Экономика

Ең қажетті азық-түлік қымбатқа сатылған

Ең қажетті азық-түлік қымбатқа сатылған
Облыс орталығында азық-түлік еліміздегі орташа бағадан 15-20 пайызға жоғары болып шықты. Өскемен қаласындағы «Дос-Нар», «Заречный» базарлары мен «Фрешмаркет» сауда үйіндегі бағаларды бағамдап қайтқан шаһар басшысы Жақсылық Омар алдағы уақытта саудагерлердің жұмысын бақылауға алмақшы.
Бұдан былай кәсіпкерлерге ет, сүт өнімдері, қант секілді әлеуметтік маңызды тауарлар тізіміндегі азық-түліктің бағасын негізсіз көтеруге жол берілмейді.
– Облыс орталығында айран, сүт, сарымай, ет және нанның бағасы республикалық көрсеткіштен жоғары екендігіне бүгінгі рейд барысында көзіміз жетіп отыр. Енді әлеуметтік азық-түлік бағасын ырықтандыруды назарға алу қажеттігі туындады. Сондықтан арнайы штаб құрамыз, олар апта сайын баға мониторингін жасап, оның көтерілмеуін қадағалайды,-деді Жақсылық Омар.
Жалпы, елімізде Үкімет бекіткен әлеуметтік азық-түліктің 19 түрі бар. Олардың қатарына бірінші қажеттіліктегі – қант, сүт, макарон өнімдері, қарақұмық жармасы, тұз сынды азық-түліктер жатады. Рейд барысында осы тізімдегі азық-түліктер 15-20 пайызға дейін үстеме бағамен сатылып жатқандығы мәлім болды. Мысалы «Дос-Нар» сауда орнында жұмсақ қаптамадағы айран 300 теңге тұрады, алайда әлеуметтік тізімдегі азық-түлік ретіндегі оның бағасы 234 теңге болуы тиіс. 85 теңгеден сатылуы тиіс картоптың бағасы 100 теңгеден жоғары. Жергілікті өндірушілердің өз өнімдерін қолжетімді бағамен сатуға арнап ашылған «Фрешмаркет» фермерлік гастрономы болса, бағытынан жаңылғанға ұқсайды. Осы мәселе қала әкімінің наразылығын тудырды.
– Инвесторлар үлкен мінберлерден дәл осы жерде төмен бағалар болады, жергілікті өндіруішлерге осылайша өз тауарларын сатуға мүмкіндік жасалады деп жар салған болатын. Ал бүгін оның кәдімгі супермаркетке айналғандығына куә болып отырмыз,-деді қала басшысы.
Сондай-ақ сауда орындарының сыртқы келбеті мен санитарлық жағдайы да сынға ұшырады. Тіпті, кей сатушылардың кейпі олардың санитарлық кітапшасы бар екендігіне күмән тудырады.
– Қазір еттің де, жеміс пен көкөністің де базарға ең көп ағылатын маусымы. Ал сауда орындарындағы жағдай көңіл құлазытады. Бағалар жоғары, тазалық нашар. Бұл жағдайды құрылған арнайы штаб қатаң бақылауға алатын болады. Әлеуметтік азық-түлік қатарына енетін тауарлардың бағасы әр апта сайын сарапталып отырады. Бағаның негізсіз өсуіне жол бермейміз,-деді Жақсылық Омар.
Аталған штабтың құрамына қоғамның белсенділері, депутаттар және «Нұр Отан» партиясының өкілдері кіреді.

Лаура Тілеубайқызы

Осы айдарда

Back to top button