Еңбек нарығы техникалық мамандармен толығады
Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының арқасында облыстың еңбек нарығы техникалық мамандармен толығады. Мемлекеттік колледждерде екі мыңнан астам адамды оқыту және қайта даярлау курстарынан өткізу жоспарланған. Бұл жайында аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Елена Старенкова мәлім етті.
Жаңартылған бағдарламада жаппай оқыту арқылы нақты дағдыларды қалыптастыруға басты назар аударылған. Оқытылғандардың алған дағдылары олардың жұмысқа орналасу немесе жеке ісін ашу мүмкіндігін арттырады. Сондай-ақ, 29-дан асқан жандарды қайта даярлықтан өткізудің қысқа мерзімді курстары да жұмыс істейтін болады. Алдын ала есептеулер бойынша аймақта 1500 адам осындай курстарға барады деген болжам бар.
Басқарма басшысы Елбасының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында көрсетілген тапсырмаларды жүзеге асыруды бастағандарын айтты.
Индустрияландыру жаңа кәсіпорындардың ашылуына, сол арқылы жаңа жұмыс орындарының пайда болуына, тұрғындарды жаңа мамандықтарға оқыту және қайта даярлауға мүмкіндік бермек. Халықты жұмыспен қамтамасыз етуді жол картасы реттеп отырады. Бұл құжатты дайындауға аудан мен қала әкімдері, ірі кәсіпорындардың басшылары атсалысады.
Бағдарламаның екінші бағытында жаппай кәсіпкерлікті өркендетуге жағдай жасау туралы айтылады. Елена Старенкова ниет білдіргендерге 16 миллион теңгеге дейін жеті жылға 6 пайыз жылдық үстемемен шағын несиелер берілетінін ескертті.
– Жаңа бағдарламадағы басты талап – несие алам деушілер салық органдарында міндетті түрде жеке кәсіпкер ретінде тіркелулері керек. Оларға несие «Даму» және «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау» қорлары арқылы беріледі. Бүгінгі таңда несиелерді беру ережелері мен кепілдік талаптары бекітіліп жатыр, – деп түсіндірді басқарма басшысы.
Елена Старенкова қазір жұмыссыздық үшін ешқандай жәрдемақы төленбейтінін ескертті. Жұмыссыз ретінде тіркелгендерге еңбек нарығында сұранысқа ие басқа мамандықты меңгеру немесе әлеуметтік жұмыс түрлері ұсынылады. Атаулы әлеуметтік көмек отбасының кірісі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызынан төмен болғанда, жанұяда мүгедек адамдар болса ғана тағайындалады.
Басқарма басшысының берген мәліметтеріне сүйенсек, 2016 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының арқасында 16 043 адам жұмысқа орналастырылса, олардың 13 834-і тұрақты жұмыс тапқан.
Кәмәл Естай