Қоғам

Ең үздік анықтаушы Семейде тұрады

Ең үздік анықтаушы Семейде тұрады

Полиция органдары қатарында заңды тәртіпті қатаң қадағалап, азаматтардың құқықтарын қорғап, қызметін адал атқарып, еңбегі еленіп жүрген тұлғалар аз емес. Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ «Полицейлер – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде алдыңғы шепте тұратын адамдар» деп атап көрсетуі полиция қызметінің маңызын айқындай түседі.
Осындай ел сенімін ақтап, жүктелген міндетін адал атқарып жүрген полиция қызметкерлерінің бірі – Семей қалалық ішкі істер басқармасы Затон полиция бөлімінің аға анықтаушысы, полиция капитаны Болат Айсаев.
Болаттың қазіргі мамандығы оның бала жастан бергі арманы еді. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ, «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, отбасы тәрбиесіндегі «біреудің ала жібін аттама, қашан да қара қылды қақ жарған әділдікті алдыңа ту ете біл» деген әке тәрбиесі оны мектеп бітірген соң Семейдегі қазақ-гуманитарлық инновациялық заң университетінің заң факультетіне түсуге жетеледі.
2009 жылы осы оқу орнын үздік бітірген Болат келер жылы Семей қалалық ішкі істер басқармасы Затон полиция бөлімінің тергеу бөлімшесіне тергеуші болып орналасады. Еліміздегі қылмысқа қарсы күресте және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде еңбек жолдарын алғаш бастап жатқан жас офицерлердің слетінде сол кездегі облыстық ішкі істер департаменті басшылығының «Жоғары кәсіби білікті, жан-жақты дамыған және білімді полиция қызметкері – ерікті, демократиялық және егемен Қазақстанның ажырамас бөлігі болуы тиіс. Әрқайсыңыз өз еліңізді, таңдап алған мамандығыңызды мақтан тұтып, қадірлей білетіндей қызмет етулеріңіз керек. Өзіңізді, әріптестеріңізді, қызмет ететін өз халқыңызды сыйлай білулеріңіз қажет. Ант және қызметтік борыштарыңызға адал болыңыздар» деген сөзі жадында жатталып қалыпты.
Қызығы мен қиындығы қатар жүретін тергеу қызметіне кіріскен Болат бұл қағидатты өмірінің негізгі темірқазығы ете білді. Кез келген қылмыстық істі тергеу барысында іс аясында адам тағдыры, жәбірленушінің жан айқайы барын әсте естен шығарып көрген емес. Айыптының кінәсін мойнына қою барысында қылмыстық істі жүргізу кодексі талаптарын дәл әрі нақты қолданды. «Ізденген жетер мұратқа» демекші, ұдайы ізденіс, білімін жетілдіруге ұмтылатын жас маман еңбегі ескеріліп, Семей қалалық ішкі істер басқармасының басшылығы Болатты Затон полиция бөлімінің аға анықтаушысы лауазымына тағайындады. Өзіне артқан сенім үддесінен шығу үшін Болат уақытпен санаспай, күн-түн демей, мереке күндеріндегі демалыстарын да кейінге ысырып қойып, жұмыс істеді. Нәтижесінде, айтарлықтай көрсеткіштерге қол жеткізді. Мәселен, 2015 жылдың 12 айында полиция капитаны Б.Айсаевтың өндірісінде болған 112 сотқа дейінгі тергеу материалдары сотқа жолданып, заң талаптарын аяққа таптаушылар тиісті жауапкершілікке тартылды. Тергелген істердің бірде-біреуі қосымша тергеуге қайтарылған жоқ.
«Ұлық болсаң, кішік бол» демекші, парасатты полиция қызметкері болу бірінші кезекте білімді болумен қатар, біліктілікті, құқықтық сауаттылықты, халықтың тілін таба білуді, дұрыс қарым-қатынас жасауды, ұстамдылық пен шыдамдылықты, дер кезінде шешім қабылдай алуды, өзінің істеген іс-әрекетіне жауап беруді талап етеді. Міне, осы үддеден шыға білген Болат Айсаев ел көлемінде өз ісінің үздігі атанды. Былтыр өз қызметінде жоғары нәтижеге қол жеткізіп, «Үздік анықтаушы» атағын жеңіп алған Затон полиция бөлімінің аға анықтаушысы Болат Айсаев «Мен артық ештеңе істеген жоқпын, бар болғаны – өзімнің қызметтік міндетімді жауапкершілікпен, ар-ұятыммен орындадым» дейді.

Елубек Оспанов,

Семей қалалық ІІБ мемлекеттік тіл
және ақпарат бөлімінің жетекшісі

Осы айдарда

Back to top button