Қоғам

Еңбек нарығы білікті мамандармен толығады

Еңбек нарығы білікті мамандармен толығады

Облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағановтың төрағалығымен еліміздің жұмыс күші мол өңірлерінен тұрғындарды Шығыс Қазақстанға қоныстандыру мәселесі бойынша кеңес өтті. Осыған орай арнайы жасалған Шығыс Қазақстан облысына қоныстандырудың электронды картасының тұсаукесеріне Денсаулық сақтау және әлеуметтік дамыту вице-министрі Дәулет Арғандықов қатысты.
Таяу арада облысымыздың еңбек нарығы Алматы, Қызылорда, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарынан келген жұмысшылармен толығады. Он күннің ішінде аталмыш облыстардың жұмыспен қамту орталықтарының өкілдері өңіріміздің шекаралық аудандарына көшуге ниет білдіргендердің тізімін ұсынуы керек.
Облысымыздың кейбір аудандарында жоғары білікті жұмысшылардың тапшылығы байқалады. Жұмыс күшінің жетіспеушілігі әсіресе, Бородулиха, Аягөз және Катонқарағай аудандарына тән. Аталмыш проблеманы шешу мақсатында «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасына енгізілген өзгертулердің нәтижесінде осыдан екі жыл бұрын Ұлан және Тарбағатай аудандарына көшіп келген 46 отбасы бүгінде жұмыспен қамтылып, оларға жер телімдері бөлініп берілген, балалары балабақшалар мен мектептерге орналасқан.
– Біз осы жұмысты жалғастыра береміз. 20-қарашаға дейін алғашқы нәтижелерге қол жеткізуіміз керек. Қазір бізде Риддер қаласына 155 отбасы көшіп келгісі келеді деген мәлімет бар. Олардың 55-іне келісім берілді, ¬– деді Нұрымбет Сақтағанов жиында.
Жұмыссыздарды Шығысқа көшіру және біздің облыста тұрақтап қалғысы келетін жастарды облыстың колледждерінде оқыту мәселелері бойынша Еңбек және тұрғындарды әлеуметтік қорғау министрлігі мен Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің арасында меморандум бекітілген.
– Қазір көші-қон мәселесіне көп көңіл бөлінеді, – деген Дәулет Арғандықов тұрғындар арасында жүргізілген зерттеулердің қорытындысымен бөлісті. – Сараптама солтүстік аудандардың халқының саны 2050 жылға қарай бір миллионға кемитінін, ал оңтүстік аймақтардың тұрғындары, керісінше, бес миллионға артатынын көрсетті. Елімізде жұмыссыздардың қарасы азаю үшін біз осы мүмкіндікті толық пайдалануымыз керек.
Баяндамашылар қоныстану бағдарламасына көшуге ниет білдірушілермен қатар облыстың жұмыс берушілері де белсене қатысулары керектігін баса айтты. Бұл орайда жағымды мысалдар да бар екен. Кеңесте сөз алған «ЖармаҚұрылысГаз» ЖШС-нің директоры Виктор Исабаев екі жылдың ішінде өңірімізге қоныс аударған 20 жұмысшыны баспанамен қамтығанын айтты. Жұмыс беруші биыл Катонқарағай ауданында филиалдарын ашып, осы бағдарламаның жүзеге асуына әлі де атсалыса беретіндеріне сендірді.
Жағдайды өз көзімен көру үшін облысымызға Оңтүстік Қазақстаннан арнайы келген Дүйсенбек Тілекеев халықты құлақтандыру жұмыстарына баса назар аударуды сұрады. Оның бұған дейін Шығысқа көшсек деген таныстарының ойлары жүзеге аспай қалыпты, өйткені, олар қайда, кімге бару керектігін білмеген. Дүйсенбектің өзі егін егіп, мал, ара шаруашылықтарын қолға алсам дейді. Өзімен бірге қоныс аударатын бірнеше отбасы бар екен.
Алдағы уақытта осындай жағдайлар болмас үшін облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының мамандары қоныстандырудың электронды картасын жасапты.
Басқарма басшысы Айжан Садықованың айтуынша, электронды картаға облыстың 14 ауданы мен Риддер қаласы енген.
– Қазіргі таңда облыстың жалға 133 пәтер сатып алуға, жергілікті бюджеттің есебінен төрт үй және жұмыс берушінің қаржысына 22 баспана сатып алуға мүмкіндігі бар, – деді Айжан Садықова. – Сонымен қатар, қоныс аударушыларға 643,8 мың гектар өрістік жер, 13,3 мың гектар айдалған жер және шөп шабу үшін 208,2 мың гектар жер беріледі. Облыстың кәсіпорындары мен ұйымдарына 751 қызметкер қажет болса, мемлекеттік мекемелерде 340 орын бос тұр.
Электронды карта аталмыш басқарманың сайтында орналасқан. Оны пайдалану көп қиындық тудырмайды. Шығыс Қазақстанға қоныс аударғысы келетін кез келген адам сайтқа еніп, өзін қызықтырған елді мекен жайында барлық мәліметті өз бетімен немесе тұрғылықты жеріндегі жұмыспен қамту орталығы мамандарының көмегімен ала алады. Басқарма басшысы алдағы уақытта жұмыс беруші мен жұмысшының әңгімелесуін онлайн режимінде өткізуді де қарастырып жатқандарын жеткізді.
Кеңесте оңтүстік облыстардың өкілдері баспананы жергілікті бюджеттің есебінен берген кезде қаржы қиындықтары туындамас үшін субсидия бөлу мәселесін алдын ала оңды шешу жөнінде тілектерін білдірді.

