Тәуелсіздік - 30

Егемендіктен бұрын елге оралған қазақ

Еркіндік аңсап, егізден қашқан қазақтың бармаған жері, баспаған тауы жоқ. Тәуелсіздікті тұғырға қондыру жолында талай-талай таихты бастан кешті. Баба жұртынан бостандық іздеп келіп бодандықтың соңғы сүрлеуін бастан кешірген көшпелі қазақтың бірі – Мейірім Идеятұлы. Бір білсе Тәуелсіздіктің қадірін қарапайым саудагер білер деген оймен сұхбаттасып қайттық.  Ол: – «Түнгі сағат екіде автобуспен шекарадан алып өтті. Неге екенін білмеймін ылғи да түнде тасып тұрды. Ары-бері бұрылуға мұрша бермей бірден Қосағаштың аэропортына апарды да, ұшаққа мінгізді. Бір сағаттан кейін Кеңестік Қазақстан Республикасының Өскемен қаласына келіп қонғандығымызды хабарлады», – деп бастады әңгімесін тәуелсіздіктен бұрын елге көшіп келген кейіпкеріміз.

Қазақ елі Тәуелсіздік алған тұста дүниежүзінің күллі қазағы бөркін аспанға атып, төбесі көкке жете қуанды. Алайда көңілдің шекарасы қуанышта қосылғанымен, ел мен жердің арасын шекара сызығы қоспады. Саяси сызық санаға салқындық ұялатып, үміттің отын үрей үрледі. Артынша атажұрт құшақты айқара ашып, шетте қалған қазақты Отанға шақырды. Егемен елдің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылдың 31 желтоқсанында алыстағы ағайындарға маңызды үндеу жолдады.

«Қымбатты отандастар! Ежелгі атамекенінен жырақтап қалған Сіздерді кешегі күнге дейін ата-баба жеріне қайтып келе аламыз ба деген сұрақтың алаңдатып келгенін мен жақсы білемін. «Туған жердің түтіні де ыстық» дейді халқымыз. Қандас бауырларымызды байырғы ата қонысына тарту мақсатында адам правосы туралы Еларалық ережелерді басшылыққа ала отырып, Қазақстан Үкіметі «Басқа республикадан және шетелдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақстанда қоныстандыру тәртібі мен шарттары туралы» арнайы қаулы қабылдады. Сондықтан атамекенге келем деуші ағайындарға жол ашық. Ата-баба аруағы алдарыңыздан жарылқасын!» деді.

Осы үндеуден бастау алған көш күні бүгінге дейін тоқтаған жоқ. Саяси кедергілерге қарамастан отанға оралам деген қандастарға Қазақстан қақпасын айқара ашып қойды. Еркіндікпен өткен отыз жылдың ішінде отанға оралған қазақтың саны бір миллионнан асқан. Осы оралған ағайындардың 61,6 пайызы Өзбекстан, 14,2 пайызы Қытай, 9,2 пайызы Моңғолия, 6,8 пайызы Түркіменстан, 4,6 пайызы Ресей Федерациясынан, 3,6 пайызы басқа елдерден қоныс аударған екен. Осылайша Отанға оралған қазақтар демографияның діңгегін бекемдей түсті.

«Еркіндік аңсап елге көштім…»

– Баян-Өлгейде баспаханада жұмыс істеп жүріп, «Жастар ұясының» хатшысы қызметін қоса атқардым. Мыңда тоғыз жүз тоқсаныншы жылдың басында Моңғолияның көзі ашық жастары демократияға бетбұрды. Еркіндік аңсаған жастармен бірге менде де Ұлан-Баторда өткен демократиялық партияның бірінші съезіне қатыстым. Алғашқы сьезде Моңғолияның экс-Президенті Ц.Элбэгдорж, кейін қастандықпен өлтіріліп, «демократияның қарлығашы» атанған С.Зориг қатарлы саясаткерлермен бірге біз де еркіндік жолына аттанған едік. Кейін еркіндікті баба жұртымнан іздеуді жөн көріп Қазақстанға көшуді көздедік. Іздегенге сұраған дегендей 1991 жылы жұмыс күші керек деп Моңғолия қазақтарын Қазақстанға шақыра бастады. Елдің алдыңғы толқыны үдере көшті. Менде де еркіндік аңсап елге көштім. Алайда ол көш халыққа өте қиын тиді. Өйткені дүние мүлкін арнайы келген камаздар тиеп кетті де, халық Ұлан-Батор арқылы айналып мыңдаған шақырым жолды басып пойызбен келіп жатты. Бұл жаққа келгенде де адасып бір-бірін таппай қалды. Көштің соңы қиындай түскен соң екі ел келісім жасап, адамдарды Қосағаш арқылы ұшақпен таси бастады. Ол кезде Ташанты кеденінен адам өткізбей, жүк ғана өткізетін еді. Бізді түнгі сағат екіде автобуспен шекарадан алып өтті. Неге екенін білмеймін адамдарды ылғи  түнде тасып тұрды.  Ары-бері бұрылуға мұрша бермей бірден Қосағаштың аэропортына апарды да, ұшаққа мінгізді. Бір сағаттан кейін Кеңестік Қазақстан Республикасының Өскемен қаласына келіп қонғанымызды хабарлады, – дейді Мейірім Идеятұлы.

Тамылжыған тамыз айында туған жерін тастап, атажұртқа оралған ол камазға тиеп жіберген жүгін Тарғын ауылынан тауып алыпты. Бірнеше күн бұрын келіп қоныстанған жерлестерінің үйіне кіргізіп кеткен екен.

