Ең биікте орналасқан мешіт ашылды
Катонқарағай өңірінде келушілерге еліміздегі ең биікте орналасқан мешіт есігін айқара ашты.
Меккедегі Қағба мешітінен тура жеті мың шақырым қашықтықта орын тепкен Алла үйі теңіз деңгейінен 1760 метр биіктікте салыныпты. «Әл-Құдыс» деп аталатын мешіт Рахман қайнары шипажайының аумағында, Мұзтаудың баурайында орналасқан.
Мешіттің ашылу салтанатында Өскемен қаласы орталық мешітінің бас имамы Рауан қажы жиналғандарды айтулы шарамен құттықтап, артынша алғашқы намаз оқылды.
Биіктігі 15 метрді құрайтын «Әл-Құдыс» мешіті Орталық Азия мен Иранның мешіт салу дәстүрлері бойынша тұрғызылған. Мамандардың айтуынша, кейбір құрылыс материалдары арнайы Хорезмнен әкелінген. Мешіттің салынуына «БИПЭК Авто-Азия Авто» компаниялар тобы мен 11 меценат қолдау көрсеткенін айта кеткен жөн.
Нұржан Кенжеұлы