Еңбектің зейнеті қанша тұрады?
Елбасының тапсырмасы бойынша биыл қазақстандықтардың жасына байланысты зейнетақы мөлшері екі рет өсіріледі. Сонымен қатар, базалық зейнетақы мен бала тууға бір рет берілетін жәрдемақы да екі рет өседі. Ал 2018 жылдың 1 шілдесінен базалық зейнетақыны есептеудің жолдары өзгереді деп жоспарланған. Біз шығысқазақстандықтардың зейнетақысы қаншалықты өсетінін және зейнетақы жүйесіндегі басқа да өзгерістерді түсіндіріп беруді Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің облыстық департаменті басшысының орынбасары Марина Шароновадан өтінген едік.
Зейнетақы қаншаға өсті?
Алдымен, қазақстандықтардың жасына байланысты алатын зейнетақы мөлшері үш деңгей бойынша есептелетінін білген жөн. Олар: республикалық бюджеттен төленетін базалық зейнетақы, 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтіліне байланысты бірлескен зейнетақы және зейнетақы төлемдерінің жинақтық жүйесі. 2017 жылдың 1 сәуіріндегі мәліметтер бойынша облыста 229550 адам зейнетақы, 230303 адам базалық зейнетақы алады. Мемлекеттен әлеуметтік төлемдерді алатындардың жалпы саны облыста 660 мыңнан асады.
-Елбасының тапсырмасымен жасына байланысты зейнетақы мөлшері 2017 жылдың 1 қаңтарынан 9%-ға, ал базалық зейнетақы көлемі 7%-ға өскен болатын. Енді 2017 жылдың 1 шілдесінен жасына байланысты зейнетақы тағы да 11%-ға, базалық зейнетақы 13 %-ға көтеріледі. Сонда 2016 жылмен салыстырғанда зейнетақы мөлшері барлығы 20 %-ға артады, – деп бастады сөзін Марина Шаронова.
Нақты мысалға көшсек, былай болады. 2016 жылдың желтоқсан айында зейнеткер 51 965 теңге алды делік. Бүгінгі таңда барлық зейнеткерлердің базалық зейнетақысы бірдей – 11 965 теңге мөлшерінде белгіленген. Қолына алатын зейнетақыдан осы соманы алып таста, еңбек зейнетақысы қалады. Яғни, 11 965 теңгесі базалық зейнетақы да, қалған 40 000 теңгесі еңбек өтіліне байланысты зейнетақы. 2017 жылдың 1 қаңтарынан еңбек зейнетақысы 9 %-ға артып, 40000*9 =43600 теңге болды. Енді осы соманы 1 шілдеден 11 %-ға өсіреміз, сонда 48 396 теңге шығады. Бұдан басқа базалық зейнетақы да өткен жылмен салыстырғанда 20 %-ға өсіріледі. 2016 жылғы 11 965 теңге базалық зейнетақы 2017 жылдың 1 қаңтарынан 7 %-ға өсіп, 11 965*7 =12 802 теңге мөлшерінде белгіленді. Ал 1 шілдеден бастап тағы 13 %-ға арттырылып, 12 802*13 =14 466 теңгені құрайтын болады. Сонда еңбек зейнетақысы 48 396 теңгеге 14 466 теңге базалық зейнетақыны қоссақ, 48 965+14466= 62 862 теңге болады. Есептеуден байқағанымыздай, бір жылда зейнетақының мөлшері 10 897 теңгеге артады.
Сонымен қатар, бала тууға қатысты берілетін біржолғы жәрдемақының мөлшері де көбейді. 2017 жылдың 1 қаңтарында 7 %-ға, ал 1 шілдеден бастап тағы 20%-ға өседі. Сонда балаға берілетін жәрдемақы бір жылда 27 %-ға өседі деп қарастырылған.
-Бізде алғашқы үш балаға берілетін біржолғы жәрдемақының мөлшері бірдей. Ал төртінші нәрестеге төленетін біржолғы төлемнің көлемі де әлдеқайда артып отыр. Мысалы, қазір төртінші сәбиге 118 мың теңге берілсе, 1 шілдеден бастап оның мөлшері 142 мың 947 теңгеге дейін өседі деп жоспарланған, – деп сабақтады сөзін басшының орынбасары.
Базалық зейнетақы жаңаша тағайындалады
2014 жылдың 18 маусымында Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ Жарлығымен еліміздің зейнетақы жүйесін ары қарай 2030 жылға дейін жаңғыртудың тұжырымдамасы бекітілген болатын.
– 2018 жылдың 1 қаңтарынан ең төменгі күнкөріс деңгейін анықтау тәртібіне өзгерістер енгізіледі деп жоспарланған. Бұл дегеніміз мүгедектікке, асыраушысын жоғалтуға, жасына байланысты алатын жәрдемақылардың мөлшері өседі деген сөз. Сонымен қатар, жәрдемақыны тағайындағанда, оның ең төменгі күнкөріс деңгейінен қанша есе артық болуы да қайта қаралады, – деп түсіндірді Марина Шаронова.
