Қоғам

ҮЕҰ өкілдері мемлекеттік тілді тегін үйренбеді

ҮЕҰ өкілдері мемлекеттік тілді тегін үйренбеді


Енді мемлекеттік тіл саясатын кеңінен насихаттауға ҮЕҰ өкілдері де атсалыспақ. Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма өңірдегі ҮЕҰ тарапынан жасалған ұсыныстар мен жобаларға қолдау көрсетуге әзір. Бұл туралы аталған басқарма басшысы Жомарт Шаймарданов өңірдегі ҮЕҰ өкілдерімен серіктестікті нығайтуға байланысты өткен кездесуінде айтты.

Үкіметтік емес ұйымдардың билік пен халықтың арасындағы дәнекер екенін ешкім де жоққа шығармайды. Тұрғындардың өзекті мәселелерін шешуде үкіметтік емес ұйымдардың атқарып отырған шаруалары орасан зор. Десе де еліміздегі мемлекеттік тіл саясатын насихаттауға келгенде осы ҮЕҰ-ның үні көп шыға бермейтіні рас. Мұны кездесуде облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Жомарт Шаймарданов та ерекше атап айтты. Міне, қазіргі таңда «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының» үшінші кезеңі жүзеге асырылуда. Ендеше осынау бағдарламаның маңызды кезеңін жүзеге асыруда үкіметтік емес ұйымдармен қоян-қолтық неге жұмыс істемеске? Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы ҮЕҰ өкілдеріне ең алдымен «Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының» аймақта іске асырылу барысы туралы ақпарат берді. Оның айтуынша, қазір облыста 12 мемлекеттік тілді оқыту орталығы бар. Өткен 2017 жылы осы орталықтарда 3709 адам мемлекеттік тілді үйренген. Оның 1133-і мемлекеттік қызметшілер болса, 1712-сі бюджет қызметкерлері. Ал «Тілашар» курсына барлығы 864 тұрғын тартылған. Сонымен қатар, мекемелер мен кәсіпорындар жанынан құрылған 547 үйірмелерге 20 мың адам қатысып, мемлекеттік тілді үйреніпті. «Учимся говорить по-казахский» сайтының көмегімен қашықтан оқу әдісі арқылы 3200 адам мемлекеттік тілдің әліппесін меңгеріпті. Жалпы, өткен жылдың қазан-қараша айларында облыстағы тілдік саясатқа байланысты айрнайы әлеуметтік зерттеу жүргізілген.
Зерттеу нәтижесінде мемлекеттік тілді білетін ересек тұрғындардың үлесі 79,1 пайызды құраса, ағылшын тілін білетіндердің үлесі 4,1 пайызды, ал үш тілді білетіндердің үлесі 3,6 пайызды құрапты.

Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Ж. Шаймарданов өз сөзінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында айтылған мәселелерге де тоқталды. Аудандар мен қалаларда арнайы жұмыс тобы құрылып, облыс бойынша әртүрлі форматтағы 210 шара өткізіліпті. Ал қазақ тілін жаңа латын әліпбиіне көшіруге байланысты өткізілген шараларға А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты қызметкерлері, филология ғылымдарының докторы, профессор Әлімхан Жүнісбек, Бағдан Момынова, Ғарифолла Әнес секілді ғалымдар шақырылыпты.

2017 жылы үш мектеп, 25 көше, үш елді-мекен мен бір ауылдық округтің атауы өзгертілген екен. Қазіргі таңда өңірімізде тұратын 11 этнос өздерінің ана тілін оқып-үйренуде.

– Бір байқағанымыз, жыл сайын өз тілін оқып-үйренуге ниет білдірген этностардың қатары азайып барады. Бұрын олардың саны 14 болса, қазір 11-ге азайып. Бұл – біздің кінәміз емес, біз этностардың өз тілін оқып-үйренуіне барлық жағдайды жасап отырмыз, – деді облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Ж.Шаймарданов. Кездесу барысында Шығыс Қазақстан лингвистикалық орталығы директорының орынбасары Бақыт Шүкеева қатысушыларға мемлекеттік тілді деңгейлеп оқытудың типтік бағдарламасымен таныстырса, орталықтың әдіскері Арай Мурсалимова А1 деңгейі бойынша тілді меңгертудің әдіс-тәсілдерін көрсетіп, шағын панорамалық сабақ өткізді.

Бір атап айтарлығы, 14 мамырдан бастап «Тілге құрмет – елге құрмет» акциясы аясында А1 деңгейінде мемлекеттік тілді үйренуге ниет білдірген ҮЕҰ өкілдері үшін тегін 10 күндік оқыту курсы басталды. Шараның мақсаты – азаматтық сектор өкілдерін мемлекеттік тілді оқуға тарту. 10 күндік аясында мемлекеттік тілді оқуға ниет білдірген ҮЕҰ өкілдері тегін қазақ тілін оқыту курсына қатыса алады.

– Бұл ҮЕҰ өкілдері үшін өте тамаша мүмкіндік. Мен өзімнің әріптестерімді мемлекеттік тілді үйрететін курсқа қатысуға міндетті түрде шақыратын боламын, – дейді «Тринта» үкіметтік емес ұйымының жобалар жөніндегі менеджері Евгения Шрейбер.

Мейрамтай Иманғали
Мақала облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың тапсырысымен әзірленді

Осы айдарда

Back to top button