Ең үздік келін Зайсанда тұрады

Абай ауданының 90 жылдығы қарсаңында Қарауылда «Аяулы жас келін – 2018» облыстық байқауы өтті. Бұл шара Астана қаласының 20 жылдық, Шәкәрім Құдайбердіұлының 160 жылдық мерейтойлары құрметіне арналды.
Байқауға облыстың әр ауданынан келген 13 келін қатысты. Жиынды аудан әкімі Жарқынбек Байсабыров ашып, қазақтың салт-дәстүрлері осылай керемет насихатталып жатқанына ерекше ризашылығын білдірді. Сахнаға көтерілген Абай ауданының «Нұр-Сана» салт-дәстүр орталығының төрайымы Ханша Нұрғалиева ақ тілегін арнап, жастарға сәттілік тіледі.
Сайысты ұйымдастырушы облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Арайлым Есімбекова қатысушыларға қойылатын талаптарды түсіндіріп, қазылар алқасының құрамын таныстырды. Қазылар алқасының құрамында Семей қалалық тілдерді оқыту орталығының директоры Зәуреш Исабаева, облыстық мәслихат депутатының қоғамдық қабылдау бөлімінің жетекшісі Бұлбұл Бакинова, Семейдегі М.Әуезов атындағы педагогикалық колледждің директоры Шағангүл Жанаева болды.
Байқаудың бірінші бөлімі «Ас адамның арқауы» деп аталғандықтан, келіндерге арнап далада қос киіз үй тігілді. Аулада қазан-ошақ пен 13 самаурын тізіліп қойылды. Қос киіз үйдің бірінде келіндер үйден пісіріп әкелген қазақтың ұлттық тағамдарынан дастархан әзірленді. Екінші киіз үйде келіндер бауырсақ пісіруден сынға түсті. Самаурыннан сүт қосқан шай демдеп, жөнімен құйып беру, оны ізетпен ұсыну да келіндерге сын болды. Бауырсақ пісіруден Зайсан ауданынан келген Айнұр Какеева алдына жан салмады. Бұдан соң әр келін қолдарынан шыққан ұлттық тағамдарды таныстырды.
– «Әр елдің салты басқа» демекші, келіндердің барлығы бір облыстан болса да, тіпті аудандардың арасында ұмытылып бара жатқан әсіп, быламық, жонқуырдақ сияқты бірқатар ұлттық тағамдарды дайындауда аздаған өзгешеліктер бар екенін байқадық. Сонымен бірге, дастарқанда қоспа, балқаймақ, тары, құрт, ірімшік те молынан болды. Жалпы, келіндердің өнері таңдай қақтырды, – деді облыстық мәслихат депутатының қоғамдық қабылдау бөлімінің жетекшісі Бұлбұл Бакинова.
Сайыстың келесі кезеңі Мәдениет үйінің концерт залында жалғасты. Бұл бөлімде келіндер бойындағы ақыл, парасатын көрсетуге тырысты. Кезең үш сатылы болды. «Әдебі жақсының, сәлемі жақсы» атты алғашқы кезең өзін-өзі таныстыруға арналды. Сондай-ақ қатысушылардың «Келіннің бір күні» тақырыбына әзірлеген бейнероликтері көрсетілді. Ал «Ақылы көркіне сай» зияткерлік сайысында бір қатысушыға төрт тақырып бойынша бірнеше сұрақ қойылды. Салт-дәстүр, әдебиет, мақал-мәтел және тәуелсіздік туралы сұрақтарға жауап берді келіндер.
Байқаудың соңғы кезеңі «Өнер тамған он саусағың -үзілмеген ырысың» деп аталып, ән-би, өлең-жыр бойынша бақ сынасқан қатысушылар халықтың ерекше ықыласына бөленді. Зайсандық Айнұр Какеева «Балапан қаз» әнін тамылжыта шырқаса, Тарбағатай өңірінен келген жас келін Айсана Серікова ұмытылып бара жатқан дәстүр «Сыңсу» әнімен тыңдарманын толқытты. Үржарлық келін Айым Мейрамғалиева қазақ биін мың бұрала билеп, көрерменнің зор қошеметіне ие болды. Әйгерім есімді өскемендік жас келін нақышына келтіріп өлең оқыды. Ұландық Рабиға Сержан күйеуімен поляк әнін орындаса, Семей қаласынан келген Сәуле Жұмағалиева күйеуімен биден попурри биледі. Катонқарағайлық жас келін Маржан Нуксарина бір кездері әкесінен үйренген, бүгінде ұмыт болып бара жатқан ұсталық өнерді сахнада көрсетті.
Сонымен, облыстық «Аяулы жас келін – 2018» байқауы мәресіне жетіп, барлық қатысушыға Абай ауданы әкімінің атаулы сыйлығы табысталды. Жеке кәсіпкер Анархан Темірболатқызы ұландық Рабиға Сержанқызына үй жиһазының сертификатын табыс етті. Курчатов қаласынан келген келін Айдана Жұмағұлова арнайы дипломмен марапатталды. Жүлделі үшінші орынды Абай ауданының келіні Айжан Үркімбаева иеленіп, оған 50 мың теңге сыйлық табыс етілді. Екінші орын Өскеменнен келген Әйгерім Бекқызына бұйырды. Ал бас жүлде – «Аяулы жас келін – 2018» атағын Зайсан ауданынан келген келін Айнұр Какеева жеңіп алып, 100 000 теңге қаржылай марапатқа ие болды.
Раушан Нұғманбекова
Абай ауданы.