Қоғам

ЕЛІМІЗДІҢ ДЗЮДОШЫЛАРЫ ЖЕКПЕ-ЖЕК САРАЙЫНДА БЕЛДЕСТІ

ЕЛІМІЗДІҢ ДЗЮДОШЫЛАРЫ ЖЕКПЕ-ЖЕК САРАЙЫНДА БЕЛДЕСТІ

Өскеменде жаңадан бой көтерген сәулетті нысандардың бірі – Жекпе-жек сарайында дзюдодан ерлер мен әйелдер арасында ел чемпионаты жалауын көтерді. Дүбірлі жарыстың ашылу салтантына облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ, Қазақстан Республикасы дзюдо федерациясының президенті Кеңес Рақышев және басқа да құрметті қонақтар қатысып, татами шеберлерінің өнерін тамашалады.

Айта кетейік, қазақ даласының әр қиырынан ат терлетіп келген 650-ге жуық балуан тұсауын кескен Жекпе-жек сарайының ресми түрдегі ашылу рәсімі әлі атап өтілмегенмен, негізгі құрылыс жұмыстары аяқталып, нысан жарыс өткізуге дайын болуына байланысты ел біріншілігі сияқты жауапты спорттық шараны өткізу міндеті біздің облысқа сеніп тапсырылған. Бес күнге созылатын бәсекені көздерімен көрген спорт мамандары мен мәртебелі меймандардың пікірінше, бұл міндетті біздің тарап жоғары деңгейде атқара алды. Ал Ертістің сол жағалауынан сән түзеген зәулім сарайға келсек, бүгінгі күннің спорт әлеміндегі барлық халықаралық талаптары ескеріле отырып салынған. Мыңнан артық жанкүйерді еркін қабылдайтын залда үш бірдей күрес кілемі қатар төселген. Татамидағы балуандардың әрбір қимылын қалт жібермей қадағалап, бейнетаспаға түсіріп отыратын заманауи аппаратура да бар. Төбеден төнген шамдар үлкен залдың ішін жарқыратып, сол жердегі жанкүйерлік еткен көпшілік қауымның жарысты айқын тамашалауына, сондай-ақ, жұмыс істеп жүрген телеоператорлар мен фото тілшілердің сапалы кадрлар түсіруіне мүмкіндік береді. Негізгі залдан бөлек мұнда қосымша тағы үш жаттығу залы, киініп-шешіну, жуыну бөлмелері бар. Қысқасы, жаңа ғимараттың әлеуеті жоғары деңгейдегі кез келген халықаралық сайыстарды өткізуге жетіп тұр. Әу баста нысанның құрылысы қолға алынғандағы жоспар да осы болатын. Бір қуаныштысы, спортшыларға есігін айқара ашқан кең сарай күрес түрлерінен бөлек, волейболшылар мен гандболшыларды қабылдауға қауқарлы. Қазіргі күні құрылысқа жауапты мердігер мекеме ғимараттың айналасын абаттандыру секілді кейбір ұсақ-түйек жұмыстарды жалғастыруда. Хош, сонымен облыс орталығын аламанға бөлеген спорт меркесіне келейік.

Қарашаның 15-20 аралығында өтетін ел чемпионатына 650-ге жуық дзюдошы, яғни, Астана мен Алматы қалаларынан, облыстардан ерлер және әйелдер құрамасы толық құраммен қатысты. Олар былтыр Талдықорғанда өткізілген дзюдодан ел біріншігілінің қорытындысы бойынша анықталды. Айталық, өткен жылғы жарыста 1-ден 6-орынға дейінгі командалар өз өңірлеріндегі чемпионатта 1-3 орын алған спортшыларын қатыстырса, 7-10 орындарға тұрақтаған ұжымдар әрбір салмақта 3 балуанын сайысқа қосты. Сол сияқты 11-14 орындардың өкілдері әр салмақта 2 спортшысын, 15-16 орындардікі әр салмақта 1 ғана спортшысын Өскеменге әкелді.

