Еңбекақы берешегі қайтарылады

Өскемендік жас шахматшылар аядай екі бөлмеде отыр. Бұл туралы облыс әкімінің қабылдауында болған бапкер Алмагүл Чакеева айтып, аймақ басшысынан жас шахматшыларға жеке ғимарат алып беруге көмектесуді сұрады.
Айта кетейік, бүгінде Алмагүл Чакееваның шәкірттері облыс орталығында орналасқан көпқабатты үйлердің біріндегі екі бөлмелі пәтерде жаттығуға мәжбүр. Алайда осынау жайт та өскемендік шахматшылардың жоғары нәтиже көрсетулеріне кедергі болар емес. Білікті бапкерден тәлім алып жатқан балақайлар берісі облыстық, арысы республикалық сайыстарда үздіктер қатарынан көрініп жүр. «Енді ғимарат мәселесі шешімін тапса, нұр үстіне нұр болар еді», – дейді Алмагүл Манапқызы. Осы ретте Алмагүл Чакееваның да шахматшы ретінде жеткен жетістіктері аз емес екенін айту керек. Мәселен, ол 2018 жылы Филиппинде өткен Азия чемпионатында топ жарған-ды. Бүгінде өскемендік бапкер халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағына ие.
– Шүкір, шәкірттен кенде емеспіз. Арасында жас та болса айтарлықтай жетістікке жетіп үлгергендері де бар. Енді осы балалардың жеңісін көргім келеді. Шәкірттерім мен жеткен белестерді бағындырып, одан да биік шыңдарға көтерілсе деймін. Бұған қай-қайсысының да әлеуеті жетіп тұр. Бізге тек жаттығатын жеке ғимарат, әйтпесе кең зал қажет. Оған қоса шахмат үстелі сияқты керек-жарақтардан да таршылық көріп отырған жайымыз бар. Осы жағынан көмек көрсетсеңіз, – деген бапкер сөз арасында Павлодар қаласында арнайы шахмат үйі бар екенін де айтып қалды.
Ал облыс әкімі кезінде ол ғимараттың тұсаукесеріне өзі де қатысқанын айтып, Өскеменде де мұндай нысан ашуға болатынын жеткізді.
– Атқарып отырған қызметіңіз өте маңызды. Еңбегіңіздің жемісін алдағы уақытта да көре беруіңізге тілектеспін. Ал енді ғимарат мәселесіне келсек, мен қала басшылығы мен спорт басқармасына бұл жөнінде тиісті тапсырма беремін. Екі бөлмелі пәтерде отырғандарыңыз жөн емес. Сіздерге «Ертіс концерт» ғимаратынан немесе басқа бір жерден кең әрі жарық бөлмелер, қажет десеңіз зал бөліп береміз. Керек-жарақтармен де қамтамасыз етеміз, – деді облыс әкімі.
Бұл күні аймақ басшысының қабылдауында «Элхон-Строй» құрылыс компаниясының бұрынғы жұмысшылары атынан келіп түскен арыз да қаралды. Облыс әкімімен кездесу барысында компанияның бұрынғы бригадирі Дархан Меңдуалиев жұмыс берушінің қызметкерлері алдында өтелмеген еңбекақы берешегі бар екенін айтып шағымданды. Айтуынша, ол өз бригадасымен бірге Шемонайха қаласында салынған 60 пәтерлі көпқабатты тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарына қатысқан. Артынша бас мердігер келісімшартта атқарылатын жұмыстардың сомасы көрсетілмей кеткенін пайдаланып, Д.Меңдуалиевтің бригадасына төленуі тиіс соманың бір бөлігін ғана ұстатқан. Ешкімнен қолдау таппаған бір топ алданған жұмысшы ақыр аяғы облыс әкімінен көмек сұрапты.
– Кісі ақысын жеу деген осы болар. Бас мердігер қол астындағылардың еңбегін пайдаланып алып, жалақы төлеуге келгенде сараңдыққа бой алдырған. Былайша айтқанда, «Элхон-Строй» компаниясының басшылығы құрылыс саласына жаңадан келіп, әлі оңы мен солын танып үлгермеген жас бригадаға әлімжеттік жасап отыр. Мұндайға еш уақытта жол беруге болмайды. Құрылысшыларға адал маңдай терімен тапқан табысы толық мөлшерде берілуі тиіс, – деген аймақ басшысы аталған мәселені жылдам шешу керектігін айтып, құзырлы органдарға тиісті тапсырма берді.
Облыс әкімнің қабылдауында сонымен қатар тағы бірнеше азамат болып, өз проблемаларымен бөлісті. Оның ішінде Өскеменде үй құрылыс комбинатын салу, Алтай туралы тарихи-танымдық кітап шығару, жол жөндеу, туризм саласында қызмет көрсететін кәсіпкерге қолдау көрсету сияқты мәселелер болды.
Нұржан Кенжеұлы