысын және «Ертіс-Шығыс» бөгетсіз шағын су электр стансасын салу жобасы ұсынылған болатын. Сонымен бірге өңірдегі Өскемен конденсатор зауыты, «КЕГОК» АҚ филиалы, Өскемен су электр стансасы да ЕХРО көрмесіне өздері жайындағы жарнамалық ақпараттарын ұсынып, жаңа технологияның арқасында жетіп отырған мүмкіндіктерін көрсетті. Көрмеге біздің облыстан қатысқан жаңа жобалардың ешқайсы да жерде қалған жоқ, жүзеге асырылып жатыр.

ЕХРО-ның жобалары жүзеге аса бастады

Қазір Зырян ауданындағы Тұрғысын өзенінің бойына салынып жатқан «Тұрғысын-1» ЖШС-нің «Тұрғысын СЭС-1» су электр стансасы плотинасының, өзге де негізгі ғимараттарының құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасымен бұл нысанға қажетті инфрақұрылымдардың бәрі алдын ала тартылып берілген болатын. Қуаты 24,9 МВт, жылына 79,8 млн кВт/сағ энергия шығаратын стансаны пайдалануға берудің жоспарлы мерзімі – биылғы желтоқсан айының аяғы. Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы мамандары «Тұрғысын -1» стансасының құрылысы белгіленген уақытында бітеді деген болжам жасап отыр.

ЕХРО-ның жобалары жүзеге аса бастады

Қуаты 21,6 МВт-тық «Тұрғысын СЭС-2» жобасы бойынша алдын ала жобалау құжаттары әзірленіп, жобалық-сметалық құжаттары жасалып жатыр. Қазір геологиялық барлау жұмыстары жүргізілуде, әзірге инвестор табыла қоймағанымен, жобаны жүзеге асыруға қызыққандар көп. «Eco Energy» компаниясы ұсынып отырған жоба нысаны 2020 жылы пайдалануға берілмек. Мұнда жылына 61 млн кВт/сағ энергия өндіріледі.

ЕХРО-ға ұсынылып, көрмеге келген отандастарымызға, шетелдіктерге көрсетілген үшінші жоба – Риддердің маңындағы Кедровка өзенінен салынатын қуаты 500 кВт болатын «Ертіс-Шығыс» бөгетсіз шағын су электр стансасы. Жобаның бастамашысы – С.Аманжолов атындағы ШҚМУ. Жоба бойынша бизнес-жоспар, барлық қажетті есептеулер, сондай-ақ электр желілеріне қосылу жүйесі әзірленген. Жобаның негізгі мақсаты – электр энергиясын өндіре отырып, студенттер мен жас ғалымдардың білімдерін арттыру үшін тәжірибелік сабақтар өткізу алаңдарын құру.

-Қазіргі күні жобаны жүзеге асырумен аталған оқу орнының ғалымы Альмира Жылқышинова айналысып жатыр. Алдағы уақытта ғалым мемлекеттік грант алып, техникалық-экономикалық негіздемесін жасап, жобаны толық аяқтап шығуға бел буып отыр. Бизнес-жоспарда көрсетілгендей, бұл электр стансасын 2020 жылы ісе қосу көзделінген, -дейді энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы энергетика бөлімінің басшысы Нұрлан Рамазанов.

Жаңадан салынатын су электр стансалары облыс тұрғындарын, кәсіпорындарын электр энергиясымен жабдықтаудың мүмкіндігін әжептәуір арттыра түспек.

Бірнеше жыл бұрын біздің облыста электр энергиясы тапшылығы қатты сезілген болса, бүгінгі күні оған деген зәрулік жоқ. Өткен жылы қажетті 8,037 млрд. кВт/сағ тұтыну көлемінің орнына өңірде 9,962 млрд. кВт/сағ энергия өндірілген. Дегенмен бұл сан жазғы-қысқы мезгілдерде өндірілген энергияның барлық жиынтығы екендігін ескеру керек. Су тасып молаятын көктем-жаз кезінде энергия өндіру көлемі көбейгенімен, қыс айларының таңертеңгі, кешкі уақыттарындағы электр жүктемесінің артуы кезінде бәрібір энергия тапшылығы байқалып келеді. Ол тапшылық біртұтас электр қуаты ағысы жүйесіндегі басқа жақтан келетін электр энергиясымен жабылып, теңгермеленіп отырады.