– Бұл чемпионаттың Шығыс Қазақстанда өткізілуі тегін емес. Біздің облыста әлемдік деңгейдегі сайыстарда жоғары жетістіктерге жеткен чемпиондар мен жүлдегерлердің бірнеше буыны тәрбиеленіп шыққан. Қазір өңірде 4 мыңнан астам адам дзюдо күресімен айналысады. Бүгінде аймақта бұл спорт түрімен шұғылданатындар үшін 700 зал жұмыс істесе, ол қатарға енді мынау Жекпе-жек сарайының қосылуы мүмкіндігімізді арттыра түсуде, – деп айтулы жарыстың ашылуында сөз сөйлеген облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ сайысқа сайланып келген саңлақтарға сәттілік тіледі.
Аймақ басшысының айтуынша, Шығыс Қазақстанда халықты бұқаралық спортқа тарту нәтижесі жылдан-жылға өсіп келеді. Айталық, дәл қазіргі уақытта олардың саны 330 мыңнан асып жығылған. Бұл жалпы өңір тұрғындарының 24,1 пайызын құрайды. Оған қоса 3 мың спорт нысаны, 20 мың жеткіншек тәрбиеленіп жатқан 34 балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебі жұмыс істейді. Бүгінге дейін 35 хоккей қорабы мен 2 жабық хоккей модулі қолданысқа берілсе, алдағы уақытта Риддер мен Зырян қалаларында тағы 2 модуль, Өскеменде Олимпиада чемпионы О.Рыпакова атындағы Жеңіл атлетика манежі, олимпиадалық суда жүзу бассейіні іске қосылмақ. Қазақ футболының жүз жылдық мерейтойына орайластырып облыс елді мекендерінде жүзден астам жасанды төсеніші бар шағын футбол алаңдары пайдалануға берілген.

Өз кезегінде мамандар мұндай нысандардың бой көтеріп, онда дүбірлі жарыстардың өткізілуі өңір спортының өркендеуіне, оған жастарды тартуға үлкен серпін беретінін айтады.

– Негізінен ел біріншіліктері ұлттық құрамаға спортшылар іріктеу мақсатында ұйымдастырылады. Бұл біздер үшін резервте жүрген, сондай-ақ, енді шығып келе жатқан жас спортшылардың қарым-қабілеттерін көріп, сынан өткізу болса, өңірлердегі жеткіншектер үшін еліміздегі әйгілі дзюдошыларды көзбен көріп, белдесулерін жақыннан тамашалауға берілген мүмкіндік. Алдыңғы буынның өнерінен үлгі-өнеге алған жас буын ертең өздері сондай болуға ұмтылып, спортқа қызығушылықтары жоғарылай түседі. Қазір біздің елдің 5 дзюдошысы әлемдегі үздік ондықтың қатарына еніп отыр. Олардың Өскеменге келуі жанкүйерлермен қоса балғын спортшыларға да үлкен қуаныш сыйлайды, – дейді ақпарат құралдарына берген сұхбатында еліміздің дзюдо федерациясының бас хатшысы Абай Қаймақов.

Чемпионаттың ресми ашылуы болған күні татамидегі ақтық белдесулерін дзюдодан әлем чемпионы Максим Раков (100 келіге дейінгі салмақта), 2011 жылғы Азия чемпионатының қола жүлдегері, Лондон Олимпиадасына қатысқан Ержан Шынкеев (100 келіден жоғары сламақта) өткізген-ді. Қарағандылық қос балуан да бұл сайыста қарсыластарын оңай ұтып, алтын медальмен бірге өздерінің мықтылықтарын тағы бір мәрте дәлелдеді. Естеріңізге сала кетейік, тап осы спорт түрінен талай байрақты бәсекелерде олжа салып, биіктен көрініп жүрген жерлесіміз, зайсандық дзюдошы Гүлжан Исанова денсаулығына байланысты қатыса алған жоқ. Есесіне, 100 келіден жоғары салмақта Ержандармен иық тірестіре күрескен шығысқазақстандық Дәурен Нұралинов қола медальға қол жеткізді. Ал 70 келіге дейінгі салмақта сынға түскен жерлесіміз Қалжан Тайжанова ақтық бәсекеде алматылық дзюдошы Зәмзәгүл Файзоллановадан басым түсіп, чемпионаттың алтын медалін иеленді.

Жарыс әлі жалғасуда. Қорытынды нәтижесі қарашаның 20-сы күні шығады.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button