Қоғам

Еңбегін еліне арнап келеді

– Осы ауданның тумасы болсам да, Шемонайхада біраз жыл жолдасым екеуіміз жұмыс істедік. Қазақтілді адамдарға өзге ұлттардың арасында қызмет ету оңай емес. Дегенмен, сол ауданда жүріп, әкімдікте мемлекеттік тілге жетекшілік еттім. Кейін жолдасымның жұмысына байланысты өзіміздің туып-өскен Үржарымызға қайтып оралдық, – дейді аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Аида Микенова.

Мақтағанымыз емес, Аида Болатханқызы батыр Қабанбай бабамыздың ұрпағы болып келеді. Туған жері – Алакөлдің жағасындағы бұрынғы Жарбұлақ, қазіргі Қабанбай елді мекені. Сонда және өңіріміздегі Ақшоқы ауылында орта мектепті тәмамдап, Семейдегі Шәкәрім атындағы университетті бітірді. Жоғары оқу орнын аяқтаған соң, тұрмысқа шығып, Шемонайха ауданында қызметте болды. Сол ауданда біраз жыл мемлекеттік тілдің қанат жаюына, өсіп-өркендеуіне шамасы келгенше септігін тигізді. Әкімдікте қызмет етумен қатар, қазақ тілін өзге ұлттарға оқытуды мақсат етіп, үйірме ұйымдастырды. Аптасына екі рет жұмыстан кейін бірнеше сағат әкімдікте істейтіндерді жиналыс залына отырғызып, қазақ тілінен сабақ беріп жүрді. Бір күні аудан әкімі Григорий Акулов оның аппарат қызметкерлеріне қазақ тілінен сабақ беріп жатқанын байқап қалып, артынан мақтағаны бар.

Қалай десек те, бұл да ізденіске толы қызық күндер еді. Осының бәрі оның тәжірибе жинауына, тіл саласында жұмыс жүргізуіне ынтасын арттырып, жетілуіне көп әсерін тигізді. Сондай-ақ  іс-шараларды жоспарлап, жоғары деңгейде ұйымдастырудың әдіс-тәсілдеріне шеберленіп, айтарлықтай жақсы меңгерді. Сол кездегі өзге ұлттардың алдында ұят болмасыншы деп қысылып жүріп оқып-тоқығаны, жаттыққаны қазір жұмысына көп көмек болуда.

– Қазіргі жұмысым шығармашылыққа жақын. Мұнда іс-шараларды жоспарлаумен қатар, көрерменнің көңілінен шығатындай етіп ұйымдастыру керек. Мысалы, жуықта Зейнолла Сәнік қорымен бірлесіп өткізген Ақберен Елгезектің шығармашылық кешін айтуыма болады. Сонымен қатар, былтыр Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің шығармашылық кешін де қалың көрермен алдында жоғары деңгейде өткіздік. Ауданымызға жыл сайын қаншама ақын-жазушылар, өнер майталмандары көптеп келіп жатады. Бұған өңірімізде шипалы Алакөлдің орналасуы да ықпалын тигізуде. Бұл іс-шаралардан басқа, мемлекеттік мерекелерді қосыңыз. Әсірелеп айтсам, бізге кейде түшкіруге уақыт жоқ. Алда Президент күні мен Тәуелсіздік мерекесі келе жатыр. Қазір оған  қызу дайындық үстіндеміз. Қайда жүрсем де, не істесем де, «бар еңбегім – еліме» деген ой әрдайым көкірегімде жүреді, – дейді Аида Болатханқызы.

Айталық, Президент күніне орай аудан көркемөнерпаздарының күшімен үлкен концерттік бағдарлама ұйымдастырылуда. Бұл концерт толығымен патриоттық өлеңдер мен әндерден тұрады. Сондай-ақ осы мереке негізінде ән-жыр байқауын да өткізу межеленіп отыр. Дегенмен, қазіргі жағдайға байланысты мұның барлығы онлайн тәсілімен жүргізілмек.

Атап өтерлігі, Аида Микенова жауапты маман ғана емес, сонымен бірге адал жар, көпбалалы ана. Жолдасы екеуі бес жеткіншекті тәрбиелеп, өсіріп келеді.

Бейсенғазы Ұлықбек

Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button