Аймақтар аухалы

«Еңбектің» нәтижесі болуы тиіс

Биыл «Еңбек» бағдарламасы аясында жұмыспен қамтылғандар үлесі Өскеменде 56 пайызды, Семейде 47 пайызды, Риддерде 49 пайызды, ал Зайсан ауданында 34 пайызды ғана құрап отыр. Курстардан өтушілер мемлекет есебінен шәкіртақы алып, үш ай бойы тегін білім алған, кәсіп меңгерген. Алайда олар еңбек нарығында сұранысқа ие бола алмай келеді.

Бұл мәселе «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналғанбағдарламасының Шығыс Қазақстандағы жүзеге асырылу барысыталқыға салынған облыс әкімдігінің кезекті мәжілісіндесөз болды.

Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Тимур Жігітаевтың айтуынша, биыл аталмыш бағдарлама аясында өңірімізге 8,8 миллиард теңге бөлініпті. Оның 7,1 миллиард теңгесі бүгінге дейін игерілген, бұл жалпы қаражаттың 98 пайызын құрайды. Мамандар қаржы жыл соңына дейін толық игеріліп бітеді деп отыр.

Аталған бағдарламаның бірінші бағыты тұрғындарды оқытуды, курстардан өткізуді қарастырады. Қазірге дейін өңірдегі 42 колледждің базасында 1709 адам оқытылған. Атап өтерлігі, олардың 42 пайызы – жетімдер, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың мүшелері, атаулы әлеуметтік көмекті алушылар, мүгедектер.

Сонымен қатар 4600 адамды қысқамерзімді курстардан өткізу жоспарланған-ды. Олардың 2400-і қазір оқуларын аяқтаған, 1500-і жұмыспен қамтылыпты.

Бағдарламының екінші бағыты кәсіпкерлікті қолдау шараларын қарастырады. Бұл мақсаттарға осы жылға 3,3 миллиард теңге қаражат бөлінген екен. Қаржы, негізінен, өз кәсібін ашқандарды несиелендіруге және кепілдендіруге кетіпті.

Бұдан бөлек, «Бастау-бизнес» жобасыаясында облыста 2500 адам арнайы оқытылып, сертификат алып отыр. Ал «Жас кәсіпкер» жобасы бойынша 1300 тұрғынды оқыту көзделсе, қазір олардың 1074-і оқуларын аяқтады. Білім алып шыққандардың 1015-і кәсіп ашу үшін 1 миллиард 300 миллион теңгенің гранттарын алған.

Атап өтерлігі, биыл курстарды бітірген төрт мыңнан астам адамныңішінде жұмыспен қамтылғандар үлесі аз. Облыс әкімі Даниал Ахметов оның себебін жауапты мамандардан сұрады.

–Мәселені шешу үшін аудан-қалалардағы жұмыспен қамту бөлімдеріне арнайы тапсырма берілді, – деді Тимур Жігітаев.

– Біз жыл басында жұмыспен қамту басқармасына 180 адамды оқыта алатынымызды айтқанбыз. Ал басқарма бізге 864 адамды ұсынды. Бұл – өте көп. Тағы бір айта кетерлігі, ұсынылған адамдардың көбі маникюр, бет әрлеуші, бухгалтер сынды мамандықтарды оқығысы келеді. Кейін оларға жұмыс табылуы қиын. Ал бізге, негізінен, автобус, трамвай жүргізушілері, тас қалаушылар жетпей жатыр, – деді Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар.

Облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова аса қажетті мамандарды оқыту үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне квота бөлу жайында бірнеше мәрте хат жазылғанын айтты.

– Бізге мыңдаған тас қалаушы, дәнекерлеуші сынды жұмысшы мамандар жетпей жатыр. Ал сіздер тапсырма берілді, хат жазып жатырмыз дейсіздер, – деген облыс әкімі Даниал Ахметов осы ұсыныспен Премьер-Министрге өзі баратынын айтты. Сондай-ақ ол гранттар, негізінен,әлеуметтік жағдайы төмен және көпбалалы отбасыларға, жастарға бөлінуі тиіс екенін айтып, алдағы айда гранттардың неліктен тиімсіз бөлініп жатқанын жауапты тұлғалармен талқылайтынын да ескертті.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button