САРҚЫЛМАС ҚУАТ ӨНДІРУШІГЕ ҚОЛДАУ КӨРСЕТІЛМЕК

Елбасы 2050 жылға дейін елімізде жаңартылған баламалы қуат көздерінен (ЖЭК) алынатын электр энергиясы көлемін барлық өндірілетін энергияның 50 пайызына дейін жеткізуді міндет етіп қойып отыр. Қазіргі уақытта Қазақстанда ЖЭК көлемі небары 1,6 пайызды құрайды.

Еліміздегі аса ірі су электр стансалары біздің облыста Семейдегі, Зыряндағы ЖЭО-ларда орнатылып жатқан жаңа турбиналар есебінен аймақта энергия өндіретін ЖЭО-лар қатары да арта түспек. Алайда бізге табиғатты қорғап, жерасты байлығын үнемдеп, адамзат денсаулығын сақтай алатындай бүкіл әлем көшіп, пайдаланып жатқан жаңартылған энергия көздері ауадай қажет. Облыста жел мен күннен қуат алдыратын төрт жоба жасалып, жүзеге асырылып жатыр

Ұлан ауданының Тайынты ауылы маңында шетелдік инвестормен бірге қуаты 25 МВттық жел электр стансасы салынбақ. Жылына 62,6 млн. кВт/сағ энергия өндіретін станса құрылысы 2020 жылға дейін аяқталады. Стансаның техникалық-экономикалық негіздемесі, жобалық-сметалық құжаты бар. Қуаты 40 МВт дәл осындай жел электр стансасы Жарма ауданында да салынады. Сонымен бірге Жарма ауданында қуаты 30 МВт болатын күн электр стансасы салынады. Станса келер жылдың басында пайдалануға беріледі. Осы ауданда алдағы екі жылдың ішінде қуаты 37,5 МВт тағы бір жел электр стансасын салу жоспарланып отыр. Отандық компаниялар ұсынып отырған төрт жоба да шетелдік инвесторлардың қатысуымен жүзеге асырылмақ.

Нұрлан Рамазанов, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы энергетика бөлімінің басшысы:

ЕХРО-ның жобалары жүзеге аса бастады

– Баламалы, жаңартылған энергия көздерін дамыту үшін, «Электр энергетикасы туралы», «Энергия үнемдеу туралы» Заңдарға, Кәсіпкерлік кодексіне, басқа да заңдарға баламалы энергия көздерін өндірушілерге жеңілдіктер, инвестициялық басымдықтар қарастыру бағытында өзгерістер енгізілгелі жатыр. Мемлекетке аса қажетті инвестициялық жобалар ретінде баламалы энергия өндірісі жобаларына мемлекеттік қолдау жасау мақсатында. Ол үшін ең алдымен баламалы энергия көздерінен энергия алуды заңды тұрғыда өз алдына кешенді біртұтас бөлек сала етіп бекітіп, жіктеп, топтастыруымыз керек. Баламалы энергия өндірушіге салықтық, кедендік, жер беру және құйылған инвестициялық қаржыны 30 пайызға дейін қайтарып беру сияқты төрт бағыттағы жеңілдік беріледі. Алайда қазіргі заңдылықтар бойынша баламалы энергияны өндірушілер кедендік және жер бөлу бағытындағы жеңілдіктерді ғана ала алады. Өзгерістер енгізілген соң, инвесторлардың, кәсіпкерлердің жаңартылған энергия өндіру нысандарын салуға деген қызығушылықтары арта түседі.

ОСЫ БЕТТІҢ ОСПАҒЫ

Шаңсорғышты жарнамалап жүрген агент үйге кіріп келіп:
-Еденге шашқан мына бір уыс қоқысымды мына шаңсорғышпен бір секундта жинап бермесем, бәрін өзім жейтін боламын. Көр де тұрыңыз!

-Қазір қасық алып келейін, біздің үйде свет жоқ!

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button