Баспада бірінші рет «Тәуелсіздік» сөзін бастық

– Бір үйге екі отбасы қоныстандық. Негізгі құжат ретінде «Қазақ ССР» деген жазуы бар оралман куәлік алдық. Кейін бізге он жылдан кейін азаматтық әрең берді. Азаматтықтың қандай жағдайға байланысты кешігіп берілгенін нақты білмедім. Жұмыс күші ретінде келгендіктен бастабында құжат жағынан көп кедергі бола қоймады.

Ол кезде қай елде болсын қиын заман болатын. Қол қусырып қарап отырсаң аштан өлесің. Бір күні демалыста қалаға келіп, баспахана іздедім. Ондағы мақсатым мамандығым бойынша жұмыс істеу болды. Мамандығым теруші болатын. Сұрастырып жүріп қазіргі «Дидар» газеті шығатын баспахананы тауып алдым. Редактор  Жұмәділ Әділбаев ағамызға жолығып, жөнімді айттым. Ол кездегі баспа машиналарымен жұмыс істеу өте қиын болатын. Шынын айтайын, баспада жұмыс істей алатыныма сенген жоқ. Баспаханаға ертіп кіргенде өзім бұрын жұмыс істеген баспа машинасын көріп қуанып кеттім. Сол арада машинаға отырып баспагер екенімді дәлелдеп беріп едім, бірден жұмысқа алатын болып келісті. Әйелім де баспаханада жұмыс істегенін айттым. Оны да жұмысқа алатын болды. Олар: – Қалаға қашан көшіп келе аласың? – деп сұрағанда, қазір болса да келем деппін. Содан шығып автовокзалға келіп «последный рейс» деп билет алдым да, кешкі автобусты күттім. Орысшамның жеткен жері сол еді. Мен кешкісін Тарғынға барсам үйім мен бала-шағам жоқ. Сұрасам  «қалаға алып кеткен», – дейді. Сөйтсем редакция іле-шала артымнан көшіріп алуға көлік жіберіпті. Осылайша көштің басын қалаға әкеліп тіредік. Қазіргі Абай даңғылының бойындағы 10 қабатты жатақхананың жетінші қабатынан бөлме беріп, сонда орналастық. Әйелім де, өзім де баспаханаға жұмысқа кірдік. Баспахананың жұмысы ауыр, жалақысы жақсы болды.

Бір күні кешкісін жұмысқа қайта шақырғанын естіп жедел жеттік. Сөйтсек Қазақстан Тәуелсіздігін жариялапты, енді газеттің сол күнгі номеріне бірінші бетке басу керек. Тәуелсіз ел болғанымызды естігенде шынын айтайын, абдырап қалдық. Мен ғана емес, сондағы үлкен кісілердің бәрі сондай сезімде болды. Бәрінің көкейінде енді қалай ел боламыз деген үрей болды-ау деймін. Сол күні еркіндік туралы хабарды газет бетіне басқанда бел ортасында болып, «Тәуелсіздік» деген жазуды өз қолымызбен жаздық. Баспада бірінші рет «Тәуелсіздік» сөзін бастық. Ол да бір тарихи сәт екен ғой. Сондықтан да күні бүгінге дейін егемендіктен бұрын елге оралған қазақ екенімді айтып жүремін. Ал оралған қазақтардың алғашқыларының бірі болып қалаға көшіп келдім. Ол кезде қаладағы қазақтың саны өте аз еді. Автовокзалдың маңайынан ауылдың қазағын іздеп жүретінмін. Ондағы мақсатым жолығып әңгіме өрбітіп, сағынышымды басу. Автобуста орыс апалар бізге жақтырмай қарап тұратын. Тәуелсіз ел болу қаншалықты қиын болса, қаланың қазағы атану да соншалықты қиын еді.

Сонымен әйелім тоғыз жылдай баспада жұмыс істеді. Ал өзім екі жылдай жұмыс істедім де ала сөмке арқалап саудаға шығып кеттім. Қазіргі «DANIЕL» сауда үйінің орны «Цыганская тропа» деп аталатын. Сол жерде жолдың бойында сауда саттым. Ол елдегі ең бір қиын кездер еді. Қазір төрге шыққандар сол босағадағы өмірді ұмытып кетті ғой, Тәуелсіздіктің тағаны оңай қалана қалған жоқ болатын. Сол бір өлара аралықта 1993 жылы Моңғолияға барып келсем елдегі рубль қағаз болып қалыпты. Менің қолымдағы рубль мен елдегі ақша екеуі екі түрлі. Сөйтсем Ресей өзінің «Россиский рубль» деген жаңа ақшасын шығарып алыпты. Қазіргі ақша айырбастау орындарында «RR» деп тұратыны сол, әйтепесе әлемде рубль біреу-ақ ғой негізі. Сөйтіп сөмке арқалап жүріп Тәуелсіз еліміздің теңгесіне де қол жеткіздік, – деп өткен күндерін бір парақтап шықты.

Мейірім Идеятұлы сол бір ала сөмке арқалаған ауыр жылдардың игілігін көріпті. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырыпты. Байып кетпесе де барымен базар күн кешіп жатыр. Күйкентайдың ұясындай дүңгіршегінде саудасын сата тұрып, әр жылдың әңгімесін өрбітті. Қилы-қилы тағдырын айта келе, «Тәуелсіздікке тәубә!» деп сөзін түйіндеді.

Қызырбек Дүргінбайұлы 

Осы айдарда

Back to top button