Риддер қоныс аударушыларды қабылдауға әзір

Денсаулық сақтау және әлеуметтік дамыту вице-министрі Дәулет Арғандықов, облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов және Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарының өкілдері Риддерге арнайы соғып, қаланың көшіп келушілерді қабылдауға дайындықтарымен танысты.
Қалада бүгінгі таңда 511 жұмыс орны бос тұр. Негізінен дәрігерлер мен мұғалімдер жетіспейді. Сондай-ақ қоғамдық тамақтану орындарының мамандары, қызмет көрсету саласының қызметкерлері, құрылысшылар да қажет.
– «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы Шығыс Қазақстанда қарқынды дамып келеді. Осы мақсатқа облысқа 10 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген. Көптеген қанатқақты жобаларды біз алдымен Шығыстан бастаймыз. Мысалы, кәсіптік бағдарлау жобасы алдымен сіздерде қолға алынған болатын, – деді вице-министр Дәулет Арғандықов. – Бүгін біз «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының аясында қоныстанушыларды Риддерге көшірудің жолдарын талқыладық. Проблемалар да бар, соны бірлесе шешуіміз керек.
Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде болған кездесуде Риддер қаласының әкімі Жомарт Мұратов шаһардың тыныс-тіршілігінен қысқаша мағлұмат берді.
– Қаланың басты проблемасы – әлеуметтік жетімдер. Өткен жылы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 55 балаға мемлекеттік бағдарламамен салынған үйден пәтер берілді. Қазір тағы 419 жетім бала тұрғын үй кезегінде тұр. Бізге жұмыс күші жетпейді. Ең алдымен дәрігерлер мен мұғалімдерді құшақ жая қарсы алар едік, – деді қала әкімі.
Іссапар барысында министрдің орынбасары мемлекеттік бағдарламамен салынған қоныстанушыларға берілетін тұрғын үйлерді аралап көріп, Риддер аграрлы-техникалық колледжінде мемлекеттік грантта оқып жүрген оқушылармен кездесті. Колледжде еліміздің әртүрлі облыстарынан келген жастар түсті металлургия мамандығы бойынша дәріс алуда. Оқушылардың айтысына қарағанда, олар жатақханамен, жылы киіммен, үш уақыт тамақпен толық қамтамасыз етілген. Ай сайын 13 мың теңгенің үстінде шәкіртақы алады екен. Олардың барлығы да оқуларын тәмамдаған соң Шығыс Қазақстанның кәсіпорындарында жұмыс істегілері келетіндерін жасырмады.
Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ольга Ильинская қоныстанудың электронды картасын пайдаланушылар алдымен телефон арқылы хабарласып, сосын барып келсе деген тілегін жеткізді. Қоныстанушылардың қолында міндетті түрде аймақтық комиссияның шешімі болуы қажет.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button