Еңбекқорлығымен елге сыйлы болды

Бүгінде Қазақстан 130-дан астам ұлт пен ұлыстың басын қосқан халықтар достығының отанына айналып отыр. Тәуелсіздік алғаннан бері еліміздің кеңестік кезеңдегі тарихы туралы ақиқатты айтуға, оның әлі де толық зерттелмеген көлеңкелі беттерін ашуға мүмкіндік туды.
Өткен ғасырдың 30-шы және 50-ші жылдарында КСРО-да көптеген адамдар, тіпті тұтас халықтар күштеп жер аударылды. Тоталитарлық жүйе миллиондаған азаматтардың тағдырын қиды. Ұлттық мүддені қорғаған зиялыларды, қарапайым еңбек адамдарын жазықсыз қудалап, кейіннен шекаралық аймақтағы халықтарды басқа аймаққа жер аудартты. Халықтарды күштеп атамекенінен көшіру жоспарлы және құпия іске асырылды.
Алғаш депортацияға ұшыраған Украинаның шекаралық аймағын мекендеген поляктар болды. 1936 жылы 28 сәуірде оларды Қазақстанға депортациялау туралы қаулы қабылданды. Ал 1937 жылы 21 тамыздағы қаулыға сәйкес Қиыр Шығыстағы кәрістерді Орта Азия, Қазақстанға жаппай шұғыл түрде көшіру басталды. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде гитлерлік әскер мен режимге жәрдемдесті деген сылтаумен Еділ бойындағы немістер, Солтүстік Кавказ, Қырым жағалауын мекендеуші біраз халықтар жер аударылды. Сөйтіп, сталиндік саясат депортацияға ұшырағандарды ұлттық болмысынан, ділінен, мәдениетінен айырды.
Сол қатаң жазаға ұшыраған ұлттардың бірі – кәрістер. Қазақстанға 90 эшелонмен 20789 отбасы (98454 адам) жеткізілді. Көпшілігі Қызылорда мен Талдықорғанға қоныстандырылды. Кәрістер жүк вагондарымен көшіріліп, оларға жол-жөнекей ешқандай жәрдем көрсетілмеді. Қайтыс болған туыстарын жерлеуге де мұрша бермей, бекеттерде түсіріп тастап отырды. Кәрістердің келуі жергілікті жердегілерге ауыр тиді. Қазақтардың өзі ұжымдастыру, отырықшыландару, ашаршылық, қуғын-сүргін зардаптарын тартып отырды. Азық-түлік жетіспеу салдарынан қоныстанушылар арасында аштықтан, аурудан көз жұмғандар көп болды. Дегенмен табиғатынан қонақжай, қайырымды қазақ халқының ортасына түскен олар ес жинап, өздеріне тән еңбекқорлықпен жағдайларын түзетуге кірісті. Сондықтан да олар қазақ халқының мейірбадығын өмір бойы ұмытпайды. Кәрістер егіншілік ісін жақсы білгендіктен, қазақтарға ауыл шаруашылығын көтеруге көмектесті. Сол кәріс ұлтының ұрпақтары Шығыс Қазақстанда өмір сүріп, еңбек етіп жүр.
Облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» бөлімінде депортацияға арналған экспозиция материалдары түрлі халықтардың Қазақстанға күштеп қоныс аударғаны жайлы әңгімелейді. Солардың бірі Николай Ким, Константин Ли, Октябрь Хан және тағы басқалар жайлы материалдар көп сақталған.
Ли Константин Васильевич 1927 жылы Қиыр Шығыс өлкесінде дүниеге келген. Жанұясы Охот теңізінен балық аулап, жағада күріш, көкөніс өсірумен айналысқан. 1937 жылы ата-анасы, үш ағасы, екі апайы Талдықорғанның Үштөбесіне қоныс аударылған. Күздің қара суығында иен далаға көшіп келген қоныстанушылар қиын-қыстау заманды бастан өткізеді. Константин Талдықорғандағы ауылшаруашылық техникумында оқып, 1946 жылы агроном мамандығын алып шығады. Оқуын аяқтағаннан кейін салалық курстарда мамандығын жетілдірумен айналысты. Қатардағы агроном ретінде еңбек жолын бастап, Зайсан аудандық атқару комитетінде жауапты қызметкер болып жалғастырады. Білімі мен іскерлігі ескеріліп, Қарасу және Ұласты кеңшарларына директор ретінде жіберіледі.

1959-1960 жылдары Тарбағатай өңіріне ең алғаш екі кәріс ұлтының азаматы – Ким Николай Гаврилович, Ли Константин Васильевич жолдамамен келеді. Бұлар ең алғашқы директорлар еді. Николай Ким Тарбағатай ауданы, «Қазақстан» қой совхозында он бір жыл директор болған. Константин Васильевич совхоз директоры болған кезінде қол астында жұмыс істеген қариялардың бірі – Сейтмолдин Пионер. Кезінде «Ұласты» совхозында жүргізуші, кейіннен автожайдың меңгерушісі болған, бүгінде Өскеменде тұрып жатыр. Пионер атаның айтуынша, Константин Васильевич халықпен етене араласқан, жағдайы төмен отбасыларды қамқорлығына алып, жақсылығын аямаған. Аталған шаруашылықтың жұмысы жолға қойылған соң, Константин Васильевич Шығыс Қазақстан облыстық тәжірибелік станция директорының орынбасары қызметіне тағайындалады. Кейіннен Алтай геологиялық барлау экспедициясының бастығы ретінде жұмысын жалғастырады. 1998 жылы 23 ақапан күні Константин Васильевич дүниеден қайтты.
Ол үш ұл, екі қыз тәрбиелеп жеткізді. Ұлдары Николай – полковник, Евгений – инженер, Станислав – агроном, қыздары Галина – дәрігер, Светлана – ұстаз, облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры. Екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірген Светлана Константиновнаның отбасы – қазақ, кәріс, неміс, өзбек, мордва ұлттарының өкілдері тұрып жатқан интернационал жанұя. Бүгінде Константин Васильевичтің ұрпақтары өсіп-өніп, отанымыздың өркендеуіне үлес қосуда.
Фарида Бегімханова,
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу музейінің меңгерушісі