Қоғам

Егіншінің мұңы – жанармайдың құны

Егіншінің мұңы – жанармайдың құны


Көктем келді дегенше, диқаннан маза қашты десейші. Биылғы қарсыз қыс 1,7 мың гектарға егілген күздік бидайды үсітіп жіберген.

Арзан деген аты ғана

Мазаны қашырған ол да емес, жанармайдың жыры. Егіс науқанына деп босатылған дизель бағасының арзандатылды деген аты ғана. Еліміздің Энергетика министрлігі Шығыс Қазақстан бойынша Павлодар мұнай-химия зауытына көктемгі егін жұмыстары үшін дизельдік отынның әр тоннасын 161 мың теңгеден сатасың деп бекітіп берген екен. Бұл литрге шаққанда 135 теңге деген сөз. Осы бағамен босатылған жанармайды жергілікті операторларға «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ жеткізуші болып тағайындалған. Облыс бойынша егіс жұмыстарына жанармай үлестірумен айналысатын 19 оператор болса, соның барлығы дизельдік отынды «ҚазМұнайГаз» компаниясынан алады деген сөз. Осылайша, бірнеше өткелектен өткен дизельдің әр литрі қарапайым егіншіге 155-156 теңгеден тиіп отыр. Мұндай баға маусымнан-маусымға дейін ілекерлеп жететін кішігірім қожалықтарды қойып, төрт құбыласы тең құрылымдарға да ауыр түсіп отырған сияқты.

– 155 теңгені арзандатылған баға деуге келмейді. Биыл нарықтағы баға мен арзандатылған бағаның арасындағы айырмашылық 4-5 теңге көлемінде ғана. Бұл кімге болса да оңай емес. Қимылдай білген адам қажетті субсидиясын да, сапалы тұқымын да қамдап алады. Ол өзіне байланысты дүние. Ал жанармай бағасы мемлекетке тікелей байланысты. Биылғы ұсынылған бағадан ондай қамқорлықты көріп отырған жоқпыз, – дейді «Семена масличных культур» ЖШС директоры Людмила Цыбенко.

Бесқарағай ауданындағы «Балке» шаруа қожалығының жетекшісі Оралбек Тоқашев арзандатылған жанармай деген ұғым аңызға айналып бара жатқанын айтады.

– Ауыл шаруашылығын дамытуға жауапты мекемелердің есебіне қарасаң, бәрі тамаша сияқты. Субсидия төленген, арзандатылған жанармай жеткілікті. Тек білек түр де, еңбек ет. Ал іске келгенде бәрі басқаша. Биылғы жеңілдікпен берілетін бағаның өзі күлкілі. Құжат өткізуге уақыт кетеді, оны тасымалдау шығыны тағы бар. Одан да 4-5 теңге қымбат болса да, тура жанармай стансасынан сатып алған жеңіл. Мен көпжылдық шөптер егумен 20 жылдан бері айналысып келем. Соңғы жылдары мемлекет босататын жанармайға қарайламайтын болдық. Бұлар тек ақпан айынан бастап қимылдайды. Заң талабы солай шығар. Құжат жинап, босатылған дизель жеткенше мамыр келеді. Оған қарап отырсақ, көктемнің қысқа күнін босқа өткізіп алар едік. Сол үшін «Жаздың қамын қыс ойла» қағидасымен көктемге қажет жанармайдың несиесін банктерден күзде қамдап қоямыз. Осылайша, өз қотырымызды өзіміз қасып келеміз, – дейді диқан.

Биылғы баға диірмен ұстап, астық екшеп отырған шаруалардың арқасына тіптен аяздай батып отыр. Зырян ауданындағы «Тенар» шаруа қожалығының басшысы Мұрат Сайлаубаев бір науқанда, бір өзі жарты тонна дизель тұтынатынын айтады.

– Көктемгі егіс жұмыстары дегенді елдің көбі жер айдау мен тұқым себу деп қана ойлайды. Тұқым кептіру деген үлкен кешенді шаруа бар. Дақылдың негізгі бөлігін күнбағыс құрайтын біздің өңір үшін бұл мәселе өте маңызды. Себебі оны суық түскенде, қар мен жаңбырға араластырып орамыз. Ал аудандарға арзандатылған жанармай мөлшері белгіленгенде бұл мәселе ескерілмейді. Мысалы, маған қажет 500 тонна дизельдің барлығын арзандатылған бағамен береді дегенге өз басым сенбеймін. Ондай болып көрген жоқ. Бізге Катонқарағайдан шаруалар келіп, тұқым кептіртеді. Биылғы баға айырмашылығы олардың тұқымды тасымалдау шығынын да жаба алмайды. Мұны жеңілдік деп айтуға келмейді. Жанармаймен қамтудың жүйесін өзгертіп, субсидияға ауыстырмай болмайды, – дейді ол.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының дерегіне сүйенсек, биыл барлығы 1,357 млн гектарға тұқым себілмек. Қажетті жанармай мөлшері – 25 мың тонна. Оның үш мың тоннасы наурыз айына, қалған 22 мың тоннасы сәуір мен мамырға тең бөлінген. Наурызға тиесілі дизельдің 2,8 мың тоннасы Павлодардан шыққан екен. Ал сәуірге тиесілі отынның 10,9 мың тоннасына ақша төленген.

