ҚоғамТОП

Егіс алқабының көлемі ұлғайды

Биыл өңіріміздегі ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алаңдары 645,1 мың гектарға жетеді. Бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 6,7 мың гектарға артық.

Шаруалар 45,1 мың гектар егістікке 68 мың тонна ауыл шаруашылығы дақылдарының кондициялық тұқымын сепкен.

Облыстағы майлы дақылдардың егіс алқабы да былтырғымен салыстырғанда айтарлықтай ұлғайған. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, майлы дақылдардың көлемін ұлғайту импортты жергілікті өнімдермен алмастыру қажеттілігінен туындаған. Ол өсімдік майының бағасына да оң әсер ететін көрінеді.

Егіс алқаптарының көлемі де ұлғайған, оның ішінде жемшөп дақылдары өткен жылмен салыстырғанда 3,3 мың гектарға артып, 125 мың гектарға жеткен. Ал көкөніс және бақша дақылдары 6,1 мың гектарға (былтырғыдан 0,1 га артық), картоп 11,6 мың гектарға (былтырғыдан 0,6 га артық) жетті.

Көктемгі егіс жұмыстары кезінде агроқұрылымдарды қолдау үшін мемлекеттік қордан нарықтағыдан 14% төмен бағада 14 мың тонна дизель отыны бөлінді. Сонымен қатар 35 мың тонна тыңайтқыш жөнелтілді, қосымша тағы 46,8 мың тонна жеткізу жоспарланған. Бұл ретте мемлекет ауыл шаруашылығы өндірушілерінің тыңайтқыштар мен пестицидтер сатып алуға жұмсаған шығындарының 60%-на дейін субсидиялайды.

– Көктемгі егіс жұмыстарын табысты жүргізу үшін биыл облыстық бюджеттен өсімдік шаруашылығына 4,1 млрд теңге субсидия бөлінді. Бүгінгі таңда фермерлерге 1,7 млрд теңге субсидия төленді, – деп нақтылады облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан.

Сондай-ақ «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ республикалық бюджеттен 13 млрд теңге көлемінде несие бөлген.

Осы айдарда

Back to top button