Қоғам

«Еңбек Даңқы» аллеясы бар

 «Еңбек Даңқы» аллеясы бар


Сарыарқа – Байғара би, Ақтайлақ би, Аққожа би, Солтабай төре, аға сұлтан Қисық Тезекұлы секілді белгілі тұлғалар мәңгілік жай тапқан киелі мекен. Былтыр Сарыарқа ауылында Байғара би мен Ақтайлақ биге ескерткіш орнатылса, жуырда мұнда «Еңбек даңқы» аллеясының ашылу салтанаты болды.
Жалпы, мұнда жыл сайын ауқымды жобалар қолға алынып, игілікті істер атқарылып келеді. Мәселен, Сарыарқа ауылындағы көп жылдар қараусыз қалған саябақтың ішкі жөндеу жұмыстарына «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы арқылы 5 млн. теңге бөлініп, жөндеуден өтсе, демеушілер көмегімен 5 млн. қаражат жиналып, сыртқы қоршауы жөнделді. Кіреберісіне арка жасалды, эстакада қойылып, 1960 жылдары өндірісте болған ДТ-54 тракторы тұғырға орнатылды. Ал осы өңірде еңбек көрігін қыздырған ел құрметіне бөленіп, орден алған 27 азаматқа арналған «Еңбек даңқы» аллеясы демеушілер көмегімен жасалды.

Сарыарқа ауылында соңғы жылдары бірқанша әлеуметтік нысандар салынып, халыққа қызмет көрсетуде. Мұнда айта кетерлігі, 2008 жылы су жүйесі жаңартылып, демеушілердің көмегімен мешіт, монша, тойхана, дүкендер салынған. Шағын ауылда сондай-ақ, көше жолдары жөнделіп, ауыл іші жарықтандырылған. Биыл Сарыарқа ауылындағы орта мектепке спорт залы мен оқушыларға арналған асхана құрылысына жергілікті бюджеттен 168 млн. теңге бөлініп, жұмыстар жүргізілуде. Жұмыстардың аяқталуы ағымдағы жылдың қыркүйек айына жоспарлануда. Сондай-ақ, ауылдың Мәдениет үйі ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге жергілікті бюджеттен 14 487,4 мың теңге бөлінген. Жөндеу жұмыстары 2017 жылдың ақпан айында басталып, мамыр айында аяқталды.

Бір сөзбен айтқанда, Сарыарқада көптеген шаруалардың басы қайырылып келеді.

Берікхан Тайжігіт
Аягөз ауданы.

Осы айдарда

Back to top button