Ең үздік еңбектер түпнұсқадан аударылады

«Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» республикалық жобасын талқылау мақсатында қоғамдық келісім орталығының этномәдени бірлестік жетекшілері мен белсенділері, Қазақстан халқы ассамблеясының қоғамдық келісім кеңесі, Аналар кеңесі, ғылыми-сараптамалық тобы мен «Жаңғыру жолы» жастар штабының мүшелері Достық үйінде бас қосты.
Достық үйінің директоры Эльдар Төлеубеков, С.Аманжолов атындағы мемлекеттік университет мұражайының директоры Әділ Сайлаубек, «Алтайтану» орталығының бас ғылыми қызметкері Элеонора Столярова, Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының аға оқытушысы Майра Шүршітбай әлемнің ең үздік 100 оқулығын қазақ тіліне аударып, жастардың дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуына бағытталған жобаның мән-маңызын студент жастарға түсіндірді.
– «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» – «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі. Елдің болашағы бүгінгі жастардың қолында. Сондықтан бұл жобаның қазақ жастарының білімін тереңдетуде, тіліміздің жаңғыруына қосар үлесі зор, -деді Әділ Сайлаубек.
С.Аманжолов университетінің Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының аға оқытушысы Майра Шүршітбай айтып өткендей, мәдени сананың серпілісіне бағытталған бұл жүз кітаптың барлығы бұрынғыдай орыс тілінен емес, тікелей түпнұсқадан аударылып жатыр. – Еліміз зайырлы мемлекет болғандықтан, әр ұлтқа, әр дінге еркіндік берілген. Миссионерлік, экстремистік топтардың жұмысы біздің қоғамнан да айналып өтпеді. Елімізде дінтану мамандарын даярлайтын жоғары оқу орындары аз. Басқа мемлекеттен оқып келгендердің кейбірі дінімізді сол елдің мәдениетімен, дәстүрімен ұштастырып кетеді. Әлемдегі дәстүрлі діндерге байланысты қазақ тіліндегі еңбектер өте аз. Сондықтан осы жоба бойынша аударылған дін саласындағы кітаптың теологтар мен жергілікті имамдар, жастар үшін маңызы зор.
Бүгінде философия, әлеуметтану, экономика, менеджмент, тарих, медиаэтика саласындағы қазақ тіліне аударылған 18 кітап жарық көрді. Жыл соңына дейін еліміздегі барлық жоғары оқу орындары бұл кітаптармен толық қамтылады. Ғалымдарымыз айтып өткендей, әлемнің әйгілі университеттерінде оқытылатын ең мықты кітаптарды қазақ тіліне аудару – білім-ғылымға талпынған студент жастар үшін зор мүмкіндік.
Айжанат Бақытқызы