Еңбекпен қамтылып жатыр
Жыл басынан бері Зырян ауданында кәсіпкерлікті дамыту бағытында үш жоба жүзеге асырылды.
«СпецЦементМонтаж» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі оттегі баллондарын дайындайтын стансаны жабдықтап, іске қосты. Қазір тәулігіне таза оттекті 70 баллон дайындалып, өндірісте қолданылуда.
Сондай-ақ, «Бухтармадорстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бетондық ерітінді торабының құрылысын мерзімінен бұрын салып бітірді. Жобаның құны – төрт млн. теңге. Мамандар айына 1000 текше метр бетон құйып шығарып жатыр. Бұған қоса жеке кәсіпкер Иван Коптев өз жобасын жүзеге асырды. Кәсіпкер 14,2 млн. теңгеге автомобильдер сатып алып, жолаушы тасымалдауға кірісті.
Сонымен қатар аудан кәсіпкерлері биыл 14 нысанды, атап айтқанда, сегіз сауда нүктесін, екі қоғамдық тамақтандыру орнын және төрт қызмет көрсету нысанын пайдалануға берді. Биыл 175 жаңа жұмыс орны ашылды.
2015 жылға дейінгі ауданды дамыту бағдарламасында 250 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 10 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған.