Әбдірахман туралы айтар болсақ…

«Тарих қаншама мағыналы өмір иелерінің тағдыры мен айтылмаған сырларды бүккен десеңізші. 1921 жылдың көктемі. Қарқаралы қаласында болған қанды оқиға. Ал оны заманымыздың жаңарулары «иіріміне» терең батырса, тірілер сол «қасапта» шейіт болғандардың есімдерін де ұмытқан. Дегенмен, сол қырғында қаза тапқан, ел аузында 78 қызыл комиссар атанғандардың бірі жайында сөз қозғамасам, жабулы қазан жабулы күйінде қалар ма еді», – деп басталатын көпті көрген, естігендерін көкейіне тоқыған Жұманбай Әлімханұлы революция сарбазы Әбдірахман Жүнісов (1897 – 1921) туралы естелігінің алғы сөзінде.
Сонымен, өткен жылы қазасына 100 жыл толған жерлесіміз, ақ гвардияшылар небары 24 жасында айуандықпен өлтірген коммунист Әбдірахман Әлімханұлы Жүнісов кім?
Ол 1897 жылы Шұбартау өңірі, Дағанды болысының 8-ауылындағы (Қара апан) Әлімханның отбасында дүниеге келген азамат. Шыққан тегі Керей Нұралы батыр ұрпағы Жантемір атасынан. Әбдірахманның әкесі Әлімхан мен ағасы Әбілхан 1908-1911 жылдар аралығында Дағанды болысының №2 ауылында сөз ұстаған би болған. Ал Әбдірахманның анасы – Керей-Шақантай батырдың Құлбарақ атадан тараған Қансарыұлы Уәли қажының апайы Шәмшия апа.
Алғашқы кезде ауыл молдасынан ескіше хат таныған елгезек бала Әбдірахман кейіннен жыл сайын Қарқаралыдан 52 шақырымдағы Қоянды жәрмеңкесіне мал айдаушылардың тамағын дайындаушы ретінде барып жүреді. Оның білмегенін білуге деген ынталығы сол кездердегі қатарластарынан озық болды. Ол орыс балаларымен достасып, орыс оқуы мен мәдениетіне ден қойды. Қала бекінісіндегі солдаттардан балалайка, скрипка, гармонь тартуды үйреніп, орысша өлеңдерді жатқа айтады.
Революциялық төңкерістің жақын екенін казармадағы солдаттардан естіп біледі. Олар патшаға қарсы айтқан жасырын үгіттерінде «Біздің өміріміз тас қоршауда мәңгі бақи өте бермек емес, бізге де бостандық таңы ататын, бала мен жар сүйетін заман алыс емес. Ол үшін күреске шығу керек. Сендердің оқып-білулерің қажет, сонда ғана күрестің не екенін білесіңдер» дегенін көкейіне түйеді. Кейіннен менің большевик болуыма солдаттардың сол сөздері зор әсер етті, өйткені үнемі айтқандары жадымда жаңғырып, есімнен кетпейтін еді дегенін сан мәрте естідім, – дейді естелік айтушы Жұманбай.
Оқуға деген құштарлығының арқасында алғашқыда ол төрт кластық орыс мектебінде оқып, 1914 жылы Қарқаралы қаласындағы реальный училищесінде оқиды.
1916 жылы қара жұмысқа қазақтардан солдат алғанда уездік қабылдау комиссиясы оқуда жүрген Әбдірахманды тілмаштыққа шақыртады. Осыны пайдаланып, ол елден келген қол-аяғы бүтін, дені сау жігіттердің орнына көзі кемтар, ауру жігіттерді бірнеше рет кіргізіп, көптеген жастарды әскердің қара жұмысына шақырылғандар қатарынан алып қалады. Мұны сезіп қалған уезд бастығы Әбдірахманға:
– Сен барып тұрған алаяқсың, қазақтардың бәрі ауру-сырқау бола ма? Осының бәрін сен ұйымдастырып жүрсің, – дейді.
– Бұларды елден жиып әкелген мен емес, өз болыстарында дәрігерлік жәрдем алмаған халықтың сиқы осындай болады, – дейді Әбдірахман. Осыдан кейін Әбдірахманды тілмаштықтан қуып жібереді.
Қарқаралыда Совет үкіметі 1918 жылдың 8 наурыз күні орнағанда тұңғыш құрылған Совдеп мүшелері құрамында 21 жасар Әбдірахман Жүнісов те болды. Төрт айдан соң 1918 жылдың шілдесінде бүлікшілер Совдепті құлатып, мүшелерін қамауға алады.
Қамаудан аман қалған революциялық пиғылдағы жастар астыртын жұмыстағы революционерлердің басшылығымен жұмыс жүргізді. 1919 жылдың көктеміне қарай Қызыл армияның дүмпуіне шыдай алмаған ақтардың босыған әскерлері шашыранды түрде Қарқаралы қаласы арқылы да Қытайға қарай жөңкіле өте бастады. Осы кезде Қарқаралыдағы астыртын ұйым басшылығы, Омскідегі астыртын комитеттің нұсқауы бойынша революциялық жұмыста белсенділік көрсеткен біраз адамды РКП(б) мүшелігіне кандидаттыққа жасырын жағдайда қабылданғандар күреске шықты. Олардың қатарында Әбдірахман да болады.
Кандидаттыққа қабылданғандардың бір тобы Совет өкіметінің Қазақстанда орнайтындығын түсіндіру мақсатында уездегі 22 болыс елге астыртын жағдайда қаруланып аттанады. Әбдірахман да Темірші, Абыралы, Дағанды болыстарының ауылдарын аралап Совдептің, уездік халық ағарту комиссариаты мен кәсіподақтардың жаңа аппаратының тапсырмасына сәйкес Кеңес өкіметі халықтық екенін, барлық адамдардың теңдігін жүзеге асыратыны туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Бірде ол қашып бара жатқан солдаттардың бейбіт отырған ауылдардың адамдарын сабап, тонап озбырлықпен дүние мүліктерін, азық-түліктерін тартып алып жатқанының үстінен түсіп, тілдесіп заттарын қайтартып бергізеді.
Қарқаралы қаласы 1919 жылдың қазанында ақтардың билігінен азат етілгеннен соң Әбдірахман губерния орталығы Семейге білімін жетілдіру мақсатында мұғалімдер даярлайтын семинарияға жіберіліп, төрт ай оқып қайтады. Оқудан келісімен уездік Советтің мәдени-ағарту комиссиясын ұйымдастырып, мәдени-ағарту қызметкерлері кәсіподағын құруда аянбай еңбек етеді.
Қарқаралы уезіндегі тұңғыш бастауыш, жеті жылдық орыс-қазақ мектептерін ұйымдастырып, оған орыс тілінде математика мен тарихтан сабақ береді. «Қазақстан коммунистік партиясы тарихы» очеркінің 202-бетінде «Совет үкіметі жолындағы күресте көптеген коммунистер өз өмірлерін құрбан етті. Олардың ішінде Семей губерниясының Қарқаралы уезінің 70-тен астам басшы партия және Совет қызметкерлері болды» деп жазылған.
Қарқаралыда болған қанды оқиға жайлы Әбдірахманның ең үлкен ағасы, 1969 жылы 92 жасында қайтыс болған еңбек ардагері Мұқаш Әлімханұлы былай деген:
– 1921 жылы «мен үйленемін, тойға бір ірі мал керек, табылса, 10-шы сәуірге дейін жеткізсін» деп біреуден Әбдірахман маған сәлем айтыпты. Союға жарамды малымыз болмаған соң құлындайтын биенің бірін айырбастап, 5 сәуірде ол малды жетегіме алып жүріп кеттім. Күншілік жерге барғанда алдымнан бір адам шықты. Жөн сұрасқаннан кейін әлгі адам Қарқаралыдағы ақ бандылардың қанқұйлы оқиғасы мен бауырым Әбдірахманның қазасын жеткізді. Мен елге кері қайтып, туыстарға хабарлап, екі-үш күн аялдаған соң Қарқаралыға аттандық. Барған соң жатқан пәтерінің иесі жесір әйелді жанымызға ертіп, Алексей деген орыс жолдасының үйіне бардық. Ол мектепте сабақ беріп жатқан Әбдірахманның қалыңдығы Меңкебануды ертіп, төртеуіміз ескі базардың жанындағы зиратқа бардық. Басына төрт бұрышты тақтаға орысша есімін жазып ескерткіш орнатқан екен.
Сонымен, бір күннің оқиғасында қызылдардан жеңіліс тапқан ақ әскерлерінің жасауыл Токареев бастаған 500-ге таяу солдаты бар полк Петропавл мен Көкшетау арқылы Баянды баса келіп қала іргесіндегі тауға бекінеді де, қаладағы сатқындармен байланыс жасайды. Сатқындар халық үйінде большевиктердің бастауымен жиналыс өткелі жатқанын хабарлайды.
