Қоғам

Еңбек еркіндік сыйлайды

Еңбек еркіндік сыйлайды


Еліміздің түзету мекемелері сотталған азаматтарды ақылы еңбекпен түзете бастады. Заңның ізгілендіруі деген, сірә, осы шығар. Осындай игі бастамадан Жарма ауданындағы Шуақ ауылы да құралақан емес.

Уақыт деген қызық дүние. Кейде жетпей қинайды, кейде өтпей қинайды. Ал күтудің азабын абақты тұтқындарынан артық ешкім білмес. Ақылы еңбек сол уақытты өлтіруге таптырмайтын дауа іспеттес. Біз болған №156/18 жалпы режимдегі түзету мекемесінде 30-ға тарта адам жұмыс істейді екен.

-Мұнда төрт жұмыс беруші кәсіп ұсынып отыр. «Экопром» ЖШС пластик терезелер құрастырса, «Атамекен» жеке кәсіпкерлігі тауық фермасын құрды. Тағы бір жеке кәсіпкер ағаш бұйымдарын өндіруді ұйымдастырса, «Еңбек Өскемен» мекемесі бірнеше сала бойынша кәсіп көзін ашты. Ауылдағы төрт түзету мекемесі де біздегі наубайхананың нанын жеп жүр, – дейді мекеме басшысы, әділет подполковнигі Ғалымжан Балтабаев.

Аталған жұмыс орындарында кімдердің еңбек етіп жүргенін көру үшін рұқсат алып, абақтының табалдырығынан аттадық. Кірген есіктің бәрін іштен құлыптай жүріп, діттеген жерімізге де жеттік. «Экопром» ЖШС-не қарасты пластик цехында төрт жігіт еңбектеніп жүр. Басшылары – Анатолий Кронов.
-Екі жыл мерзімім қалды. Жұмыстың арқасында уақыт тез өте шығады. Мемлекетке төлейтін берешегімді осында жүріп-ақ өтеп жатырмын. Осы цехқа орналасқаныма қуаныштымын, – дейді сотталушы.

Ал Бектібай Ғазиз есімді азамат бұрын да пластикпен айналысқан екен. Бостандыққа шыққанда осы кәсібін жалғастырмақшы.

Ағаш шеберлерінің жұмыс орнын кішігірім музей деуге болады. Ағаштан түйін түйген шеберлер тапсырыс бойынша жасалған сәндік бұйымдарды үйіп тастапты. Арасында домбыра шабатын Ержан Асанов та бар.

-Аспаптың шешен болуы ағашына байланысты. Өз басым сары өріктен шапқан домбыраларым сәтті шықты деп есептеймін. Абақты қабырғасында жүріп тапсырыспен үш домбыра шаптым, – дейді шебер. Ержанның домбырасы өткен жылы «Үміт сәулесі» атты аудандық байқауда жүлдеге ілініп, 15 мың теңге ұтып алған екен.

-Жұмысқа сұранушылар көп. Бірақ бірінші кезекте мемлекет алдында берешегі бар адамдарға жұмыс ұсынамыз. Олардың тәртіптері сараланады. Содан кейін ғана жұмысқа жібереміз. Мұнда ең төменгі еңбекақы мөлшерінде айлық төленеді. Заң солай. Соның өзі – үлкен стимул, – дейді инспектор Жәнібек Жүнісов.

Абақтыда кәсіп ашуға ниеттілердің саны саусақпен санарлық екен. Себебі, көбінің бұл бастамадан хабары жоқ. Әйтпесе, арзан жұмыс күшінен бөлек, өндіріске қажет ғимарат тегін беріледі. Тек тұтынған энергияның шығынын өтесе болғаны.

Бұл мекемеде кешкі мектеп те жұмыс істеп тұр. Мұнда сотталған жандар бес түрлі мамандықты игеріп шығады. Ал мектепті орта жолдан тастағандар орта білім аттестатына оқиды.

Түзету мекемесінің шағын ғимаратында орын тепкен мектепте жөндеу жұмыстары жүріп жатты. Оған оқытушылар да белсене кірісіп жүр. Серікбол Нұрахатов бұл жерде талайдан бері дәнекерлеуші мамандығын үйретіп келеді.

-10 айдың ішінде 15 адамға дәнекерлеудің қыр-сырын меңгертіп шығуым керек. Біздегі сабақтың көбі практикаға негізделген. Кәсіп үйренушілердің жасы әркелкі. Қырықтағысы да, жиырмадан жаңа асқаны да бар. Аптаның бес күнінде сабақ жүреді. Бес аппарат бар. Кезектесіп үйренеді. Стандарт бойынша уақыттың алпыс пайызын практикаға жұмсаймыз. Біз берген сертификаттар ТМД көлемінде жарамды, – дейді С.Нұрахатов.

Кешкі мектеп бізге үміт айлағындай әсер қалдырды. Білім алушыларға сырттан қарап тұрып, сотталумен өмір бітпейтінін көруге болады. Кешкі мектеп ақылы кеш кіргендерге екінші мүмкіндік сыйлайтынын наубайхана мамандығын меңгертуші Гүлнұр Касенова да растады.

Мекеменің бүкіл аумағында темірдей тәртіптің табы бар. Біркелкі киім, әскери жүріс-тұрыс, сарт-сұрт баянат. Тек біз бас сұққан шағын цехтарда ғана әркім өз ісімен әлек. Бірі тауықтардың жемін жаңалап, жұмыртқа теріп жүр. Енді бір топ буын бұрқыратып нан пісіруде. Әңгімелері де көңілді. Үстеріндегі аппақ форма наубайхана ішіне жадыраңқы реңк беретіндей. Еңбек адамға абақтыда да еркіндік сыйлайды екен.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button