Экономика

Ең бастысы – тұрақты өсімді қамтамасыз ету

Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының аймақтың өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы мен алда тұрған міндеттері турасындағы есепті жиынында облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ 2013 жылы облыс экономикасының өсімін былтырғы деңгейде сақтай отырып, оны 7 пайыздан 8 пайызға жеткізу міндетін алға қойды.

Ең бастысы – тұрақты өсімді қамтамасыз ету

Рейтинг қағаз үшін керек емес

Баяндама жасаған облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы Елена Ясинская 2012 жылы өңір экономикасы 7 пайызға дейін өсіп, аймақта 1,7 триллион теңгенің өнімі шығарылғанын, әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық көрсеткіштері бойынша облыс өткен жылды айтарлықтай жетістікпен аяқтағанын жеткізді.

Облыстың экономикалық әлеуетін толық пайдаланып, өндірістің одан ары қарайғы тұрақты өсімін қамтамасыз ету үшін ішкі резервтерді пайдалану шараларының жоспары жасалынып, жүзеге асырылуда. Онда өңір кәсіпорындарын минералдық-шикізат базасымен қамту, өндірістерді техникалық жағынан қайта жарақтандыру, кадрлардың білім деңгейін көтеру сияқты бірқатар мәселелер қамтылып отыр. Сонымен қатар, Елена Ясинская аудан, қала әкімдерінің нақты секторды дамытып, резервтерді пайдалануға немқұрайлы қарап отырғанын айтты.

Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы аймақтарды дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған бағдарламасын жүзеге асыру тәрізді әлеуметтік-экономикалық дамудың басты алты бағытын қамтитын бұрнағы жылғы аудан әкімдіктері жұмысының көрсеткіштері арасында Абай, Ұлан, Шемонайха, Катонқарағай аудандарының ең соңында тұрғанын атап айтты. Өткен жылдыкі алдағы уақытта қорытындыланбақ.

– Облыстың әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі, көрсеткіші тұрақты болғанымен үш көрсеткіш бойынша орта республикалық көрсеткіштен сәл де болса қалыс қалып отырмыз. 11 ай бойы өсіп, жоғары болып келе жатқан әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің жыл соңында бұлайша төмендеп кетуі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы тарапынан тиісті қадағалаудың жоқтығын көрсетеді. Оның төмендеп бара жатуы салдарына үңіліп, талдап, дер кезінде қимылдауларыңыз керек. Ол жоқ. Қараңыз, белсенді кәсіпорындар саны тоғыз ай бойы артып келе жатып, жыл соңында төмендеп кеткен. Неліктен осылай болды? Мән-жайды өнеркәсіп және кәсіпкерлік басқармасынан біліп, анықтап, бірлесіп алдын алу шараларын жасау керек болатын. Инвестиция тарту да солай. Бірінші, екінші тоқсандарда өскенімен соңғы тоқсандарда кеміп кетіп отыр. Онымен қоса өсімі мен көлемі сәйкес келмейді, 2,3 тоқсандарда 28-63 млрд. теңге тартылса, үшінші тоқсанда 107 млрд. теңге делініп отыр. Мұны қалай түсінуге болады? Тұрғын үйлерді пайдалануға беру бойынша да осындай жағдай. Төртінші тоқсандарда төмендеп кеткен.

Орта республикалық көрсеткіштен төмен. Рейтинг бойынша да дәл осылай. Бұл аудан, бұл қала неге үнемі соңғы орындарда қалып отыр? Оны алдыға апаратын қандай ішкі мүмкіндіктер, резервтер бар? Осыны талдау керек. Рейтинг қағаз үшін керек емес, ауданның артта қалып отыруының себебін талқылап, мүмкіндігін қарастырып, аудан, қалаларға барып, мәселені арнайы кеңесте қарау керек, – деген аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы Е.Ясинскаяға әкімдіктегі негізгі, басты үйлестіруші басқарма болып саналатын бұл мекеменің аудан, қала әкімдіктерімен тығыз байланыста жұмыс істеп, проблемалардың туындау себебін анықтап, қалыптасып отырған әлеуметтік-экономикалық ахуалды ұдайы бағамдап, қадағалап отыруы қажеттігін баса ескертті.

Шығындарды шектеп, инвестиция тарту қажет

Былтыр облыста құрылған тірек ауылдарын дамытудың үш жылға арналған бағдарламасы басталды. Аудандардағы тірек ауылдарын өркендету бойынша 822 жоба жасалғанымен, жүзеге асқаны – 673. 139 жоба жүзеге аспай қалған. 10-ы биылға қалдырылып отыр.