Осы құжатқа сай, 2018 жылдың 1 шілдесінен базалық зейнетақы жаңаша тағайындалатын болады. Марина Шаронованың сөзіне қарағанда, елімізде базалық зейнетақы 2005 жылы енгізіліп, оның көлемі алғашында 3 мың теңге деп белгіленген. Ол зейнеткерлік жасына жеткен әйелдерге 58 жастан, ер адамдарға 63 жастан тағайындалады. Қазір барлық зейнеткерлер еңбек өтіліне қарамастан ең төменгі күнкөріс мөлшерінің 50% көлемінде алып отыр. Ал 2018 жылдың 1 шілдесінен 10 жыл және одан кем еңбек өтілі барларға базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 52% мөлшерінде тағайындалып, одан асқан әр жыл сайын 2 пайыз көлемінде артып отырады деп жоспарланған. Мысалы, еңбек өтілі 12 жыл делік, онда 52 пайыз емес, 56 пайыз болады, осылайша өсе береді. Ал кімнің еңбек өтілі 35 жылдан артса, олардың базалық зейнетақысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 100 пайызын құрайтын болады.
-Біздің облыста 1998 жылға дейін зейнеткерлікке шыққандар жинақтау жүйесіне қатыспаса да, олардың еңбек өтілі жоғары. Өйткені радиациялық аймаққа жататын қалалар мен аудандардың тұрғындарына жеңілдіктер қарастырылған. Сол себепті ондай өңірдегілердің 1949 жылғы шілдеден 1963 жылғы шілдеге дейінгі еңбек өтілдерінің бір жылы 3 жыл болып, 1963 жылғы 5 шілдеден 1992 жылғы 1 қаңтарға дейінгі өтілдері 1,5 есе болып есептелгендіктен, олардың өтілдері 40-45 жылға жетіп қалады. Сондай-ақ қуғын-сүргінге ұшырап, одан кейін ақталғандардың да бір жылы 3 жыл, Ұлы Отан соғысына қатысушылардың да еңбек өтілдері жеңілдіктермен есептеледі. Осы топқа жататындардың барлығының зейнетақысы 2018 жылдың 1 шілдесінен автоматты түрде жаңа базалық зейнетақының көлеміне қарай көтерілетін болады. Ешқандай құжаттарды тапсырудың қажеті жоқ, – дейді департамент басшысының орынбасары.
Базалық зейнетақыны есептегенде, 1998 жылға дейінгі еңбек өтіліне аналардың бала күтімімен отырған 3 жылы, 16 жасқа дейінгі мүгедек баланы күткен жылдары, офицерлер құрамына кіретін әскери қызметкерлердің әйелдері олармен бірге қоныс аударып, ол жерде мамандығына байланысты жұмыс істей алмаған жылдары да кіреді. Бұл уақыт жинақтау жүйесіне қатысқан болып саналады. Сонымен қатар, 2018 жылдың қаңтарынан бастап әйелдердің зейнеткерлік жасы біртіндеп жоғарылайды. Мысалы, 1960 жылы туған әйелдер еңбек демалысына 58 жаста емес, 58,5 жаста шығады.
Бізде 1998 жылдың 1 қаңтарынан кейін зейнеткерлікке шыққандар бар. Бұл жерде бірлескен өтіл есептеледі екен. Мысалы, еңбек демалысына 2006 жылы шықты делік. 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі 27 жыл. 100 пайыз базалық зейнетақы алу үшін 35 жыл керек. Ал жинақтау жүйесіндегі өтілі: 2006-1998=8 жыл. Енді екі өтілді қосамыз, сонда 27+8 =35 жылға толады.
Жинақтау жүйесіне қатысу маңызды
Марина Шаронова егер зейнетақыны есептеуде осы жүйе одан әрі де қолданылатын болса, бүгінгі таңда әр азамат жинақтау жүйесіне қатысуға мүдделі болуға тиіс екенін айтады. Зейнетақы тағайындаған кезде кіріс мөлшері бірыңғай зейнетақы жинақтау қорына аударылған жарналардың көлемі арқылы дәлелденеді. Егер азаматтар жинақтау қорына төлемдер аудармаса, әйелдің еңбек өтілі 20 жыл, ер адамдікі 25 жыл делік, онда бұл адамдар тек кепілдендірілген ең төменгі зейнетақыны (бүгінгі таңда 28 148 теңге деп белгіленген) және базалық зейнетақыны ғана алады. Қазір әйелдердің зейнеткерлік жасын өсіруге көшудің бірден-бір себебі де еңбек өтілінің аздығы екен.
-2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнеткерлікке шығатын әйелдердің 1998 жылдың 1 қаңтарына еңбек өтілдері толық емес. Жоғарыда айттық, кейбір өңірлерде еңбек өтілі жеңілдікпен есептелетіні жақсы. Ал, мысалы, Күршім ауданында жеңілдік жоқ. Еңбек өтілі 20 жылға да толмағандар бар, олардың зейнетақысын есептеу үшін пропорциялар құраймыз, одан негізгі зейнетақы мөлшерін алып тастаймыз дегендей. Базалық зейнетақының мөлшері жоғары болу үшін жинақтау жүйесіне қатысу мерзімі де маңызды. Оның мөлшерін есептеуде де зейнетақы қорына аударылатын төлемдердің уақтылы түсуі, өтілі үлкен рөл атқаратынын ұмытпау керек. Қазір кез келген азамат бірыңғай зейнетақы жинақтау қорына барып, өзінің ай сайынғы төлемдері туралы мәлімет алуға құқылы. Төлемдердің ай сайын аударылуы маңызды! Егер қаңтар мен ақпан айларына наурызда аударатын болса, бұл наурыз айының есебіне кетеді де, алдыңғы екі айда ақша түспеген болып саналады, – деп ескертті Марина Шаронова.
Айна ЕСКЕНҚЫЗЫ