ЕҢ ОЗЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫҢ КӨРМЕСІ ӨТІП ЖАТЫР

Тау қопарып, тасты үгітіп, металл іздеп, мыс балқытып, электр қуатын еселеп үнемдететін әлемдегі ең заманауи құрал-жабдықтар мен технологиялардың басы Өскеменде тағы да тоғысты. Түсті металлургия орталығында кешеден бері тау-кен, көмір, энергетика өнеркәсібі, металлургия саласы өндірістеріне қажетті түрлі-түрлі озық техникалар мен технологиялардың халықаралық көрмесі өтіп жатыр.
«Min Tech-2019» халықаралық көрмесі биыл 24-ші рет өткізіліп отыр. Көрмеге Германия, Швейцария, Польша, Чехия, Украина, Ресей сияқты тоғыз шет елдің жетекші өндірушілерімен қоса қазақстандық кәсіпорындар өнімдері де қойылып отыр. Көрмеге барлығы 66 өндіруші қатысуда.
Көрмені ашқан кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Серік Айкешов «Min Tech-2019» халықаралық көрмесінің осымен бірнеше рет Өскеменде өтіп отыруы индустриялық орталық саналатын өскемендік кәсіпорындар мен өңір өнеркәсібінің дамып, өркендеуіне айрықша септігін тигізерін атап айтты. Қазақстанның төрт ірі қаласында ұйымдастырылып келе жатқан халықаралық көрме тұсауы алғаш рет 2003 жылы Өскеменде кесілген болатын.
Шетелдік белгілі тауар өндірушілермен терезесі теңесіп, көрмеге келіп, өз өнімдерімен таныстырған Қостанайдағы желдеткіштер, түтін тұтушылар мен олардың бөлшектерін шығаратын машина құрастыру зауытының басшылығы елімізде енді ғана өндіріліп жатқан инновациялық құрал-жабдықтарының импорттық жабдықтардан еш кем түспейтінін, қайта айрықша екенін жарнамалап жеткізді. Артықшылығы сол, тау-кен, металлургия саласына қажетті олардың отандық құрал-жабдықтары қуат шығынын 30 пайызға үнемдетіп, өнімділікті бір жарым, үш есеге арттыра алады. Оған қоса бағасы да біраз арзан. Көрмеге бірлі-жарым өскемендік кәсіпорындар да қатысуда.
Қаладағы Б.Александров атындағы Спорт сарайында өтіп жатқан халықаралық көрмеге келуші отандық, өңірлік компаниялар өкілдері, салалық ведомстволар мен аймақ басшылығы өнеркәсіпке қажетті ең озық, заманауи технологиялардың, техникалардың отаны болып отырған Германия, Швейцария, Швеция, өзге де елдердің бесаспап, қауіпсіз технологияларының жұмысымен, қызметімен жақынырақ танысып, бағалады. Сол технологияларды қолдана отырып, отандық өндірісті жетілдіру мақсатында келіссөздер жүргізіп, ой-пікір алмасты.
Жаңа технологиялар мен құрал-жабдықтар көрмесінің ұйымдастырушысы «KazExpo» халықаралық көрме кешенінің директоры Мария Молдағалиева көрмеге қатысушылардың қатары жыл сайын жаңа өндірушілермен толығып келе жатқанын, аталған шараның нәтижесінде қазақстандық кәсіпорындар шетелдік әріптестерімен, өндірушілермен тығыз ынтымақтастық байланыс орнатып, жоғары технологиялардың, қолайлы құрал-жабдықтардың көмегімен еңбек өнімділігін, өндіріс тиімділігін арттыра түскенін айтты.
Көрме барысында шетелдік компаниялар өкілдері облыстағы жетекші металлургиялық кәсіпорындарда болып, өндірістерімен таныспақ. Бүгін көрмеге қатысушылар Өскеменде жаңадан іске қосылғалы отырған «Эпирок орталық Азия» компаниясының құрал-жабдықтар мен олардың бөлшектерін қалпына келтіру цехының ашылуына қатыспақ.
Жанаргүл Мұқатай