Қоғам

Ең мол «сыбаға» – Тарбағатайдың еншісінде

Ең мол «сыбаға» - Тарбағатайдың еншісінде


Өткен жылы мал тұқымын асылдандыруға бөлінген 8 миллиард теңгенің бір миллиарды Тарбағатай ауданына бөлініпті. Өңірдегі аудандардың санына шақсаңыз, бұл жай көрсеткіш емес. Ауданға бөлінген сол қомақты қаражаттың 800 миллион теңгесін «Барқытбел несие» серіктестігі еншісіне алып, мүшелеріне бөліп берген.

«Бізге тиесілі қаржыны жыл соңына дейін игеріп болдық. Соңғы жүз басты қаңтардың бірі күні алып келіп, иелеріне таратып бердік», – дейді аталмыш бірлестіктің басшысы Саят Сәдуанов.

Оларға бөлінген қаражатқа 1000 бас асыл тұқымды сиыр алу жоспарланған. Ресейдің Қосағаш өңірін аралаған несие серіктестігінің мүшелері 1089 бас ақбас сиырды Ақсуаттың аумағына жеткізіпті. Өткен жылғы «Сыбаға» бағдарламасының негізгі шарттарының бірі де шетелден мал кіргізу болатын.

Қазақ елі көлемінде мұндай ақбас тұқымды сиыр өсіріп отырған ірі шаруа қожалықтары жетерлік. «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбаламайсыздар ма?» деген сауалымызға шетелден мал кіргізудің түпкі мақсаты – қан алмастыру деп түсіндірді мал иелері.

Тарбағатайға бөлінген толағай қаржыдан өз үлесін алғандардың бірі – Екпін ауылының тұрғыны Алмас Ахметкәрімов. Бұрын мемлекеттік қызметте жұмыс істеген жас жігіт ағасымен бірігіп, мал өсіруді жөн санапты. Әйтпесе, ағайынды жігіттердің бірі облыстық қаржы саласында қызмет істесе, бірі аудандық сотта жұмыс істеген. Атакәсіпке мемлекеттің ұшан-теңіз жағдай жасап отырғанын аңғарған жастар «Барқытбел несие» серіктестігімен тізе қосып, 55 миллион теңге қарыз алған. Олар бұл несиеге қол жеткізу үшін осы соманың 25 пайызына бара-бар дүние-мүліктерін кепілдікке қойыпты. Жоғарыда айтқан 1089 бас асыл тұқымды сиырдың 100 басы осы жастардың бағымында тұр.

– Әкемнің де шаруа қожалығы бар. Сондықтан жасымыздан мал көріп өстік. Осы саланың қыр-сырын жетік білеміз деуге болады. Біз бір жарым жасар аналық малдарды әкелдік. Көктемге дейін осы ауылда бағамыз да, сәуірге қарай басқа қыстаққа орын ауыстырамыз. Жайлауы да бөлек, – дейді Алмас Ахметкәрімұлы.

Өткен жылы мұндай тиімділікті бұдан бөлек 14 шаруа қожалық көріпті. «Сыбаға» бағдарламасының тағы бір ерекшелігі – екі жылдан кейін алғашқы қарызды қайтара бастайды. 14 пайыздық үстемеақының 10 пайызы мемлекет есебінен қайтарылатынын ескерсек, кәсіпкер небары 4 пайыз өсім мен негізгі соманы қайтарады.

Тарбағатайлық кәсіпкерлердің Қосағаш өңіріне жол тартуының негізгі себептерінің тағы бірі – жер жағдайы мен климатының сәйкес келуінде жатыр. Жаз жайлауы күдірлі келетін Тарбағатай тауына герефорд, ангус сынды салмақты сиырлардың жүріп-тұруы қиындап кететін көрінеді.

2011 жылы «Сыбаға» бағдарламасы алғаш қолға алынған кезде еліміз көлемінде бірінші болып несиені Ойшілік ауылында тұратын «Айша» шаруа қожалығы алыпты. Сол кезде іргетасын қалаған аталмыш несие серіктестігі бүгінге дейін алдыңғы қатарда жұмыс істеп келеді. Мұндай несие серіктестіктен өңірімізде 16-сы бар болса, ең белсенді жұмыс істеп келе жатқаны да, мүше санының ең көбі де – осы «Барқытбел несие».

Мұратхан Кенжеханұлы
Тарбағатай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button