– Тірек ауылдарының 21-інің ғана бас жоспары жасалынған. Абай, Тарбағатай, Үржар аудандарындағы 8 ауылдың бас жоспарына биыл қаржы қарастырылмаған. Тірек ауылдарын құрудағы негізгі мақсаттың бірі – жұмыс орындарын ашу болса, 3490 жұмыс орнын ашу жоспары 92 пайыз ғана орындалып отыр. Абай, Аягөз, Көкпекті, Зырян аудандары мен Семей қаласы әкімдіктері жұмыс орындарын ашу туралы міндеттемелерін орындай алған жоқ. Көкпекті, Глубокое, Жарма, Катонқарағай аудандары тірек ауылдарындағы нақты секторды дамытуға орай берген алғашқы жоспарларын бекіте алмады, – деді Е.Ясинская.

– Басты мәселенің бірі – қаржыны үнемдеу. Президент бұл мәселені үнемі тапсырып келеді. Бұл әсіресе, құрылыс басқармасына қатысты. Өйткені бұл басқармадағылар үнемдеудің не екенін ұғып болмай отыр. Бюджеттен бөлінген әр тиынды үнемдеп, ұқыптап жұмсауды үнемі айтып келе жатырмын. Басқарма жобалық-сметалық құжаттарды жасау кезінде құрылыс материалдарына кететін шығынды азайтудың шараларын қарастырмайды. Басқарма тіпті, бәсекелестікті қорғау департаменті арқылы кеше 10 теңге тұрған кірпіштің бүгін неге 20 теңге болғанын анықтап, біліп, нарықтағы бағаның шынайылығын бақылауға қауқарсыз болып отыр. Өндірушілер сұраныс болса болды деп қымбаттатудан танбауда. Қай нысанға болмасын бөлініп жатқан қаржының басым бөлігін республика, облыс бюджеті құрайды, бәрі де мемлекеттік бағдарламалар. Аудан әкімдері тірек ауылдарын да тек көркейтумен ғана шектеліп қалып жатыр.

Жаңа айтылып жатқандай, тірек ауылдары бойынша жоспарланған жобалардың орындалғандарынан, орындалмағандары көп. Аудан әкімдері мынандай қаржы тартам деп, құр ұрандатуды әдетке айналдырды. Ақыр аяғында орындай алмай отыр. Инвестиция тартудың жолдарын білмейтін, қарастырмайтын, қол қусырып отырған әкімдер көп. Әкімдер аудан бюджетін жасауда министрліктермен байланыспайды да. Тіпті Экономика, Қаржы министрліктерінің есігін ашып көрмегендері бар. Олар үшін жұмысты облыс басқармалары, басқа біреулер атқаруда, – деді облыс Әкімі.

Бердібек САПАРБАЕВ жиынды қорытындылай келе:

– Жалпы алғанда өткен жылғы көрсеткіштер жаман емес, әлеуметтік-экономикалық жағынан облыс тұрақты дамып келеді, бұл басқарманың жан-жақты жұмысының нәтижесі деп бағалауға болады. Алдағы міндет облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтере беру. Былтырғы экономикалық өсу деңгейін сақтап, биыл 8 пайызға дейін өсіруіміз керек. Кеше өткен «Қазақстан – 2050» Стратегиясының міндеттерін іске асыру мәселесіне арналған кеңесте Президент жұмыспен қамтудан кейінгі екінші басты мәселе – экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз ету екенін атап айтқанын білесіздер. Сол үшін үнемі талдау жасап отыру керек, одан соң есеп болу керек.

Бюджеттің кірісін қамтамасыз етудің мүмкіндіктерін қарастыру қажет. Жерді толық пайдаланып, жерді сату аукциондарын өткізуді қолға алуды айтып келе жатырмын, қазіргі түсіп отырған мардымсыз қаржының орнына жүздеген миллион теңге табуға болар еді. Көліктерді, мүлікті тіркеуден, есепке алудан түсетін қаржы да бүгінгіден әлдеқайда көп. Бюджетті нақтылауды жүйелі жүргізу қажет. Басқарма аудан әкімдіктерінің даму институттарымен жұмыс жүргізуін ұйымдастыруы керек. Сонымен бірге ай сайын аудандарға, қалаларға барып экономикалық көрсеткіштердің өсімі мен көлемін талдап, қадағалап отыру қажет. Мемлекет және жекеменшік серіктестігі деген облыста мүлде жоқ. Аты дардай жобалар ғана бар, алдымен шағын жобалардан бастау керек. Кеше Президент қаржының алдымен апатты жағдайдағы мектептерді жөндеуге, инфрақұрылымдарға бөлінетінін айтты. Ол бойынша құрылыс басқармасына тапсырма берілді. Жол бойынша төрт бағыт бар. Бүгін мен Көлік министрімен сөйлестім, сол бағыттың бірі – Шығыс.

Енді қай жолды жөндеуге, қанша қаржы керектігін құжатқа тізіп, министрлікке өткізу керек. Барлық сала басқармалары мен әкімдіктер бір айдың ішінде тиісті құжаттарды дайындап, бекітуге ұсынатын болсын.Туризмді, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртуды пысықтап, жүйелеуіміз керек, – деп биыл қолға алынуы тиіс қадау-қадау мәселелерді қысқаша талдап, олардың орындалуын экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығына, облыс Әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағановқа тапсырды.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button