Егістіктен мол өнім алынып, мал тұқымы түрленді

Қыс жақындаған сайын диқан қауымы тоқмейіл күйге түсіп, малшы жұрт қарбалас іске кіріседі. Артта қалған 10 ай ауыл шаруашылығы үшін жағымды болды деуге толық негіз бар.
– 10 айда аудан бойынша 43,1 млрд. теңгенің ауылшаруашылық өнімі өндіріліп, 2017 жылдың 10 айымен салыстырғанда нақты көлем индексі 103,4% өсім көрсетті, – дейді аудан әкімінің орынбасары Дидар Хамитов.
2018 жылы аудан бойынша егілген барлық егістік көлемі 181,1 мың гектар болса, оның ішінде барлық дәнді және бұршақты дақылдар 48 594 гектарға, майлы дақылдар 81 666 гектар аумаққа егілді. Оның ішінде 75 502 гектарға күнбағыс, 2 393 гектарға картоп, 1 734 гектарға көкөніс, 1 677 гектарға бақша дақылдары, 45 015 гектарға мал азығы себілген болатын.
Бүгінде сол алқаптың бәрі толығымен орылып біткен. Алдын ала жиналған мәліметтерге сенсек, аудан диқандары 85,0 мың тонна дәнді дақыл, 90 мың тонна майлы дақыл, 61,3 мың тонна картоп және 87,2 мың тонна көкөніс пен бақша өнімдерін жинап алыпты. Бұл өткен жылдан 3,4 пайызға көп деген сөз.
Өнімнің артуына егіншілердің еселі еңбегімен қоса, техниканың жаңалануы да өз септігін тигізсе керек. Шаруа қожалықтары машина-трактор паркін жаңалауға биыл да аз көңіл бөлген жоқ. Соның арқасында жер жырту, егін егу, оны баптап, орып алу жұмыстары уақтылы орындалды. Жаңа техника еңбек өнімділігін де арттырған сыңайлы. Биыл көктемгі және күзгі дала жұмыстарына 2 648 трактор, 319 комбайн жұмылдырылыпты.
Құнарлы топыраққа сапалы тұқымның себілуін сала мамандары барынша қамтамасыз етті. Элиталы тұқым үлесінің артуы соның дәлелі. Биыл көктемде 281 тонна элиталы тұқым сатып алынған болатын. Ол тұқым 21 667 гектарға себілген екен. Мұндай игі істі мемлекет қолдауға әркез дайын. Тұқымын түрлендіруге бет бұрған қожалықтар мемлекет тарапынан 29,1 млн. теңге субсидия алды.
Себілетін тұқымның сапасы үнемі бақылауда десе де болады. Биыл себілген 7 525 тонна жаздық дәнді дақыл зертханаға беріліп, арнайы сұрыптаудан өткен. Нәтижесінде 470 тонна тұқымға бірінші класты, 7055 тонна тұқымға екінші класты тұқым санаты берілген. Биыл өңірде шегіртке шабуылы үдеуі мүмкін деген болжам айтылған. Қыс пен көктемнің ауа райы зиянкестердің көптеп таралуына қолайлы жағдай қалыптастырған еді. Зиянкестермен күресті біздің диқандар арамшөп отаудан бастады. Аудандағы 31 шаруа қожалығы жаз бойы 1 108 тонна минералдық тыңайтқыш пайдаланған екен. Сол үшін мемлекеттен 60,4 млн. теңге субсидия алды. Сондай-ақ 29 ұжым 16 337 тонна гербицид пайдаланған. Ол үшін 29,8 млн. теңге субсидия төленген.
Жанармай жыры үржарлықтарды да айналып өткен жоқ. Ол сынақтан да еңбекшіл қауымның сүрінбей өткенін уақыт көрсетіп отыр. Жаз бойында үржарлық шаруаларға 5021 тонна дизель отыны жеңіл бағамен ұсынылған болатын. Соның ішінде көктемгі дала жұмыстарына 2056 тонна, күзгі егін жинау жұмыстарына 2 965 тонна бөлініп, толығымен игерілді.
Егіншілер еңбектің бейнетінен құтылып, зейнетін көруге дайын отыр. Ал малшы қауымын қыстың қытымыр күндері күтіп тұр. Өзгеге сенбей, өзінің адал еңбегіне ғана арқа сүйейтін атакәсіп иелері қамсыз емес. Қыстамаға 230 мың тонна шөп, 9,1 мың тонна пішендеме және 2000 тонна сүрлем жиналды.
Тұқым түрлендіру үржарлық шаруалардың арасында сәтті белең алып отыр. Қолдағы ірі қараның нәсілін асылдандырумен 274 шаруа қожалығы айналысады. Ол үшін түкпір-түкпірден 552 асыл тұқымды бұқа әкелінген. Аудандағы аналық малдың 30,1 пайызы тұқым түрлендіру шараларына тартылған. Ендігі міндет – осы көрсеткішті 50 пайызға жеткізу болып тұр.
Малдың саны мен сапасын арттыру мақсатында шеттен түлік тасуға да қарекет жасалуда. Етті мал шаруашылығын дамытуға бағытталған «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 17 жоба қолға алынды. Осы жобалар аясында шетелден 1958 бас сиыр сатып әкелу жоспарланып отыр. Бұл жобалардың тағдыры қаржылық институттардың қолында.

Облыс әкімінің сүт бағытындағы мал шаруашылығын дамыту бойынша берілген тапсырмасы да тиянақты орындалуда. Ауданда жалпы сиымдылығы 400 бас сауынды сиырға арналған екі тауарлы-сүт фермасы іске қосылып, жұмыстарын жүргізуде. Бүгінгі күні ауданда «Арыстанбек -Үржар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен жеке кәсіпкер Н.Қайролла ашқан екі сүт қабылдау бекеті елдің алғысын арқалап отыр. Мұнда қабылданған сүт дереу өңделіп, асханасы бар мектептерге, балабақшаларға, денсаулық сақтау мекемелеріне босатылуда. Одан артылғаны аудан халқына сатылуда.
Аудан бойынша асыл тұқымды ірі қараның үлесі үш пайызды құрап отыр. Соның ішінде 1038 бас «Абердин Ангус» нәсіліне жатса, 32 мың бас қазақтың ақбас сиыры бар. «Әулиекөл» тұқымы – 1367 басты, «Шаролле» 673 басты және «Симентал» тұқым 308 басты құрап отыр.
Омарта шаруашылығын дамыту бойынша да ауданда бірқатар жұмыстар атқарылуда. Аудан көлемінде ара шаруашылығымен 130 астам шаруашылық шұғылданады. Олардың қолында 5000-нан астам ұя бар. Орта есеппен жылына 260 тонна бал өндірілуде. Біздегі бал өнімдері ауданнан тыс Алматы, Семей, Өскемен қалаларында саудаланады. Сонымен бірге, Қытайға жылына орта есеппен 50 тоннадан астам бал экспортталады.
Бнйсенғазы Ұлықбек
Үржар ауданы.