Күздік бидай үсіп кетті

Биылғы қарсыз қыс Шығыс Қазақстан бойынша 1,7 мың гектарға егілген күздік бидайды толығымен үсітіп жіберген. Бұл туралы облыс әкімдігінің мәжілісінде мәлім болды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Жақыпбаев қыс бойы қардың аз түсуі диқандарға соққы болып тигенін айтты. Қардың жұқалығы алқаптарға 1 метрден астам тоң түсуіне түрткі болған. Осылайша, күзде егілген дақылдың 5,4 пайызы жарамсыз күйге түскен.

– Былтыр күзде 31,3 мың гектар алқапқа күздік дақылдар егілген болатын. Соның 1700 гектары түгелдей үсіп кеткен. Тағы 5200 гектар алқаптың жағдайы нашар, 22,9 мың гектардың жағдайын қанағаттанарлық деп бағалап отырмыз. Тек 1,5 мың гектар күздік дақылдың қиындықсыз өнетініне сенімдіміз, – дейді Асқар Жақыпбаев.

Асқар Жақыпбаев биыл себілетін тұқымның жартысынан астамы бірінші класты, жоғары сапалы екенін айтады. Мұндай көрсеткішті облыс әкімі Даниал Ахметов те оң бағалап отыр.

– Бірінші класты тұқымның үлесі 59 пайыз екен. Бұл жақсы көрсеткіш. Тек екінші және үшінші кластың арасындағы айырмашылық былтырғы деңгейінде қалмауы керек еді. Әлі де болса үшінші класты тұқымның үлесін азайта түсу керек, – деді аймақ басшысы.

Тоңның тауқыметін көрген шаруа қожалықтың бірі – «Балке». Оралбек Тоқашевтың 200 гектарға салған жоңышқасы өнбей қалуы мүмкін.

– Бүгін де егіс басынан келдім. Көрсең, көңілің құлазиды. Он аттасаң, бір өскін көресің. Бұл бізге ауыр соққы болайын деп тұр. Жылда осы уақытта күзде еккен дақылдар жаппай көк атып қоятын, – деді шаруа телефонның ар жағынан.

Ал «Семена масличных культур» ЖШС-нің 300 гектар күздік бидайы түгел үсіген. Бұған қысылып отырған Людмила Цыбенко жоқ. Оны көктемнің ұзаққа созылып бара жатқаны алаңдататын сияқты.

Егіншінің мұңы – жанармайдың құны

– Қар жылдам кеткенімен, егістің беті батпақтан арылар емес. Беті батпақ, асты тоң. Бүгінге дейін бүкіл алқаптың 85 пайызын бораналап үлгердік. Бірақ шығын жылдағыдан көп. Батпақты аудару оңай емес, жұмыс өнбей тұр, – дейді қожалық басшысы.

Тоң мен қарғын судан зардапты бір адамдай шеккен Катонқарағай ауданындағы «Жас қанат» шаруашылығына да хабарластық. Анатолий Матасовтың бір айдан бері су орған жыраны бітеумен басы қатып жүр. Ұзындығы екі шақырымға жеткен жыраны бітеу үшін төрт бульдозерді жұмысқа салған екен.

– Шығын орасан, төрт ауыр техника күн сайын дүниенің дизелін жұтып жатыр. Енді 1,5 аптада бұл жұмысты да еңсереміз, – дейді өзі. Ол соңғы жылдары жанармай бағасы мен егін өнімінің бағасы кері пропорционал бағытта өзгеріп келе жатқанына таң.

– 2016 жылы арзандатылған дизельдің әр литрін 90 теңгеден алғанбыз. Одан кейін 122 теңге болды. Енді, міне, 155 теңге. Ал қарақұмықтың бағасы соңғы үш жылда ұдайы түсіп келеді. Есесіне субсидияны тұқымға да, тыңайтқышқа да береді. Техника қажет болса, лизинг бар. Кезінде үкімет арақ бағасын қымбаттатып жібергенде, ел арасында әзіл өлең тараған. «Передайте Горбачеву, нам и десять по плечу» деп әндететінбіз. Сол айтпақшы, жанармай қымбат екен деп, ешкім егін салмай қоймас, – дейді А.Матасов.

Есімжан Нақтыбай

Осы айдарда

Back to top button