Еңбекке құштар Есімжан аға
1978 жылдың 29-шілдесі оның өміріне үлкен өзгеріс әкелген күн болып есінде қалды. Тау бөктеріндегі ұзын жотада комбайнмен шөп шауып жатқан бозбала дәл сол күні аңдаусызда бір аяғынан мәңгіге айрылған болатын. Ел шулап, ес-түссіз жатқан жігітті бірден аудан орталығындағы ауруханаға жеткізген. Бұл оның енді ғана ер жеткен шағы, 18-ші жазы еді.
Содан бері қаншама жыл, қаншама уақыт өтті. Содан бері ол бір аяқтың орнына бір таяқты серік етіп, жүріп келеді. Жай жүріп қана қоймай, барлық күш-жігерін жұмсай еңбек етіп, елге пайдалы, халыққа қажетті кәсіппен айналысып келеді.
Есімжан Можанов – етікші. Катонқарағай ауылына бара қалсаңыз, орталық көшедегі шағын аяқ киім шеберханасының ішінен ол жанды міндетті түрде кездестіріп қайтасыз. Өйткені, катонқарағайлықтардың айтуынша, Есімжан ағаның қолы қысы-жазы етік жөндеп, аяқ-киім тігуден бір босамайды екен.
– Шеберханамды таңғы 8-ден бастап ашып қоямын. Жұмысқа кетіп бара жатқан елдің жолай кіре кетуіне ыңғайлы болсын деп. Екі жыл бұрын «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша екі млн. теңге несие алып, аяқ киім жөндейтін құрал-жабдықтарымның бәрін жаңалап алдым. Құралдарды Алматыға өзім барып сатып алып, машина жалдап алып келдім. Шеберханамның жабық тұратын кезі сирек болады. Қазіргі күні несиемді қайтарып жатырмын. Тапқан табысым отбасыма, өзіме жетеді, – дейді Есімжан аға.
Есімжан аға демалысқа кетіп қалса, ауылдағылардың аяқ киімін жамап, жөндеп беретін басқа жан да жоқ. Жалға алып отырған шеберхананың ақысын, несиенің ақшасын төлеу керек, тапқан қаражаттың бір бөлігіне аяқ киім жөндеуге қажетті материалдар сатып алу керек.
Осылардың бәрі онсыз да демалысты ұмыттырады. Есімжан аға сағат жөндеудің де шебері болып шықты. 8-кластан кейін ауылдағы кәсіптік техникалық училищеге ауысып, оны бітірген соң «Алтай» кеңшарына механизатор болып орналасқан жас жігіт бір аяғынан айрылып, мүгедек болып қалғанына қарамастан Өскеменге барып сағат шеберінің, одан соң етікшінің оқуын оқып келеді. Кеңестік заманда Катонқарағайдағы тұрмыстық қызмет көрсету комбинатында сағат шебері, етікші болып еңбек еткен ол бүгінде бар бұйымды жаңалап, қалпына келтірген ісмерлігімен елге танымал, еңбекқорлығымен көпке құрметті азамат атанып отыр.
Мүмкіндігі шектеулі бола тұра қиындықты жеңе біліп, кәсіп көзін тауып, еселі еңбек етіп жатқан Есімжан аға ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойында үлкен қуанышқа кенелді. Талай жылдан бері күтіп жүрген сүйінші хабар жетіп, баспана кезегінде тұрған жанға Катонқарағайдан екі бөлмелі пәтер берілді.
Жанаргүл Мұқатай
Катонқарағай ауданы.