Қоғам

Егін алқаптарында тыңайту жұмыстары басталды

Азамат Темірбеков

Биыл көктемнің ерте келуіне байланысты соқа-сайманын сайлап отырған диқандар егіс науқанын әдеттегіден ерте бастап, барлық дала жұмыстарын ойдағыдай аяқтады. Себілген тұқымның барлығы стандартқа сай сапалы болып, қазіргі уақытта егіс алқаптарында тыңайту жұмыстары жалғасты.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының берген ақпаратына сүйенсек, қазіргі уақытта өңіріміздің барлық аудан, қалаларындағы 1393 мың гектар егіс алқаптарында көктемгі себу жұмыстары толықтай аяқталған. Оның басым бөлігіне, яғни 1233 мың гектарына жаздық дақылдар егілсе, 25,7 мың гектарына күздік дақылдар отырғызылды. Бұдан бөлек, 137,5 мың гектар аумаққа көпжылдық шөп дақылдары отырғызылып, мал азығы егілетін алаңдар көлемі өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 14,6 мың гектарға артты.

Сонымен қатар биыл жаздық астық дақылдары жалпы егіс алаңының 43 пайызына егілсе, көлемі бойынша екінші орынды 35 пайыздық көрсеткішпен майлы дақылдар алады. Ал қалған бөлігіне мал азықтық дақылдар, картоп пен көкөністер және бақша дақылдары отырғызылды.

Бұған дейін, бүгінгі күні күнбағыс дақылынан басқа дақылдардың егіс алаңдарының жоспарланған құрылымы жер өңдеу жүйесінің ғылыми негіздемесіне сай келетіні жайында хабарлаған едік. Бүгінгі күні күнбағыс егілген егістіктердің үлесі облыс бойынша 33 пайызды құрайды. Ал облыстық ауыл шаруашылығы тәжірибелік станциясының мамандары аталмыш дақыл түрін егудің ең жоғарғы үлесі өңірде 25 пайызды құрау керектігін айтқан болатын.

– Көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін тоннасы 212 мың теңге тұратын 33 мың тонна дизель отыны бөлінді, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Рамиль Сағандықов. – Сонымен қатар топырақ қабатының құнарлылығын арттыру мақсатында өңірдегі шаруашылық құрылымдары жалпы аумағы 300 мың гектар егіс алқабына 33 мың тонна түрлі минералды тыңайтқыштар сатып алып, шашты.

Жалпы, себілетін дақыл тұқымы барлық көрсеткіштер бойынша тексеріліп барып қана отырғызылатыны белгілі. «ҚазАгрЭкс» кәсіпорнының хабарлауынша, аталмыш ұйым арқылы тоғыз түрлі көрсеткіш бойынша тексеруден өткізілген 98,6 мың тонна тұқым толықтай стандартқа сай болып шыққан.

Қазіргі уақытта облыстағы шаруашылықтарда көктемгі егіс науқанын ойдағыдай аяқтауға барлық техникалық мүмкіндік жасалған. Атап айтсақ, аталмыш іске 34 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникалары мен құрылғылары дер уақытында әзірленіп, жұмылдырылған. Бүгінде егіс алқаптарын химиялық өңдеу жұмыстары басталып кеткен. Биыл 708,2 мың гектар алқапта гербицидті өңдеу жұмыстарын жүргізу жоспарланса, 21 мың гектар алқапта түрлі аурулар мен зиянкестерге қарсы өңдеу шаралары ұйымдастырылмақ.

Көктемгі егіс науқанын жүргізуге мемлекет тарапынан жыл сайын көрсетілетін қолдау шаралары биыл да несиелеу және субсидиялау түрінде көрсетілді. Атап айтсақ, Аграрлық несие корпорациясы арқылы облыстағы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 3,9 млрд. теңге бөлінсе, оның 2,9 млрд. теңгеден астамы «Кең дала», ал 947 млн. теңгесі «Агробизнес» бағдарламасы бойынша қарастырылды. Оған қоса, «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы арқылы соңғы бес ай аралығында өңір шаруаларына жалпы сомасы 4,8 млрд. теңгені құрайтын қаражатқа түрлі техникалар сатып алынды.

Жалпы, шаруаларды жаңа техникамен оңтайлы шартта қамтамасыз етіп келе жатқан «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы арқылы елімізде сатылатын ауыл шаруашылығы техникалары 50-ден 77 пайызға дейінгі аралықты қамтиды. Өткен жылы да ел тұрғындары тарапынан техникаларға деген сұраныс төмендемеген. Атап айтсақ, өткен жылы ғана 141,6 млрд. теңгеге техникалар лизингке беріліп, 2020 жылмен салыстырғанда көрсеткіш 28 пайыздан асып жығылған. Нәтижесінде қаржы ұйымы ел шаруаларына жеті мыңнан астам техниканы лизингке берген.

Аталған көрсеткіштерден-ақ шаруалардың жаңа техниканы қорықпай сатып ала бастағанын көруімізге болады. Соңғы уақытта шаруашылықтардың ауыл шаруашылығы техникаларын лизингке алуы жиілеп, әсіресе Глубокое, Шемонайха, Үржар, Бесқарағай, Бородулиха және Аягөз аудандарында аталмыш көрсеткіш өскен.

Тағы бір айта кетерлік жайт, ширек ғасырға таяу уақыт ішінде шығысқазақстандық шаруаларға 68 миллиард теңгеден астам қаражатқа техникалар табысталған.

Егіс науқанын ойдағыдай жүргізуге септігін тигізетін салалардың бірі – субсидиялау болып табылады. Аталмыш істі біржақты ету мақсатында биыл облыстық бюджеттен 6,2 млрд. теңге мөлшерінде қаражат қарастырылды. Бұл көрсеткіш өткен жылғы мөлшермен салыстырғанда 577 млн. теңгеге артық. Субсидиялау шарасын құрылымдық деңгейде қарайтын болсақ, биыл тұқым шаруашылығын қолдауға 223 млн., минералды тыңайтқыштар құнын арзандатуға 354 млн., пестицидтер құнын арзандатуға 28 млн., суармалы су жеткізу қызметін субсидиялауға 3 млн. теңге артық бөлінді.

Осылайша, көктемгі дала жұмыстарын жүргізу мақсатында жоспарланған жұмыстар қатаң бақылауда болып, уақытылы әрі сапалы деңгейде орындалды. Қазіргі уақытта егіс алқаптарын аурулар мен зиянкестерге қарсы өңдеу шаралары қарқынды түрде басталып кетті.

Осы айдарда

Back to top button