Қоғам

Ең үлкен қарбыз – Күршімде

Өскеменде тұңғыш рет «Қарбыз party» фестивалі өтті. Конституция күні мерекесіне орай ауылшаруашылық өнімдері мен туризм саласын дамыту мақсатында ұйымдастырылған шараға қала әкімдігі мұрындық болды.

Бұл күні Металлургтер мәдениет үйінің алдында инешаншыр орын болмады. Қарбыздың отаны саналатын Күршім ауданынан тартып, Үржар, Зайсан, Тарбағатай сияқты оңтүстік аудандардың ала жаздай «ала доппен» алысқан бағбандары жиналыпты мұнда. Олардан бөлек тұңғыш фестивальді тамашалауға келген өскемендіктердің де қарасы аз болмады.

– Фестивальді қаламызда алғаш рет өткізіп отырмыз. Жиылған жұртқа қарап-ақ, шараның өте қызықты әрі ерекше өтіп жатқанына көз жеткізуге болады. Бұл кешті өткізуіміздің басты себебі қала тұрғындары мен қонақтарына ауылдың дәмін татыру болды, – деп атап өткен қала әкімі Жақсылық Омар бұл шараның алдағы уақытта тағы да өткізілетінін жеткізді.

Фестивальға қатысқан алты ауданнан 20 тонна қарбыз келді. Сондай-ақ фестиваль барысында қарбыздан көздің жауын аларлық мүсіндер жасалып, шөлді басар алуан түрлі сусын әзірленді. Солардың бірі – қарбыздан әдемі раушан гүлін ойған З.Ахметов атындағы №16 мектептің өкілдері.

– Осындай іс-шараға қатысқанымызға өте қуаныштымыз. Карвинг өнеріне біздің мектеп те өз үлесін қосты. Бір күнімізді қиып, қарбыздан түрлі туынды жасадық, – дейді №16 мектептің технология пәнінің мұғалімі Сара Көккөзова.

Айтпақшы, «Қарбыз party» фестивалінің сәнін «Ең үлкен қарбыз», «Арқан тартыс», «Тағы бір тілімі кімге?», «Қарбыз жайлы кім біледі?», «Шахмат», «Епті қарбыз» және т.б. спорттық-зияткерлік ойындар кіргізді. Ойын жеңімпаздары смарт сағат, караоке микрофон сынды бағалы сыйлықтармен марапатталды. «Ең үлкен қарбыз» аталымында бақ сынаған бағбандар арасынан Күршімдегі «Мұхамеджанов» шаруа қожалығының өкілі озып шықты. Аталған қожалықта өсірілген қарбыздың келісі 21 келіден асып түсті.

– Қарбыздың дәмді әрі көлемді болуы дәнге емес, бізге де емес, табиғатқа байланысты деп есептеймін. Жиылғандардың бәрі «Күршімнің қарбызы қай тұста сатылып жатыр?» деп сұрап жатқандар көп, бұған біз өте қуаныштымыз, – дейді ең үлкен қарбыз өсірген Сағатбек Мұхамеджанов.

«Қарбыз party»  мерекесінде «Нон-стоп», «Арабеск», «Бест войс» шығармашылық топтары мен Ш.Мұхамедқалиев, Ф.Исмаилов, А.Қуанышева сынды жас өнерпаздар өнер көрсетті.

– Фестивальға ұлымыз екеуіміз келдік. Қарбыз алдық. Әлеуметтік желілерден осындай шараның өтетіні жайлы оқыған болатынбыз. Келіп көрейікші деп, міне, енді шараның қызығына тоймай жүрміз. Мерекелік көңіл-күй сезіліп тұр, – деді қала тұрғыны Сая Күлетаева.

Аталмыш шарадан кейін Күршім әкімі Д.Қажанов «Қарбыз party» фестивалін енді Күршім ауданында өткізуді жоспарлап отырғанын айтты.

Айтпақшы, бұл шараны Күршімде өткізу туралы әлеуметтік желі қолданушылары тарапынан ұсыныстар көптеп айтылып жатыр. Соның бірі, белгілі журналист Дарын Нұрсапар Фейсбук желісіндегі жеке парақшасында «Қарбыз fest» Өскеменде емес, Күршімде өтсе деп ойлаймын» деген жазба қалдырған еді. Сол жазбасында журналист: «Күршімнің қарбызы деген керемет бренд бар. Бәрінің мақтағаны – Күршімнің қарбызы, бәрінің іздегені – Күршімнің қарбызы. Басқа жақтан келген қарбыз тіпті еленбейді де. Енді осы брендтің даңқын одан ары асыра түссе…

Немістер сыра мейрамын үлкен әлемдік тойға айналдырғаны сияқты, Күршімде Қарбыз мейрамын жыл сайын тамызда дүркіретіп өткізуге болар еді. Қарбыз мейрамында концерт, шоу, байқаулар мен жарыстардың барлығының форматын өзгертіп, бүкіл келген қонақтар қатыса алатындай қылса. Ең үлкен қарбыз өсірген адам, ең көп қарбыз жеген адам, ең көп қарбыз көтерген адам, Күршімнің қарбызы туралы ән, айта берсең көп қой. Келген қонақтың бәрі бағалы сыйлықтарға қарық болып, fest екі-үш күнге созылса. Бұл ауыл шаруашылығына үлкен жарнама және маркетинг жағынан демеу болар еді. Сөйтіп, Күршімдегі «Қарбыз fest» нағыз халықтық мерекеге айналса деген тілек бар…» деп жазған.

Балауса Қожаева

Осы айдарда

Back to top button