Еңбек адамына ең жақын үйым

Елімізде еңбек адамының құқығын қорғайтын бірден-бір ұйым болса, ол – кәсіподақ. Шығыс Қазақстан облысы 10 маусым Қазақстан кәсіподақтары күнінің қарсаңында «Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі облыстық актив өткізді. Оған облыстық басқармалардың, салалық кәсіподақтар ұйымының, Кәсіпкерлер палатасының жетекшілері мен өкілдері қатысты.
Қазақстанда кәсіподақтардың тарихы 1905 жылдан бастау алады. Сол жылы 6-желтоқсанда қазіргі Қарағанды облысының жерінде орналасқан Успенск мыс кенішінде жұмыскерлер одағы құрылған екен. Ал 1992 жылы 3 наурызда Қазақ КСР-і кәсіподақтар федерациясының атауы Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы деп өзгертіледі. Кәсіби мереке қарсаңында өткізілген облыстық активте Кәсіподақтар Федерациясы төрағасының орынбасары Ерлан Саиров баяндама жасады. Ол Кәсіподақтар федерациясының атқарып жатқан жұмыстарына кеңінен тоқталып өтті. Федерация 2018 жылды – қауіпсіздік және еңбекті қорғау жылы деп атаған. Осыған орай «Нұр Отан» партиясымен арнайы меморандумға қол қойыпты. Бүгінде республика көлемінде «Атамекен» ұлттық палатасымен бірлескен «Еңбекті қорғаудағы алдын алу мәдениетін бірге арттырамыз» атты акция жалғасуда. Сондай-ақ федерация «Қауіпсіз еңбек» аймақтық бағдарламасын әзірлеп, оннан астам облыста жүзеге асырып жатқан көрінеді. Е.Саиров Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы ел тарихында бірінші рет еліміздің Жоғарғы сотымен облыс аймақтарында ымыраға келу орталықтарын құру туралы меморандумға қол қойыпты. Бұл қадам еңбек дауларын шиеленістірмей, сотқа дейін бейбіт жолмен шешуге мүмкіндік беретін көрінеді. Жалпы, бүгінгі таңда Қазақстан кәсіподақтарының құрамында 3 миллионнан аса адам бар болса, оның екі миллионға жуығы осы Кәсіподақтар федерациясының мүшесі көрінеді. Е.Саиров Кәсіподақ федерациясы еліміздегі еңбек адамының рөлін арттырып, құқығын шешу жөніндегі көптеген мәселелерді шешіп жатқанын, бүгінгі таңда Еңбек кодексі мен «Кәсіподақтар туралы» Заңға өзгерістер енгізу жөнінде жұмыстың жүріп жатқанын, күзде Парламентке қарауына ұсынылатынын жеткізді.
Облыстық активте Шығыс Қазақстан облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бақытбек Қизатов сөз алып, ұжымдық еңбек шартын жасаудың маңызы жөнінде әңгімеледі.
Кәсіподақтардың маңызын облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Н.Краснобаева да өз сөзінде ерекше атап айтты. Облыста барлығы 17 салалық кәсіподақ ұйымы бар. Бүгінгі күні бұл кәсіподақтар азаматтық қоғамның бір бөлшегіне айналған.
Әрине, кәсіби мереке марапатсыз болушы ма еді? Көптеген үздіктер «Кәсіподақтарға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен Кәсіподақтар федерациясының құрмет граматоларымен және алғыс хаттарымен марапатталып, мерейлері үстем болды. Облыстық активтің соңы мерекелік концертке ұласты.
Мейрамтай Иманғали