Егін жаңа технологиямен егіледі
Биыл Алтай ауданының диқандары егіс алқаптарының 77 пайызына ылғал үнемдейтін технологияларды қолданбақ.
Бұл туралы аудандағы ауыл шаруашылығы құрылымдарының алдағы көктемгі егіс науқанына дайындығы жайында хабарлаған аудандық ауыл шаруашылығы, жер қатынастары және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Айгүл Құттыбаева айтты.
Бүгінде дайындық жұмыстарының жоспарлы түрде жүргізіліп жатқанын алға тартқан ол ауыл шаруашылығы техникалары мен жабдықтары көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге 100 пайыз әзір екенін атап өтті.
– Биыл жоспарға сәйкес аудандағы ауыл шаруашылығы құрылымдары 70,8 мың гектар алқапқа дақыл егуді ойластырып отыр, – дейді Айгүл Құттыбаева. – Олардың 38,8 мың гектары жаздық дақылдар болса, 28,3 мың гектары май дақылдары болмақ. Сонымен қатар биыл 60 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары ылғал үнемдейтін технологияларды қолдана отырып себілмек. Бұл – аудан аумағындағы егіс алқаптарының 77 пайызы.
Бұдан бөлек, аудандағы өсімдік шаруашылығымен айналысатын құрылымдар 6,5 мың тонна тыңайтқыш сатып алған. Бүгінде тыңайтқыш өндірушілермен тұрақты түрде жасалған келісімдердің арқасында аталмыш көрсеткіш алдағы уақытта жеті мың тоннаға дейін жеткізілмек. Сонымен қатар осы жылы себіледі деп дайындалған тұқымның басым бөлігі кондиция бойынша зертханалық талдаудан өткізіліп, бірінші және екінші класты тұқым мөлшері жүз пайызды құраған.
– Аудандағы бес жүзден астам трактор мен жиырмадан астам заманауи тұқым себетін кешен көктемгі егіс науқанын ойдағыдай өткізуге септігін тигізеді деп ойлаймын. Оған қоса, биыл жергілікті шаруашылықтар жалпы сомасы 400 миллион теңгеден асып жығылатын қаражатқа он жаңа техника сатып алды. Павлодар мұнай-химия өңдеу зауытынан наурыз-сәуір айларына литрі 205 теңгеден жалпы мөлшері 3510 тонна жанармай бөлініп, аудан бойынша оларды тұтынушыға жеткізетін үш оператор белгіленді, – деді бөлім басшысы.
Азамат Темірбеков