Жиналыс басталысымен Токареевке хабар жібереді. Олар соғыссыз-ақ «Халық үйін» басып алып, 78 адамның ішінде атысқандардан басқаларын шашау шығармай тұтқындап, тінтіп, ат қораға қамайды. Іштеріндегі жалғыз әйел Нағима есікті тепкілеп, зарлап болмаған соң шығарып алып кетеді.
Жауап алған соң босатып жіберген. Есікті қойғылап, қораны басына көтеріп жылап жатқан Нағимаға Әбдірахман: «Неге жылайсың? Бәрі бір бұл зұлымдардан құтыла алмаймыз, халық үшін жаның құрбан. Берілме, болашақ ұрпақ бізді ұмытпайды» деп басу айтты дегенін Нағиманың өз аузынан естідім, – дейді Мұқаш ақсақал. – Басшылары коммунистерді жеке-жеке апарып жауап алған соң қайта апарып қамай берген. Артынан оларды Қарқаралыдан тысқары, Семей жаққа баратын жолдағы, тау ішіндегі үлкен сайға апарып атып, қылышпен шапқылап қанды қасап жасайды. Қанға боялған мүрделерін туыстары тауып алып жатқанда, қалада жақыны жоқ Әбдірахманды жұмысшы болып істейтін достарының бірі Алексей басқа құрбандардан бір километр жерден, жыралы сай жағасынан Совдеп председателімен екеуін желке жақтарынан шапқан, бетжүздері ұрғаннан сау тамтығы қалмағандықтан шалбарының қалтасындағы сағатынан танып, мүрделерін үйіне алып келеді. Тазалап жуып, жәшікке салған соң сүйгені Меңкебануды жасырын ертіп келеді. Екеуі базар жанындағы зиратқа жерлеп, есімін жазып белгі қойған, – дейді естелік айтушы ағасы.
Бүгінде Қарқаралы қаласының орталығында қызыл революционер-боздақтарға ескерткіш орнатылған. Оның жетінші қатарында «Әбдірахман Жүнісов» деп жазылған. Оларды Қарқаралы орталығына құрметпен жерлеуге арналған қаралы митингіде милиция бастығы, әйгілі революционер Угар Жәнібеков көкірегі кекке толған сұсты-ызамен жиынды ашып сөйлейді.
Қазақстанның халық ақыны Төлеу Көбдіковтің баласы Қаскен Есенқараев марқұм Ұлы Октябрь революциясының 50 жылдығы мерекесі қарсаңында Шұбартау аудандық «Жаңа өмір» газетінде революционер Әбдірахман Әлімханұлы Жүнісовтың ерлік жолын паш еткен өлеңін арнайды.
Тағы да Жұманбай ақсақалдың айтқанынан:
– Айта берсе ел аузындағы деректі естеліктер өте көп. Мен 1985 жылы ЦК КПСС-тың жалпы бөліміне Ә.Жүнісовтің партиялық құжатының түбірін сұрап хат жаздым. 11 маусым күні ЦК-ның жалпы бөліміне табыс етілді деген хабар келді. 1985 жылы 20 маусымда Семей облыстық атқару комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Г.Мищенкомен телефон арқылы (Майдан Құрмашевтың көмегімен) сөйлескенімде «Қаза болғаннан кейінгі партиялық документі сақталған. Партбилет №471620. Партияға 20 сәуір 1920 жылы өткен. Соңғы қызметі – заместитель начальника политпросвета» деп хабарлады. Жалпы, 1920 жылдың 20 сәуірі күні ол партия мүшелігіне қабылданады. Оған ұсыныс беруші 1920-1921 жылдары Қарқаралы уездік ревкомының мүшесі және губкомның бөлім менгерушісі, Семей губерниялық атқару комитетінің мүшесі және Москвада ВЦИК Президиумының ұлттар бөлімінің меңгерушісіне дейін көтерілген, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Нығымет Нұрмақов болды.
Қорыта айтқанда, бүгіндері ұмыт болған есімдер аталып жатқанда, Әбдірахман Жүнісовте өзінің лайықты орнын алуы керек. Айта кеткеніміз жөн, Ертеректе Қарқаралы қаласына Шұбартау ауданынан революционер Әбдірахман Жүнісов туралы мағлұмат жинау үшін алғаш арнайы топты бастап барған аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі, бүгінде зейнеткер Ақаш Көксегенов еді.
Марат Жұмабаев,
Аягөз ауданы.