Еңбеккерлердің мүддесін қорғайды

Қыркүйек айының соңғы жексенбісі Еңбек күні мейрамы болып бекітілген болатын. Соған орай жылдағы дәстүр бойынша «Облыстық кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінде «Кәсіподақтар еңбек адамының құқығын қорғауда» тақырыбымен облыстық конференция өтті.
– Бұл мейрам еңбек адамының қоғамдағы беделін көтеруге, еңбек өнімділігін арттыруды ынталандыруға, жастар арасында жұмысшы мамандықтарын насихаттауды мақсат етеді. Кәсіподақтар – еңбек қатынастары аясындағы республикамыздағы, облысымыздағы сан жағынан ең көп және ықпалды қоғамдық бірлестік. Облыс кәсіподақтары 14 облыстық, тоғыз аумақтық салалық кәсіподақтар бірлестігін және салалық бірлестікте жоқ төрт кәсіподақ ұйымын біріктіреді. Бірлестіктер құрамында 157027 мүшесі бар 2073 бастауыш кәсіподақ ұйымы тіркелген, – дейді «Шығыс Қазақстан облысы кәсіподақтар орталығы» АКБ төрайымының міндетін атқарушы Айжан Садықова.
Оның айтуынша, мемлекеттік саясат, кәсіподақтардың іс-әрекеттері арқасында әлеуметтік әріптестік жүйесі жақсы дамыған. Облыста үшжақты әлеуметтік әріптестік туралы келісім қолданыста, 11 облыстық салалық келісім жасалған. Жұмыскерлердің еңбек жағдайын жақсартуды қамтамасыз ететін ұжымдық шарттар жасау еңбек қатынастарындағы нормаға айналған. Кәсіподақ қызмет ететін ұйымдардың 97% ұжымдық шарттармен қамтылған.
Облыстық конференцияның жұмысы алдымен жекелеген секцияларда өтіп, артынан пленарлық мәжілісте жалғасты. Секцияда «Казцинк» ЖШС базасында еңбекті қорғау және қауіпсіздік бойынша өндірістік кеңестерді құру және оның жұмысын ұйымдастыру жөніндегі тәжірибесімен облыстық мәслихат депутаты, «Казцинк» ЖШС жергілікті кәсіподағының төрағасы Сергей Солдатов бөліссе, тағы бір ірі кәсіпорын «Өскемен жылу жүйелері» АҚ-дағы өндірістік кеңес жұмысы туралы оның еңбекті, қоршаған ортаны қорғау бойынша бас техникалық жетекшісі Азамат Аязбаев айтып берді. Ал екінші секцияда еңбек дауларын реттеудегі келісім комиссияларының рөлі, күнделікті жұмыстағы тәжірибе барысы сөз болды. Соған орай келісім комиссиялары өз қызметін талқылау аясында өткізеді.
– Бүгінгі жиынға кәсіподақ мүшелерімен қатар әлі еркін қоғамдық ұйым құрылмаған мекемелердің өкілдері де келіп отыр. Сондықтан еліміздің Еңбек заңнамасындағы жаңа баптарға қатысты сауалдар көп болды. Әсіресе, өткен жылдың қаңтарынан қызметін бастаған, жұмыс беруші мен қызметкерлер арасындағы еңбек дауларын реттейтін өндірістік кеңестер, келісім комиссиялары туралы айтылды, – дейді өңірдегі білім және ғылым саласы қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Назгүл Қасенова. – Мәселен, бір ғана мысал – жұмысшылардың көпшілігі еңбек демалысы кезінде ауырып қалса, еңбекке жарамсыздық парағын алу арқылы ауырған күндеріне еңбек демалысын қайта ала алатынын біле бермейді.
Жиында айтылғандай, арыз-шағымдардың 90 пайызы заңсыз жұмыстан босатуға, уақытында жалақы төлемеуге, еңбек және демалыс режимін дұрыс сақтамауға қатысты болып келеді екен.
Еңбек күніне арналған облыстық конференцияның қорытындысында еңбек адамының жағдайын жақсарту ісіне елеулі үлес қосқан бір топ кәсіподақ белсенділері еліміздегі Кәсіподақ федерациясының кеуде белгісімен, грамотасымен, облыстық кәсіподақтар орталығының мақтау қағаздарымен марапатталды. Солардың бірі – білім саласы қызметкерлерінің Ұлан аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Нұрхат Садықов Қазақстан кәсіподақтар федерациясының «Кәсіподақтарға сіңірген еңбегі үшін» белгісін кеудесіне тақты.
Конференция соңы жергілікті өнерпаздардың қатысуымен мерекелік концертке жалғасты. Конференцияның ашылуы 1000-1015
Дәурен Аллабергенұлы