Егістік әртараптандыруға маңыз беріледі

Өңірде көктемгі дала жұмыстарына дайындық әлдеқашан басталған. Әр шаруашылық техникасын, тұқымын, жанар-жағармайын қамдауда.
– Қазір аудандағы шаруа қожалықтары мен жеке тұлғаларда 2401 трактор бар, олардың 2280-і қысқы жөндеуден өтіп, дайын тұр. Бұлардың ішінде 2106 доңғалақты трактордың 2003-і, 295 шынжыр табанды трактордың 277-сі жұмысқа әзір. Яғни, техниканың 95 пайызы егістікке шығуға дайын. Сондай-ақ жер өңдеу техникасының дайындығы 100, тұқым сепкіштердің дайындығы 97 пайызға жетіп отыр, – дейді аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің жетекшісі Тәуіржан Шоманов.
Биыл көктемгі дала жұмыстарына 4853 тонна дизель отыны қажет, бүгінге дейін облыстық ауыл шаруашылық басқармасынан оның 3030 тоннасы бөлінді. Ауданға босату бағасы – тоннасына 193 мың теңге, тасымалданушы оператор боп «Petro Retail» ЖШС тағайындалды. Аягөз қаласындағы жанармай базасынан босату бағасы – литріне 178 теңге.
Осы жылы ауданда 183600 гектар аумаққа тұқым себілмек. Егістікті әртараптандыруға ерекше назар аударылып, күнбағыс алқабын біршама азайту жоспарланған. 2017 жылы күнбағыс алқабы 76699 гектар болса, өткен жылы 4942 гектарға азайтылды. Осы жылы бұл дақылдың егістігі осыған жетеқабыл болмақ.
– Біраз уақыттан кейін ылғал жабу жұмысы басталады. Былтыр күзде 7000 гектар атырапқа күздік бидай егілген. Сондай-ақ 4880 гектар аумақты алып жатқан көпжылдық малазықтық дақылдар бар, – дейді ауыл шаруашылығы бөлімінің жетекшісі.
Минералды тыңайтқыштарға биыл да тапсырыс берілген, жуырда тасымалдана бастайды. 2017 жылы жаздық бидай 31610 гектарға, былтыр 32172 гектарға себілген. Осы жылы себілетін ауданы осыған жуық болмақ.
Сонымен қатар майлы дақылдарды егу де жыл сайын қарқын алуда. Былтыр 78525 гектарға майлы дақылдар себілсе, биыл 81660 гектарға егілуі тиіс. Осы жылы өңірімізде 50828 гектар егістікке дәнді дақылдар себілмек.
Ауданда картоп және бақша өнімдерімен айналысатын шаруашылықтар көп. Яғни, биыл 1670 гектарға бақша өнімдері, 2418 гектарға картоп егілмек.
– Бүгінде ауданның барлық 27 округі көктемгі дала жұмыстарына тиянақты дайындалуда. Қазір округтер бақша өнімдері мен картоп егуге әзірленіп үлгерді. Мысалы, Көкөзек, Науалы, Қарақол, Қабанбай, Мақаншы, Ақжар елдімекендерінің шаруашылықтары бұл дақылдарға айтарлықтай көңіл аударуда, – дейді Тәуіржан Шоманов.
Бейсенғазы Ұлықбек
Үржар ауданы.