Қоғам

Ең бастысы сананы тәрбиелеу керек

2019 жылы облыстағы мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінде сыбайлас жемқорлық қатерлеріне 20 сыртқы талдау жүргізіліп, 135 ұсыным берілді, қазіргі уақытта олардың 105-і орындалған. Сыбайлас жемқорлықтың негізгі қауіптері нормативтік құқықтық актілерде, персоналды басқаруда, мүдделер қақтығысында екені анықталды.Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет әшкерелеген 161 қылмыстың 85 пайызы «бармақ басты, көз қысты»  әрекеттің салдарынан болған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жаңа сервистік орталығындаШығыс Қазақстан облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Ерлан Жалмағамбет департаменттің қызметі және өткен жылғы жұмыс нәтижелері туралы айтып берді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы атап өткендей, арнайы мониторингтік топтың рөлі қоғамдық сананың өзгеруіне ықпал етеді және азаматтық қоғам мен мемлекеттік аппарат арасындағы байланыс болып табылады. Ашықтықты арттыру үшін арнайы мониторингтік топтың мүшелері магистрлік және докторлық бағдарламаларға түсу кезінде, жүргізуші куәлігін алу үшін емтихан комиссиясына, кешенді тестілеуге қатысады. Қоғам өкілдері жөнделетін жолдардың сапасын, инфрақұрылымдық жобалардың орындалуын тексереді. Сонымен бірге  қоғамдық бақылауды күшейту және арнайы мониторингтік топтардың әлеуетін толық пайдалану мәселесі де күн тәртібінен түспей тұр.

Шығыс Қазақстан облысындағы «Қоғамдық бақылаудың интерактивті картасы» жобасы аясында 1507 мемлекеттік ұйым өздерінің бюджеті туралы ақпарат таратқан. Азаматтар нақты уақыт режимінде қаражаттың жұмсалуын бақылай алады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет сонымен қатар инвесторлар мен кәсіпкерлердің құқығын қорғау бойынша жобаны жүзеге асыруда.

-Біз жеке кәсіпкерлер тарапынан түскен кез келген арыз-шағымды дереу қараймыз. Өткен жылы бизнесмендерден түскен шағымдардың 90 пайызы оң шешімін тапты. 21 жеке кәсіпкердің құқығы қорғалды. 16 адам тәртіптік жауапқа шақырылса, жеті адам әкімшілік жауапқа тартылды. Лауазымды тұлғалардың бизнеске заңсыз араласуының 20 фактісі әшкереленіп, нәтижесінде он тұлға жауапқа тартылды, – деді департамент басшысы.

2019  жылы департамент қызметкерлері барлығы 161 қылмысты тіркесе, олардың 85 пайызы сыбайлас жемқорлыққа қатысты жасалған. Негізінен парақорлық, жымқыру және қызмет бабын асыра пайдалану фактілері анықталыпты. Осы заңбұзушылықтардың салдарынан келген 502 млн. теңге шығынның 61 пайызы қайтарылды.

Департамент басшысының айтуынша, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте  басты назар алдын алу шараларына, сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы тәрбиелеуге бағытталған. Ерлан Жалмағамбет осы орайда тұрғындар да өздері куә болған жемқорлық фактілері туралы хабарлауға болатынын ескертті. Ақпарат расталған жағдайда ақшалай сыйақы төленеді.

Есеп беру жиналысында «Шығыс – адалдық алаңы» жобасының жетекшісі Елена Березинская-Абилова, арнайы мониторинг топ жетекшісі Станислав Каримов  және облыстық ақпараттық-насихат штабының басшысы Арайлым Есімбекова атқарылған жұмыстар жайлы айтты.

Кездесу соңында Е.Жалмағамбет белсенді азаматтық ұстанымы және елдің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының негізгі бағыттарын түсіндіргені үшін аймақтық жоғары оқу орындарының ректорларына, қоғам және БАҚ өкілдеріне Алғыс хаттар табыс етті.

Сонымен қатардепартамент басшысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев пен облыс әкімі Даниал Ахметовтің қолдауымен білім беру мекемесінің негізінде сыбайлас жемқорлық проблемаларын зерттеу бойынша ғылыми-зерттеу орталығын құру қажеттілігін атап өтті.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button